Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі тұжырымдардың астарында, дәл қазіргі жағдайда, халқымыздың санасындағы «Дағдарыс» сөзін «Мүмкіндік» ұғымына біржолата ауыстыру уақыты келгенін меңзейтін ой жатыр. Әрине, бұл – аса батыл, қажетті әрі іске асуы тиіс мақсат.
Әлем бұрын-соңды болмаған қиындықтармен, тіпті экзистенциалды қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр десе де болады.
Арасы жарты жылдың ішінде жаһандық байланыстар үзілді, ұлттық экономикалар тұралады, халықаралық қарым-қатынастар күрделене түсті, өндіріс пен сұраныс көлемі құлдырау шегіне жетті. Қарапайым адамдардың өмір сүру қалыбы қайшылыққа ұшырады, әдепкі ой-сана құндылықтары тығырыққа тірелді.
Бір қарағанда бұл сынақтың ұшы-қиыры жоқтай көрінеді. Қазіргі уақытта халықаралық сарапшылар пандемиядан кейінгі экономикалық ахуалды 30-жылдардағы «ұлы депрессия» зардаптарымен немесе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі шетін жағдаймен қатар қоя бастады.
Жақында ғана америкалық саясаткер, дипломат Генри Киссинджер жазғандай: «COVID-19 толық аяқталғаннан кейін көптеген елдердегі жауапты мекемелер сәтсіздігі үшін аяусыз сынға ұшырайды. Коронавирустан кейінгі әлем енді бүгінгідей болмайды». Ойлантарлық жағдай.
Бірақ мұның да тығырықтан шығаратын жол емес екені ақиқат. Тығырықтан шығу үшін мемлекетке батыл әрі нақты прагматикалық шешімдер мен шұғыл рационалды іс-қимыл ауадай қажет болып тұр. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауын осы қажеттіліктің, тығырықтан шығу жолының жарқын көрінісі деуге толық негіз бар.
Президент Жолдауы – еліміздің мойнына түскен сынаққа мемлекеттің жауабы. Жаңа кезеңдегі тәуекелдер мен ауыртпалықтардың алдын алып, оларды еңсеруге бағытталған мемлекеттің кешенді жобасы.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында Қазақстанның пандемиядан кейінгі кезеңдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік күн тәртібін нақты әрі тұтастай бекітіп берді. Бұл құжат алдағы жылдары атқарылатын жедел іс-қимылдар мен оң өзгерістердің нақты алғышартына айналады.
Мемлекет басшысының Жолдаудағы айтылған негізгі міндеттер тізбесі Қазақстанның пандемиядан кейінгі кезеңдегі қалыбын айшықтап тұр. Яғни мемлекет:
бұдан әрі де әлеуметтік ұстаным дәстүрінен айнымайды;
саяси, экономикалық реформаларды жүзеге асырудағы сабақтастық үзілмей жалғасады;
заң үстемдігіне қол жеткізу басымдық болып қала береді;
жемқорлықпен күрес аяусыз жүргізіледі;
ең бастысы, мемлекеттің бірінші құндылығы оның қарапайым азаматтары дейтін қағида мызғымайды.
Тоқаев ұсынған орасан әлеуметтік көмектер пакеті жағдайдың күрделілігіне қарамастан, оны оңалтуға мемлекет ресурсының толық жеткілікті екенін анық аңғартады.
Ең бастысы Қазақстан Президентінің Жолдауында көтерілген және шұғыл шешілуі тиіс өзекті мәселелер алты ай төрт қабырғаның ортасында қамалып, фаталды үмітсіздік пен изоляциялық көңіл күйде отырған халқымызға үлкен демеу болды, үміттерін оятып, сенімдерін күшейтті. Себебі Президент Жолдауында еліміздегі кешенді, күрделі жобалардан бастап, қарапайым адамдардың күнделікті өмірдегі проблемаларына дейін қамтылған.
Мемлекет басшысы мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін жасап, оны біртіндеп енгізуді ұсынып отыр. Бұл да уақыт талабы. Осы мақсатта жаңа әлеуетті орган – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылатынын жария етті. Агенттік тікелей Президентке бағынатын болады. Өз басым, бұл бастаманы толықтай қолдаймын.
Себебі біріншіден, мемлекеттік басқару жүйесін реформалау ісі – мемлекеттік қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе.
Екіншіден, мұндай істі жекелеген құзырлы министрліктерге немесе әкімдіктерге тапсырып, «реформа жаса» деп қарап отыру, үдеріс барысында қарсылықтарға тап болуы, қайшылықтарға соқтыруы, тіпті түптің түбінде мүлде іске аспай қалуы да мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды.
Үшіншіден, жасыратыны жоқ, жылдар бойы өзінің әмбебап заңдылықтар жүйесі қалыптасқан, өздері үшін табиғи көрінетін жұмыспен айналысып отырған басқару құрылымдарына тек Президентке тікелей бағынышты орган ғана өзгеріс жасай алады.
Сондай-ақ бір мемлекеттік органды саяси лауазымдағы және әкімшілік лауазымдағы екі тұлғаның қатар басқаруы да көптен бері талқыға салынып келе жатқан жағдай болатын. Мемлекет басшысы жауапты хатшы лауазымын жойып, министрліктердің басқару жүйесіндегі екіұдайылыққа да нүкте қойды.
Мемлекеттік қызметкерлер санын бір жарым жылдың ішінде 25 пайызға қысқарту бастамасы да қажетті қадам. Қазіргідей электронды құжат жүйесі бар, цифрлы технологиялық дәуірде мекеме штаттарын жөнсіз ұлғайта беру де ақылға қонымсыз. Бейнелеп айтқанда, жұмыс істемейтін қызметкердің санын 25 пайызға азайтып, жұмыс істейтін қызметкердің жалақысын 25 пайызға көбейтіп отырса, мемлекет үшін әлдеқайда тиімді болар еді.
Оның үстіне мемлекеттік қызметкерлер санын қысқарта отырып, қалған қызметкерлердің жалақысын барынша көтеру арқылы жұмыс тиімділігін арттырып, табысқа қол жеткізу тәжірибесі әлемнің көптеген елдерінде өз жемісін беріп отыр.
Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі бөлігі әлеуметтік-экономикалық ахуалға арналуы табиғи, заңды жағдай. Президент негіздеп берген жаңа жағдайдағы экономикалық дамудың 7 қағидаты пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық дамудың басты тұғырнамасына айналады.
Құқық қорғау мен сот жүйесін реформалау қолға алынатыны белгілі болды. Бұл өткір мәселе де Қазақстандағы қоғамдық ұйымдардың, белсенді топтардың көптен бері көтеріп жүрген тақырыбы болатын.
Мемлекет басшысы азаматтарды мемлекетті басқару ісіне белсенді түрде тартуды тапсырды. Осы мәселені Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2019 жылғы сайлауалды бағдарламасында көтерген еді. Айналасы бір жылдың ауқымында мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы байланыс орнату ісінде біраз шаруалар атқарылды.
Бір жылдың шеңберінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясы іске қосылды. Шыны керек, қатып-семіп қалған бюрократиялық аппарат халықпен «адамша» жұмыс істеуді үйрене бастады, әміршіл-әкімшіл кейпінен бас тартты. Десе де, бұл бағытта әлі де атқарылатын іс қыруар екені белгілі.
Осы жылы Қазақстанда «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы», «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңдардың қабылдануы халықаралық ұйымдар тарапынан да қолдау тапты.
Президент жанынан құрылған Ұлттық қоғамдық келісім кеңесі қоғамда, қоғамдық ойда қалыптасқан қайсыбір наразылықтардың саябырсуына, билік пен қоғам арасындағы шынайы диалогтың басталуына септігін тигізді. Кеңес өз миссиясын сәтті орындап отыр.
Ендігі басты мәселе – үкіметтік емес ұйымдармен, түрлі белсенді әлеуметтік топтармен, саяси партиялармен, белгілі тұлғалармен үздіксіз конструктивті байланысты жолға қою.
Меніңше, мұндай мәселеде «ақ», «қызыл» деген принцип жүрмеуі тиіс. Кез келген халыққа жәрдемі тиетін тұлғаның мүмкіндіктерін пайдасыз дау-шарға емес, пандемиядан кейін жадап-жүдеген халқымыздың еңсесін көтеруге, береке-бірлігін нығайту жолына бағыттауға талпыну қажет.
Мемлекеттік басқару ісіне, әсіресе, түрлі әлеуметтік лифттер, онлайн, оффлайн платформалар арқылы, қажет болса түрлі жеңілдік, көмектер арқылы жастарды көптеп тарту маңызды деп санаймын. Олар – Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген білімді, көзі ашық, өжет, цифрлық дәуірдің перзенттері.
Бұған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Мемлекет басшысы іске қосқан «Президенттік резерв» жобасы бұған жарқын мысал бола алады. Ол жобаға іліккен талантты жастардың көбі қазір орталықта, өңірлерде ысылып, шыңдалып жатыр.
Nur Otan партиясы қолға алған праймериз жобасы да талай дарынды, қабілетті жастың жолын ашады деуге негіз бар. Мемлекет басшысы Жолдауының қорытынды бөлігінде ұлтымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, ұлттық сапаны арттыру жайына ерекше тоқталғаны көп нәрсені аңғартса керек.
Шындығында, әлем бұрынғыдай болмайды, Қазақстан да. Қай-қайсы бәсекеге де барынша қабілетті болу үшін, әлемдік даму көшінің соңында қалмау үшін, жаңа заманға бейімделу үшін, өзгермеске шарамыз жоқ.
Демек, халық та, ұлт та өзгеруі керек. Халқымыздың ендігі жердегі тыныс-тіршілігі, рухани құндылықтары мен дәстүршілдігі, ішкі мәдениеті мен мына аласапыран дүниеге деген көзқарасы, қарым-қатынасы өскен ұлттың, естияр ұлттың көзқарасы мен қарым-қатынасына айналуы шарт.
Президент осыны алыс көкжиектен пайымдап, үміт пен сенімді серік ете отырып, нақты қадам мен іс-қимыл жасауға шақырып отыр.
Мемлекет басшысының меңзеп отырғаны – дағдарыстан дағдарыс туғызудың қажеті жоқ, керісінше, халықтың үміті мен сенімі үшін, мемлекеттің дамуы мен болашағы үшін, бүгінгі тұйықтардан ертеңгі орасан мүмкіндіктердің көзі мен тетігін іздеп, таба білуге тиіспіз.
Дархан КӘЛЕТАЕВ,
Қазақстанның Украинадағы Төтенше және өкілетті елшісі