Қауіпті індет өршіген кезде Атыраудың медицина саласында қордаланған бірнеше мәселенің түйіні тарқатылмағаны байқалды. Алдымен бұл – ауруханадағы орынның тапшылығы. Қос өкпесіне дем жетпей, жаны қиналған науқастар саны көбейгенде №2 облыстық инфекциялық ауруханадағы инфекциялық стационардың тарлығы анық аңғарылды.
Осыған байланысты жергілікті билік облыстық аурухананың, Атырау қаласы мен аудандардағы өзге де емдеу орындарының жанынан қосымша стационарлар ашуға мәжбүр болды.
Міне, осы себептен, тағы бір инфекциялық аурухананың қажеттігі туындады. Әрине, алдын ала бюджеттен қаржы қарастырылмағандықтан, қапелімде мұндай емдеу орнының құрылысына қаржы табу да оңай емес. Дегенмен облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов өңірдегі мұнай-газ өнеркәсібінде жобасы бар компанияларды демеушілікке тартты. Сөйтіп, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Қашаған» жобасының операторы – NCOC компаниясының қаржылай қолдауымен тамызда Атырау қаласында модульді аурухананың құрылысы басталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың мәліметіне сүйенсек, қазанда пайдалануға берілетін жаңа аурухананың бұрынғы емдеу орындарынан өзгешелігі көп болмақ. Мәселен, медициналық блокта зертхана, КТ, рентген аппараттары, бронхоскопикалық құрал-жабдықтар, УЗИ, электрокардиографтар орналастырылады.
– Бұл өңірдегі екінші жұқпалы аурулар ауруханасы болғандықтан, мұндағы орын саны 200 кереуетке арналып отыр. Мұндай ауруханада жұмыс істеуге іріктелетін жергілікті медицина қызметкерлеріне талап күшейтіледі. Сол себептен, оларды қайта оқыту арқылы қабылдауды ойластырып отырмыз, – дейді Н.Қабдықапаров. Қазір жаңа нысанның құрылысын «BI Industrial» компаниясы жүргізіп жатыр. Аурухана ғимараты жылдам құрастырылатын модульді блоктардан тұрғызылуда. Медицина қызметкерлері мен ем алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи диагностикалық құрал-жабдықтармен жабдықталады. Медициналық нысанда екі орынға арналған 56 палата, үш орындық 16 палата, бір орындық 6, сондай-ақ арнайы екі орындық 7 бокс аулаға шығатын арнайы есігімен салынуда. Ал қарқынды терапия бөлімінде 20 кереует, қабылдау-диагностикалық бөлімінде бес бокс жасақталады.
Тағы бір шетелдік компанияның демеушілігімен аурухананың құрылысы Жылыой ауданында жүріп жатыр. Аудан орталығы – Құлсары қаласындағы бұл нысанның құрылысына «Теңізшевройл» ЖШС-ның «Игілік» бағдарламасымен 7175,4 млн теңге бөлінді. Биылғы мамырда бастау алған құрылыс жұмыстары келесі жылы пайдалануға тапсырылмақ.
Жобаға сәйкес, алғашқыда аурухананың негізгі корпусында 55 орын болатыны жоспарланыпты. Балалар бөлімшесіне 10, инфекциялық бөлімшеге 10 орын арналып отыр. Алайда облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов елімізде алғаш құрылып, «Теңіз» кенішін игеріп жатқан «Теңізшевройл» ЖШС-ның басшыларына ауруханадағы орынды көбейтуді ұсынды. Бұл әрине бекітілген қосымша өзгеріске ұшырайтыны даусыз. Десек те, шетелдік инвесторлармен бірлесе құрылған компания басшылары бұл ұсынысқа түсіністікпен қарап, аурухана жобасына қосымша нақтылаулар енгізді. Сөйтіп құрылыс жұмыстары енді қарқын алған жаңа ауруханадағы кереует саны 200 орынға көбейетін болды.
Жобалаушылардың түсіндіруінше, ауданда бой көтеріп жатқан аурухананың үлкен қалалардағы нысандардан кемдігі жоқ. Осы заманғы жабдықтармен қамтылатын кір жуатын бөлмелер, көлік гаражы, бақылау-тексеру бекеттері, өрт сөндіру жабдықтары да жаңа нысанның ерекшелігін айқындай түседі. Тіпті мұнда 65 текше метр таза су жинайтын цистерна, септик, пациенттер үшін автотұрақ қарастырылыпты. Құрылыс жұмысына жергілікті тұрғындар тартылды.
Тағы бір мәселе – дербес оттегі желісінің жоқтығы. Тек облыстық ауруханадағы оттегі тасымалын жүзеге асыратын 60 нүкте эпидемиялық ахуал ушыққан кезде аздық етті. Сондықтан бұл ауруханада оттегі желісін 300 нүктеге дейін көбейту қолға алынды. Оның 260 нүктесі аурухананың жаңа ғимаратына тартылды. Дербес цех өздігінен оттегі өндіреді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Қабдықапаровтың ақпаратына сүйенсек, бұған қоса облыстық кардиологиялық орталық пен №2 облыстық инфекциялық ауруханада да оттегі цехын жасақтау жоспарланыпты.
– Бұдан бұрын Махамбет ауданындағы 100 кереуеттік инфекциялық стационарда 12 оттегі нүктесі тартылған болатын. Алдағы уақытта оның санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Құрманғазы ауданында жаңадан салынып жатқан ауруханаға да оттегі желісінің нүктесі толықтай тартылады. Одан кейін Қызылқоға, Мақат, басқа да аудандарға оттегі желілерін тартуды жоспарладық, – дейді Н.Қабдықапаров.
Атыраудың табиғи байлығынан табыс табуға келген шетелдік кәсіпорындардың шарапаты ауруханалар құрылысын жүргізуге тиіп отыр.
Атырау облысы