• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 11 Қыркүйек, 2020

Жазуы тірі классик (Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Періштелердің өлімі» романы жайында)

6430 рет
көрсетілді

«Дүниеде адамның басынан төзімді, кең нәрсе жоқ шығар. Қандай ауыр, азапты ойлар сияды оған?..»

«Періштелердің өлімі»

 

 Қатер

Өмір бар жерде – жазу бар. Адам бар жерде – жазушы бар. Ықылым заманның сырын топыраққа, тасқа, папирусқа, пергаментке қалдырған адамзат баласы қай заманда да өмірін жазуға құмар болыпты. Адам Ата­дан бері өмір тәжірибесі молынан қор­даланған адам жаны да дәуірден дәуірге күрделене түсіпті. Адам өмірі­нің қағидасы, тіршілігінің заңы, тарихы тоқтаусыз жазылыпты. Бүгінге дейін жазушы атаулының қаламы жазар өмір таусылған емес. Жазушы көңілін алаңдатар сауал да жауабын толық таппады. Сауал бір дерсіз, бірақ әркім өз жауабын естігісі келеді, айтқысы келеді. Ницше: «тарих – толассыз қауіп» депті. Ендеше өмір – толассыз қатер ғой. Жазушы сол қатерді жазады.

Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Періштелер өлімі» романының «Жыланның уы» бөлімі осы өмір қатері жайында. Жаңақорған ауданы Ұзынарық ауылынан шыққан ағайынды Байшұбар мен Шертай күнкөріс үшін Саратан стансасына келеді. Ондағы келулерінің сыры ауыл­дас Ералының Сиягүлге мол ақша жіберуі еді. Халық бір сөз туды­­рып, оны желмен қампайтып, түбі мифке айналдырып жіберетін әдет аға­­йындылардың делебесін қоз­дыр­­май қоймады. Сөйтіп жиыр­маға енді толмақ Шертай мен Бай­шұбар Сара­таннан хат жазып тұратын ауыл­дас­тары Ералы айтқан поштадағы 17 жә­шік­тің маңынан бір-ақ шығады.

Оқиға мұншалықты тез басталып кетерін ойламайсыз. Себебі Тынымбай прозасының табиғаты – қазақы қалжың мен қазақы ауылдың тұрмыс әдебіне бай. Сағынжанның өлген әкесінің зейнетақысы бір жыл бойы алуы, я Тоқашбай деген адам­ның жанармай ұрлап, түнде қанша­лықты алғанын көремін деп от тұ­тата қалғанда, лап етіп, қора-малы­­ның тегіс өртеніп кетуі де бас­­тал­­­мақ романның негізгі әңгіме өзегін­дей елең еткізеді. Әдеттегі Нұр­маған­бетов стихиясына тап келген күйде езу тартып қана, қызықтың көкесі ал­да екеніне сеніп, жылжып бересіз. Бірақ осы кезде үшінші қиғаш әңгіме шығады. Ауылда зейнетақы алу үшін ғана төрт-бес адам баратын поштаға Сиягүл де жиі баратын болыпты. Жәй бармай, жұмыс істеуге кеткен күйеуі Ералы бес жүз мың теңге салған, соны әкеліпті. Бар қарызынан құтылып, жырғап қалған екен. Ұзынарықтың ендігі сөзі осы еді.

Жұмысы жоқ ауыл үшін екі жүз мың теңгенің өзі таусылмас дәулет көрінгенде жарты миллионыңыз иен байлық емес пе?! Осы әңгіме Сиягүлдің ауылдасы Шырайдың да отбасына жетеді. Күйеуі Байшұбар мен қайнысы Шертай көп бөгелмей-ақ Саратандағы поштаға келген себеп­тері сол болатын.

Пруст Гете туралы жазғанда «біз­дің кітабымыздағы сөздерге қарап, шабыттың қайнар көзін білуге болады, көп ұзамай сол уақытта миымыз немен әуре болғанын аңғарамыз» деуші еді. Тегінде қаламгер ғана кеше­тін сезімді қаламдасы ғана тү­сіне­тін болса керек. Тынымбай қала­мы­ның осылай оқырманын елең еткі­зіп қойып, өзіне жіпсіз байлайтын қа­сиеті сол шабыт қайнарында жатыр. Көбіне Нұрмағанбетов прозасына ауыл адамының бейнесін таңғысы келетін әдетті байқаймыз ғой. Бірақ асылы жазушы ауыл адамын емес, қазақты, қазақ мінезін жақсы біледі. Оның шабыт қайнары сол – қазақ болмысы. Халық тұрмысын, мінезін білетін кез келген қазақ оқыса, еріксіз жымың еткізетін шығармалары өмір­дің тірі бейнесін кітапқа көшіріп қоя салғандай жанды болатыны да сондықтан.

Адам баласының тіршілік ету инстинті кез келген қадамға апарады. Ауданнан ауданға ғана емес, елден елге, мемлекеттен мемлекетке жан бағу үшін еңбек миграциясына кететін жандардың ішкі алаңын сезесің. Тұрмыс билеген ортаның адамдары да ерте қартайып, күн көруден өзгені ойламайтын болған. Ұл қалай өседі, қыз қалай бойжетеді деген ұрпақ қамы да екінші планға шегеріліпті. Не жейді, не киеді деумен ғана отырған ауылдан сәулелі үміт күтудің де қажеті жоқтығын аңғартады.

Енді Байшұбар мен Шертай Саратандағы поштаның 17 жәшігін күзетіп тұрады. Сонда бір қымбат көлікпен бір келіншек келеді. Ақыры сол бұл екеуіне жұмыс тауып беріп, бір керемет күйге бөлеген. Өзін Лиза деп таныстырған келіншек Ералыны танымайтын болып шықты. Бұл екеуіне тапсырылған жұмыс – үш атты бағып-қағу. Зәулім сарайдың дарбазасынан ешқайда шығуға болмайды. Ішіп-жемдері алдарында, киер киімдері де бар. Тек үш жүйрікке қараса болды. Осылайша күндері өтіп жатады. Осы сарайдағы Байшұбар мен Шертайдың өмірі бір жұмбақ сырға толы екенін оқырман сезеді. Бірақ не жұмбақ оны айта алмайды. Ахмет қожайынның қабағы ма? Әлде тым жайбарақат, бірақ бір қорқынышы бар өмір ме?

Адам баласының өзімшілдігі, отбасы үшін жұмыс іздей тұра өз нәпсісін тежей алмайтын сорлылығы осы сарайдағы ағайындылардың өмірінен көрінеді. Үлкені Байшұбар­дың Лизамен көңіл жарастырып, тіпті, ауылдағы Шырайды, бала-шағасын ойламайтын хәлге жеткені Шертайдың жанына батады. Бірақ соңында ол да «Тоқашбай сияқты бұл сарайды өртеп жіберер едім, бірақ Лиза жеңгем бар ғой» деу арқылы соған көндіккенін байқатады.

Шертай ауылдан келген хаттарды оқып отырып, олар жіберген ақшаға Шырай жеңгесінің не алғанын оқығанда, Байшұбар жібермей алып қалған бес мың теңгеге енді қанша дүние алуға болатынын ойлап, қамығады. Ал Байшұбар Лиза­ны ойлап жатқан. Осы сәттерді жазған­да жазушы өзіне етене жақын лири­ка­лық күйде жазады. Тынымбай про­за­сындағы лирика өне бойыңдағы қан тамырларды адақтап шығатын қасиетке ие. Бірақ мұнда «Келін», «Атақоныс», «Бәйтеректердегі» жа­ныңды уылжытып жіберетін де нәзіктікке апармайды. Я болмаса өзінің әйгілі юморына да иек артпайды. Мүлде басқа табиғат.

Романда жыланның уы жайында еміс-еміс айтыла бастағанда шығарма табиғаты өзгереді. Ахметтің у саудасымен айналысатыны, оны көп адамдардың қымбатқа алатыны сөз болады. Бірақ оқиға өрбуі, ішкі шиеленістер жазушы үшін тым оңай еді. Өйткені Тынымбай Нұр­мағанбетов не қиыстырам, не айтамын десе де қиялына ерік бере алады. Романның осы бөліміндегі шырқау шыңы ағайынды жігіттер Ахметпен бірге бір құпия жұмысты орындау үшін өздері алты айдай баққан үш жүйрікпен сапарға шығуларымен бас­талады. Осы сәтте жазушы қаламы да түрленіп шыға келеді. Құдды сол үш атпен бірге мәпелеп, сақтап отырған жүйрік, жүрдек қаламдай.

Осы сапарға шығар алдында Байшұбар өздері жататын бөлмеден ескі қағаз көріп, онда Ералының жазуын байқаған. Бірақ Лиза танымаймын деп езу тарта салған. Содан бастап секем алған Байшұбар көңілінде бір алаң бар. Сөйлемейтін, қабағы қату Ахметтің соңынан еріп, Сырдарияны кесіп өтіп, Қызылқұмға жеткенге дейін бір диалог жоқ. Бәрі сана арпалысы. Байшұбардың көңілі жай таба алар емес. Романның осы бөлімінің қысымы осы кезде жоғарылайды. Жұмбағының бояуы да қалыңдай түскен, сонымен қатар шешуі де жақын қалғанын аңғарасыз.

Байшұбар Ахметтің адамды ордалы жыланға шақтырып, артынан қазанға қайнатып, у жасайтынын біледі. Өз қолымен ордалы жыланға тастаған інісін құдықтан шығарып, қазанға салады. Қайнатып, бұлғайды. Сонда көгілдір сұйықтыққа айналады. Қолына тиіп кеткен түйірі алақанын ойып түсіргенде Байшұбар­дың ойында мүлде басқа дүние еді. Ауыр­сыну жоқ. Меңіреу қалпы қал­ған. Өзінің қорқақтығына қорлану бар. Ақыры сол сұйықтықты пайдала­нып, Ах­метті өлтіріп, інісі үшін кек ал­ған­дай болады. Өзі де ажал құшады.

Өз қолдарымен баққан аттары ажалға әкелген екеуін Лиза да, сол үй­дегі аспаз бен ат баптаушы да бұ­лар­ды осы ордалы жыланға да­йын­даған. Өмір сүру үшін күнкөріс қа­мына бар­ған екеуінің сапарының соңғы аял­да­масы ажал болыпты. Өмір­дің толас­сыз қатер болатыны осы. Адам өзі үшін өмір сүреді. Бір адамдар соларды өз­дері­нің пайдасы үшін қолданып кетеді.

Байшұбар қандай адамға айнал­ғанын білмей қалды. Шертай да соны мойындады. Ахмет пен қыз­меткерлері баяғыдан зымияндыққа көшкендер. Бірақ аяғы не болды? Адамның жауы – өзі. Өзге емес.

Байшұбарды алаңсыздығы өлтір­ді. Шертай аңғалдығынан жапа шекті. Ах­мет залымдығынан көрді. Бі­рақ жамандықты жақсылық жеңеді екен. Жамандықты жамандықпен жеңе алмайсыз. Жақсылықты да жақ­сы­лықпен қайтаруыңыз мүмкін. Бірақ оның қадірі болмайды. Жақсы­лық­қа жаман­дық болған күні ғана, бұрын­ғы жақ­сылықтардың қадірі білінбек. Адам сондай әділетсіз. Барға қанағат деген – миф. Ол тек аса құдайшыл пен­д­е­­лер­дің құзырындағы қасиет болса керек. Біз мифке сене­тін халықпыз ғой. Бай­шұ­бар мен Шертайдың өлімі­не де сол Ералы туралы миф жеткен жоқ па?

Әр адамды алдында бір қатер тосып тұр. Ендігі атар таңы, келер күні қатерге толы. Бірақ соны айналып өте ме? Ақылмен жеңе ме? Адамның өзіне байланысты болса керек.

«Жыланның уы» – адам туралы, жамандық туралы аңыз екен. Жаман­дыққа өзің бармасаң, жаман­дықтың сенде шаруасы жоқ көрінеді. Ал жақсылық күнде елеусіз ғана қасыңда жүреді. Оны басыңа қатер төнгенде ғана аңдайтын болсаң керек.

Былай қарағанда, Ахметтер – ордалы жыланға төнген қатер. Олар өлтіріп жатырмыз деп ойламайды. Қорғанып жатырмыз дейді. Оны дүние­қор пенде түсіне ме? Ал ата жылан жақсы түсінеді. Жақсылық пен жа­ман­дықты исінен-ақ айырады. Адам қалай ондай болсын...

 

Қауіп

Романның екінші бөлімі өте байсал­ды. Баяу. Қарт Алдиярдың соңғы күн­дері сияқты. Шекергүлі дүниеден оз­ған, қызы әлдеқашан ұзатылып, орыс­ша сөйлеп жүрген немерелері жат­қа айналған қарттың көз алдында күл­лі ғұ­мыры таспаланып өтеді. Еске алады.

Сәмбі талы – символика ғана. Бидай алқабына өскен, иіліп тұрған сәмбі талды Алдияр Бибітайына, Шы­рай­ға ұқсатады. Оның өзі де жапанда жалғыз қалған сәмбі талдай еді.

Бұл бөлім қауіп туралы. Жаңа айттық, Тынымбай қазақ туралы жазады. Бірінші бөлім қазақ тұрмысына, оның алдағы өмір қатеріне алаңдау болса, бұл жерде ендігі қазақтың өмірі­нің соңы қалай болады, соны ойлайды.

Алдиярдың күнін кешкен тағдыр бүгінде аз ба? Ал осы күйге не үшін тап болды? Бүгін біз елең-алаң шақ дей­тін кезеңде жіберілген қате­лік­тер­дің салдары емес пе? Өз наға­шы­сының малын ұрлап сатқанына арланбайтын, бір ауыз қазақша білмей­тін ұрпақтан қандай жақсылық күтуге болады?

Тіршіліктің басы мен соңы аралы­ғындағы жақсылық пен жаман­дыққа мойынсұнған Байшұбар мен Шертай қандай қазақ еді? Рас, адам ретінде кемшілігі бар. Бірақ ұлттары бар еді. Ал Пижоға айналған Пірқожаның, Женяға айналған Жеткергеннің, Зина болған Зияданың ұлты кім? Жаны қандай? Қазақ жанын түсінетін жазушы осыларды түсінбейді.

Ауылдан күнкөріс үшін шыққан Ералы, Байшұбар, Шертайды адам­ның хайуани сипаты өлтірді. Егер ауылдарында жұмыс болса, олар Саратанға шықпас та еді.

Ал Алдияр шал құсадан өлді. Ұл сүй­медім деген бір айта алмайтын өкі­ніші де болған шығар. Ал қызы бар еді, ол да тұрмыс жүгімен өзімен­өзі кетті. Ал одан туған Женя, Зина тірі бол­ға­ны­­мен, олардың болмысында қаза­қы­лық жоқ. Өлген. Ал оны кім өлтір­ді? Уа­қыт па? Қоғам ба? Өлген адам­ды ас бе­ріп жоқтарсың. Ал өлген қазақ жа­­нын қалай жоқтайсың? Оны жоқ­тай ал­май­сың, Алдияр сияқты құсаға ұшырайсың.

Романның «Періштелердің өлімі» де­ген атауына назар салыңызшы. Періш­те­лер деген Ералы, Байшұбар, Шер­тай емес. Солармен бірге кеткен болмыс­тар, мінездер. Адам жанының диалек­ти­­ка­сын түсіну қиын ғой. Бір терінің ішін­де мың құбылған бейне бар. Сол мың­­ның ішінде қазақы болмыс та бар еді.

Нұрмағанбетов сол болмысты аңсайды. Алдиярдың соңғы күнінен, Пижоларыңыздан қауіптенеді. Бұл дұрыс қауіптену, бұл дұрыс алаңдау.

* * *

Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Періштелердің өлімі» романы оқыр­ман ойын сан-саққа жүгіртеді. Адам­ның адам боп қалуы шекспирлік сұрақ қой. Адам бейнесін жоғалтқан күні хайуанға айналады. Ұлт ерек­шелігін жоғалтқан күні – өзі де жо­йы­лады. Бұл астасып жатқан сұрақтар. Ажырамас алаңдаулар. Тынымбай прозасына жолыққан сайын тынымсыз ойларға кезігетінің де сондықтан.