• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қыркүйек, 2020

Шарапатпен шырайланған Зеренді

436 рет
көрсетілді

Бұл шарапат – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы. Осы бағдарлама өңірдегі елді мекендерде ұзақ уақыттан бері қордаланып қалған түйінді мәселелерді оңынан шешуге ықпалын тигізіп отыр.

Аудандағы Заречный және Елікті елді мекендерінің тұрғындары соңғы ширек ғасыр бойы Шағалалы өзенінің үстінен өтетін көпірдің жоқтығы жа­йында сан рет мәселе көтеріп кел­ген болатын. Әсіресе, көктемде, өзен тасыған уақытта жол қатынасы мүлдем үзіліп қалатын. Өзге маусымда да оңай емес, ауыл тұрғындары Көкшетау-Зеренді бағытындағы күре жолдан түсіп қалып, ауылға дейінгі үш шақырым жерді жаяулап өтетін. Өзен үстіндегі ескі көпір қыл көпір тәрізді еді. Жаяу адам болмаса, жеңіл көлікті көтеретін қауметі жоқ тұғын. Биыл жоғарыда аталған бағдарлама шеңберінде жаңа көпір салынуда. Көпір құрылысын тәжірибесі толысқан «Бука» ЖШС жүргізуде. Серіктестік басшыларының айту­ларына қарағанда, 2021 жылы аяқ­тау көзделсе де, бар мүмкіндікті қарастырып, қыс түскенше аяқтап шық­пақ. Қазір көпір жұмысына 15 техника мен 30 адам жұмылдырыл­ған. Бағ­дарлама аясындағы жақсылық ретінд­е жергілікті жердің 11 адамы­ның уақытша болса да жұмысқа тар­тылғанын айта кетуіміз керек. Жоба құны – 368 млн теңге. Көпірдің ұзындығы – 76,12 метр. Бөлінген қар­жы жарым-жартылай игерілген.

– Жиырма бес жыл бойы өзен үстіндегі ескі көпірден өте алмай, тау­қыметті әбден тарттық. Әсіресе, екі ауылдың ауру-сырқауы, жас бала­лар, егде адамдар таяқтастам жердегі аудан орталығы мен облыс орталығы­на жету үшін арғы Садовый ауылы жақ­ты айналып, 15-20 шақырым артық жол жүріп, әбден қиналып еді, – дей­ді Заречный ауылының тұрғыны На­талья Машура, – әйтеуір өтінішіміз жер­­де қалмай, жаңа көпір салынып отыр. Ел разы. Көпірдің қадірін біле­тін көп­­шілік ақ алғыстарын жаудыруда.

Аудан әкімі Бауыржан Ғайсаның айтуына қарағанда, жобаны жүзеге асыру оңайға соқпапты. Көпір салатын тәжірибелі мамандарды табу қиынға түскен. Енді міне, ел қамын қаузаған бағдарламаның нәтижесінде табаны күректей 25 жыл бойы шешімін таппаған мәселе бір сәтте оңынан оралып отыр.

Шағалалы ауылын екіге жарып, көлденеңінен өзен кесіп өтетін қылта­дағы су өткізетін қондырғы кеңейтіліп, өзен аңғарлары топырақпен бекітіліп, нығайтылуда. Ауылға баратын жол бойы да мұнтаздай етіп жөнделіпті. Осындай ұқыпты қолдың табын При­речный, Шағалалы автомобиль жолдары бағытынан да көруге болады. Бұл өңірде де қызыл су жүрген кезде әр жыл сайын су басу қаупі төнетіні бар еді. Көлік жолын да сан мәрте су шайып кеткен. Қазір жолдың астына су өткізетін құбырлар орнатылыпты. Бір емес, он үш жерден. Енді қызыл су қанша қаптаса да жол жиегінде іркіліп қалмай, құбырлардан өткен соң арнайы қазылған арықша арқылы тоғай етегін жиектеп ағады. Ауыл ішінде 3,5 шақырымды құрайтын асфальт жол төселген.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт То­қаевтың биылғы Жолдауында әлеуметтік мәселелерге мейлінше ма­ңыз беріліп отыр, – дейді аудан әкімі Бауыржан Ғайса, – міне, өңір­лердің өңі кіріп, ұзақ уақыттан бері қолымыздан келмей жатқан шаруаларды бір бағдарлама арқылы атқарып отырмыз. Қаржы жеткілікті. Ендігі мақсат – осы жобаларды тыңғылықты атқарып, елдің игілігіне жарату.

Биыл көктемде Зеренді ауданының білім саласы көп зардап шекті. 30 білім ошағының шатырын жел ұшы­рып әкетті. Соның бірі Приречен орта мектебі. 1965 жылы салынған орта мектепке содан бері жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілмепті. Қазір 132 оқу­шы білім алатын екі қабатты ғи­ма­раттың 1600 шаршы метр төбесі жаңадан жабылып, терезелері ауыс­тырылған. Бұл жұмысқа 5,8 млн теңге қаражат жұмсалған. Шағалалы орта мектебі де «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткізілген. Бұл жұмысқа 260 млн теңге қаражат жұмсалып, көне мектеп жаңадан салынғандай кейіпке бөленіпті. Іші кірсе шыққысыз болып жайнап тұр.

Викторовка ауылы ондаған жыл бойы ауыз судың азабын тартып келген елді мекен. Биыл жалпы құны 260 млн теңге болатын жиырма ша­қырымдық су құбырын тарту көз­делсе, бүгінге дейін жұмыстың 85 па­йызы орындалыпты. Қара суық түс­кенше ауыл тұрғындары тегіс сумен қам­тылады. Су мұнарасы дайын, екі шақырымдық қашықтықта су алатын ұңғыма қазылған.

Аудан тұрғындарының орынды өкпе-назын тудыратын жағдайдың бірі – елді мекендер арасындағы аудандық маңыздағы жолдың жағдайы. Үсті­міздегі жылы Викторовка ауылында 4,6 шақырымды құрайтын елді мекен ішіндегі жол төселген. Сөз арасында мұндай жолдың 11 ауылдық округте қолға алынғанын айта кетсек болады. Осы мақсатқа 652 млн тең­генің бөлінуі қамқорлық емей немене? Облыстық маңыздағы Еленовка – Чистополье – Есіл – Қоныспай – Сейфуллин – Қызылсая бағытындағы жолға 1,4 млрд теңге қаражат бөлініп, қазір жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар аудандағы бар жолдың 54 пайызының жақсара түсуіне ықпал етеді.

Ауданда ауыз су мәселесі де өткір күйінде еді. Қазіргі күні Ви­ко­ров­ка, Приречное, Павловка, Жаңауыл, Қоныспай тәрізді 11 елді ме­кенге ұзындығы 32,2 шақырымды құрай­тын су желісі тартылуда. Бұл жұмыс үшін 422 млн теңге қаражат бөлінген. Аудан орталығында абаттандыру жұмыстарына 44,5 млн теңге қаржы бөлініп, Зеренді ауылының ажары кіріп қалыпты. Қай тарапқа қарасаңыз да, ұқыпты қолдың табы анық байқалады. Бұл өңір келімді-кетімді кісі жиі қатынайтын курортты аймақ болған соң ажар-келбеті алыс­тан менмұндалап тұрғаны жақсы емес пе?! Ұзақ жылдар бойы қамқор­лық­тан қағыс қалған мәдениет саласын­да да тәп-тәуір серпіліс бар екен. Аудандық мәдениет үйінің көрер­мендер және би залы жөнделген. Мұн­дай жанашырлық Қызылтаң, Қоныс­пай ауылдарындағы мәде­ниет ошақтарын да қамтыған. Атап айтқанда, 69,7 млн теңгеге осы саланың нысандары жөнделіп, жұтын­дырылып қойыпты. Оған қоса, білім ошақ­тарына да тәп-тәуір көңіл бөлін­ген. Алты мектептің терезелері ауыс­ты­рылып, жылу жүйелері жөнделген.

Бір сөзбен айтқанда, ел еңсе­сін көтеруге айрықша септігі тиіп отыр­ған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ел ір­ге­сін бекітетін ықпалы мол, игілікті шара.

 

Ақмола облысы