Президенттің биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын қоғамның барлық деңгейін қамтитын, елді жаңа өзгерістерге бастайтын бастама деп қабылдадық. Соның ішінде бізге, әскерилерге де қатысты өзгерістер бар.
Президент өз Жолдауында елімізге заманға сай, уақыт талабына сәйкес өзгерістер қажет екендігін, оның қай салада қандай бағытта, қалай жүзеге асатынын тәптіштеп айтты. Әсіресе бүгінгі пандемия мен дағдарыс жағдайында мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа модель қажеттігі байқалды. Соған сәйкес Президент мемлекеттік басқару, кадр саясаты салаларында жаңадан реформаларды жүйелі түрде іске асыру керек екенін айтты. Бұл еліміздегі еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін қамтитын реформа болмақ. Сондықтан да Президентке тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылатын болды.
Өз басым мемлекеттік қызмешілердің санын алдағы 2021 жылы 25 пайызға азайтып, сапасын арттыруды толық қолдаймын. Себебі елді жайлаған пандемия елге нақты қажетті мамандарды өзі-ақ айқындады.
Қарапайым халықты қуантқан маңызды өзгерістің бірі – зейнетақыға қатысты. Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасы бойынша келер жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының белгілі бір бөлігін үй алу, емделу үшін пайдалануға немесе қаржы ұйымдарының басқаруына беруге мүмкіндік алды. Бұл да бұған дейін халық тарапынан ұсыныс болып көтерілген мәселе болатын.
Сонымен қатар Жолдауда ұлттық құндылықтар мәселесі де көтерілді. Мемлекет басшысы келешек адал, білімді, кәсіпке бейім ұрпақ тәрбиелеу ісіне араласуды барлық қоғамдық институттарға жүктеді. Әсіресе білімі мен білігі, мәдениеті жоғары, іскерлікке қабілетті елдің азаматтары өркениет көшін өрге бастайды. Бұл орайда жас ұрпаққа білім-тәрбие беріп, осы дағдыны бала бойына дарытуға мұғалімдер қауымының қосар үлесі мол. Сондай-ақ пандемия кезінде «майданның» алғы шебіне шығып, әр науқас үшін күрескен медицина қызметкерлерінің де еңбегі өлшеусіз. Президенттің жаңа Жолдауы әлеуметтің қос қанаты – мұғалімдердің жалақысы өсетінін, медицина қызметкерлеріне екінші жартыжылдыққа төлемақы ретінде 150 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінетінін хабарлады. Бұл өте қуанышты хабар.
«Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген қазақ халқы баланы ерекше жақсы көріп, бала десе барын беретін бауырмал халық саналған. «Бала – адамның бауыр еті, көз нұры» деген мақал осының айғағы іспеттес. Бала – өмірдің жалғасы, ата-ананың перзенті, отбасының қызығы мен шыжығы. Балалы болып, перзент сүю – ең үлкен бақыт. Сондықтан көп жылдан бері бала сүйе алмай жүрген отбасыларға 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы қолға алынатыны айтылып жатыр. Яғни Президенттің тапсырмасымен ЭКҰ бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейтілетіні көңілімізге майдай жақты. Сондай-ақ 2025 жылға дейін балаларды 100 пайыз балабақшамен қамту мәселесі межеленді.
Міне, осы айтылған игіліктің бәрі қоғамның барлық саласы сияқты бізге, әскери қызметшілерге де тікелей қатысты. Өйткені оқалы киім киіп, тыныштық күзетінде жүрген біз де еліміздің қарапайым азаматымыз. Қоғамда заң үстемдігі орнықпаса, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті жүзеге аспайды. Сондықтан құқық қорғау және сот жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту мәселесі де өзекті. Бір сөзбен айтқанда, азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстары алдағы уақытта жалғастырыла береді.
Індетпен күрес уақытында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге Президентіміз ерекше алғысын білдірді. Отанына адал, кәсіби тұрғыдан дайындалған офицерлер мен әскери қызметшілер жаңа геосаяси жағдайда ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қатерлерге тойтарыс беруге дайын екендігін дәлелдеп келеді. Осындай сын сағатта әскеріміз ынтымағы жарасқан халқымызбен бірге жұдырықтай жұмылды. Соның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскерлері саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын сақтау бойынша заңдылық пен құқықтық тәртіпті күзетуде жүктеген талаптар мен міндеттерді мүлтіксіз абыроймен орындап жүр.
Мемлекет басшысының Жолдауында аталған міндеттер жүзеге асуы үшін барлық қазақстандықтармен бірге Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан әскерлері «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы да аянбай үлес қосады деп сендіремін.
Әлібек СЕРАЛИЕВ,
генерал-майор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы
Орал