• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Пікір 11 Қыркүйек, 2020

Мақсат айқын, міндет көп

462 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа Жолдауын оқығанда қалам ұшына оралған осы оймен сабақтаса көз алдымызға бүгіні бекем еліміздің келешегі келеді.

Біз бұл Жолдауды тағат­сыз­дана күттік. Себебі бірінші кезекте қазіргі күрмеуі қатты күрделі кезеңнен қалай өтетінімізге айқын жоспар керек еді. Сол жоспарды, ең алдымен қандай нақты міндеттерді жүзеге асыру қажеттігін анықтап алу маңызды десек, Президенттің биылғы Жолдауы соған жауап берген бағдаршам болды. Бұл Жолдау – адастырмас ақ жұлдыз, елдің бақ жұлдызы.

Биылғы Жолдауда кезек күт­тір­мейтін өзекті мәселелер білгір­лікпен байыпты баяндалған.

Мемлекет алып бәйтерек деп бейнелейтін болсақ, ауыл – оның тереңге тартқан тамыры. Тамыр суалса, бәйтерек қурайды, құлап та қалады. Сол ауыл-ананы құлатпайтын қасиетті қайнар – ауыл шаруашылығы. Бұл туралы Жолдауда:

«Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес.

Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы.  

Өнімділікті арттырып, ши­кі­зат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және кө­лік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қа­былдау керек.

Елімізде ет, жеміс-жидек, көкө­ніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн.

Қосымша құн қалыптас­ты­рудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс.

Вертикальды кооперация ая­сын­да жеке қосалқы шаруа­шы­лық­тың әлеуетін пайдаланған абзал.

Жеке шаруашылық миллион­даған ауыл тұрғындарына табыс та­буға мүмкіндік бере алады. Олар­ды өңірлік азық-түлік хабта­рын құруға жұмылдыру керек», депті Мемлекет басшысы. Қор­ға­сын құйылып алшы түсер асықтай көкейге қона кетті бұл сөз.

Биылғы Жолдаудың маңыз­ды­лығы сонша оның әр бөлімі, әр тар­мағы ғана емес, әр сөйлемі тұ­нып тұрған оралымды ой, ел қа­мын жеген ердің естен кетпес сөзі!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ха­лыққа Жолдаудағы алтыннан қым­бат асыл сөздер жүректен шы­ғып, жүректерге жетті. Мақсат айқын, міндет көп. Енді Жолдауда алға қойған мақсатқа жету үшін тер төгу керек. Мұзафар Әлімбаевтың сөзімен айтсам:

Мен білемін не табуды,

не іздеп,

Еңбек қана елдің ұлы дегізбек.

Мемлекет басшысының:

«Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмы­сының жаңа қағидаттарын ор­нықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу.

Жаңғырған қоғам жат әдет­тер­ден біртіндеп арылуы керек.

Ысырапшылдық пен даң­ға­залық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайдылық бүкіл елді қасі­ретке ұшыратады. Ал бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы ұлы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр», деген аса салмақты, асқан салиқалы сөзі жадымызда жақсы жырдай жатталып қалды.

 

Сәбит ДОСАНОВ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты