Петропавл полицейлері жуырда машина есігін бұзбай ашып, ішіндегі заттарды қолды қылған ұрыны ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz
Ол 56 жастағы Қызылжар ауданының бір тұрғыны болып шықты. Қайдан екені белгісіз, әйтеуір ол қолына дүкенде сатыла қоймайтын есіктің дабылындағы кодты оқи алатын құралды түсіріп, мектеп немесе балабақша маңына тоқтап, балаларын асығыс ішке әкеткен ата-аналардың машиналарын ашып, ішіндегі заттарын қолды қылуды кәсіп етеді. Соның ішінде қаланың Горький көшесінде орналасқан №10 мектептің алдына қойылған Mitsubishi көлігін ашып, ішінен банк карталары мен ақшасы болған әмиянын ұрлаған. Келтірілген шығын сомасы 150 мың теңге. Осындайда аз уақытқа кетсе де, әмиянын ішке ашық қалдыратындарға сақ болу керектігін ескерткіміз келеді. Әрине адам есігі құлыпталған машинадан аз уақытта ешкім ештеңе ұрлай қоймас деп сенеді. Бірақ қазіргі ұрылар неше түрлі жоғары технологияға қол жеткізіп жатқанын ұмытпау керек.
Шақырылған криминалистер бұзып кіру белгілерін таппай, есіктің кодпен ашылғанын анықтаған. Келесі оқиға Алтынсарин көшесіндегі балабақшаның қасында болған. Ұры Nissan Аlmera автокөлігінен құжаттар мен 22 мың теңге ақшасы болған әмиянды қолды қылған.
Полицейлер жаңа технологиялық құралмен жарақталған көлік тонаушының ізіне түсу үшін балаларын мектепке немесе балабақшаға апаратын аналардың көлігін торуылдаған. Кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ұсталды. Ол бұрын түрлі қылмыстар жасағаны үшін бірнеше рет сотталған 56 жастағы Қызылжар ауданының тұрғыны болып шықты. Полицейлер тінткенде оның қалтасынан есік ашу дабылының кодын оқитын электронды құрылғыны алынды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның басқа да осы тәріздес қылмыстарға қатыстылығы да тексерілуде. Фактілер бойынша оның үстінен Қылмыстық кодекстің "Ұрлық" бабы бойынша іс қозғалды. Ұрланған заттардың бір бөлігі алынып, иелеріне қайтарылды.
"Заманауи технология қылмыстық ортаға еніп, қылмыс жасаудың жаңа тәсілдерін тудыруда. Осындай қауіпті жаңашылдықтан қорғану қиынға соғады. Дегенмен, сақтақ шаралары туралы айтылған кеңестер адамдарға өз мүлкін сақтауға септігін тигізеді. "Сақтықта қорлық жоқ" екенін әркім есіне ұстауы керек. Қылмыскерлердің қызығушылығын тудыратын ақша, құжаттар мен құнды заттарды көлікте қалдыруға болмайды. Кейбіреулер тіпті оны ашық қалдыра салады. Тіпті тығып қалдырғанның өзінде аңдып жүрген ұры адамның, соның ішінде әсіресе әйел жүргізушілердің машинадан сөмкесіз шыққанын көріп, әминның салонда екенін бірден біледі. Сонымен қатар көлікті бейнекамералардың шолу аймағына қалдырған абзал. Ал бейнебақылау жүйесі ұрыны ұстауда маңызды рөл атқаратынын айта кету қажет", дейді СҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Руслан Назаров.
Электронды құрылғымен жасалған ұрлықтың осыған ұқсас жағдайы Петропавлда бұрын да тіркелген болатын. Бәлки оны жасаған да осы ұры болуы мүмкін. Қазір ол жіті тергелуде.