ХХ ғасырдағы қазақтың көрген құқайы аз емес. Ғасыр басындағы Ұлт-азаттық көтерілісі, Октябрь төңкерісі, қайталап соққан аштық, саяси қуғын-сүргін, соғыс теңіз толқынындай қуалай келіп, қазақты жүдетіп ғана емес, жер бетінен ысырып тастай жаздады. Саяси қуғын-сүргін мен бас-аяғы он шақты жылдың ішінде екі рет қайталанған алапат аштықтан халық қынадай қырылды.
Халықты серкедей бастаған алдыңғы қатарлы зиялылары мен арқасүйер көсемдері сүттің қаймағындай сылынып тасталды. Аттың жалында, атанның қомында жүріп, сыртқы жаудан қызғыштай қорғап ұрпағына мұраға қалдырған кең-байтақ бабалар жерінде сол қырғындардан кейін аз халыққа айналдық. Бір ұлттың басынан өткен осынша ауыртпалықты қара жер көтергенмен, халық жады ұмыта алар емес.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құру керектігін тапсырды. Ақиқатқа сүйенген дұрыс шешімнен халықтың жүрегінде шер болып қатқан өксігі естілгендей болды. Кеңес өкіметі жылдары мыңдаған адамдар өзінің наным-сенімі, өзіндік пікірі үшін ғана емес, әлеуметтік шығу тегі үшін де қуғындалды, тағдыры саясат қаруының қарауылына алынды. Халқымызға ұлт болып қалыптасудың ұзақ жолы оңай тиген жоқ, бірақ қазақтың Кеңес өкіметі жылдарындағы көрген қорлығы мен шығынын бұрын-соңғы тарих білмейді. ХХ ғасырдың ортасына дейінгі жылдар халқымызға қан ерген кезең болды. «Осы нәубет неге орын алды?» деген сұрақ ылғи көңілде тұрады.
Большевиктер партиясының әділеттілік пен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай, аста-төк молшылық коммунизм орнатамыз деген қияли ниеті нақты ісімен бір жерден шыққан жоқ. Олар іс жүзінде қарудың күшіне ғана сенген жаппай лаңкестік, әлімжеттік, өзі шығарған заңды өзі белінен басқан дөрекі қоғам ғана орнатты. Өткен ғасырдағы 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдардың жартысына дейін қазақтың көшпелі тірлігін тұтасымен жоюға бағытталған бірнеше әлеуметтік шаралар қолға алынды. Олар партияның және кеңестік мемлекет басшыларының жетекшілігімен өткізілген шаруаларды ұжымдастыру саясатымен бір уақытта жүргізілді. Алайда оның құқықтық жағы соншалықты күмәнді еді. Қазақ автономиялық кеңестік социалистік республикасы Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің осы шараларды өткізуге бағытталған 1928 жылдың 27 тамызында «Байлардың шаруашылығын конфискациялау туралы» қаулысы және басқа да нормативтік-құқықтық актілері Ресей кеңестік федерациялық социалистік республикасы конституциясының, Қазақ автономиялық кеңестік социалистік республикасы Халық комиссарлар кеңесінің, РКФСР Қылмыстық кодексінің, Азаматтық кодексінің, Неке және семья кодексінің ережелеріне кереғар, тіпті сәйкес келген жоқ.
КСРО-дағы жаппай ұжымдастыру Большевиктердің жалпыресейлік коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының қаулысы негізінде жүргізілді. Ондағы дөрекі қателіктер 1924 жылғы Конституцияны белшесінен басты. Кеңестік жүйенің басты заңы болып саналған сол Конституцияның 22-бабында заң жобаларын орталық атқару комитетінің қос палатасы бекіткенде ғана ол заңды деп есептелетіндігі айтылған болатын. Адам құқын таптау және елдің өз заңын сыйламау, әсіресе жазалау органдарының құқықтық тәжірибелерінен және қылмыстық іздестіруді негізсіз күшейтуінен айқын көрінді. 1929 жылы КСРО Орталық атқару комитетінің президиумы шетелдерде жұмыс істейтін және КСРО-ға қайтудан бас тартқан ірі лауазымдағы адамдарды заңсыз және сотсыз жаза кесу туралы қаулы қабылдады. Сонымен бірге бұл қаулының азаматтар істеген әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылған кезде бұл оның құқығын таптау болып есептелмейтін кері заңдық күші де болды.
КСРО Халық комиссарлар кеңесі мен Орталық атқару комитетінің мемлекет, кооператив, ұжымшар мүлкін ұрлағаны үшін жасалған қылмыстың ауыр-жеңіліне қарамай ату жазасын көздеген 1932 жылғы 7 тамыздағы қаулысы кеңестік қылмыстық құқық ұстанымдарын өрескел бұзды. КСРО Орталық атқару комитетінің 1934 жылдың 8 маусымындағы қаулысы Отанға сатқындық жасағаны үшін сотталған адамдармен бірге тұрған және олардың отбасы мүшелеріне де қылмыстық жауапкершілік енгізді, демек жазықсыз жандар өзгенің жасаған қылмысы үшін жауап берді.
Қылмыстық процестегі орын алған заңсыздықтар тіпті шектен шықты. КСРО Орталық атқару комитетінің 1934 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысы Кеңес өкіметі қызметкерлеріне қарсы жасалған лаңкестік әрекет жөніндегі істер өндірісіне жеңілдетілген тәртіп орнатты. Демек, сот ісінің тыңдалуына екі жақтың бірдей қатысуы міндетті болған жоқ, кассациялық шағым қабылданбайтын. Мұндай істің тергелу мерзімі бас-аяғы 10 күннің ішінде бітуі тиіс, ал айыптының өзін кінәлаған ісімен танысуы және сотта қорғауға дайындық бір күнге дейін қысқартылды. Соттың шешім шығаруына тергеу жүріп жатқандағы және жауап алу кезіндегі жиналған дәлелдерді негізге алуы жеткілікті еді, оның үстіне алынған дәлелдерді бағалауға қарағанда, айыптының кінәсін мойындауы негізгі аргумент болып саналды. Ал адамдардың «кінәсін» сол кездегі тергеушілердің қалай мойындатқаны туралы жиі айтылады.
30-жылдардың аласапыран уақытындағы қарама-қайшылықтар сол кездің тарих беттерін парақтағандарды таңғалдырады. КСРО-ның 1936 жылы қабылданған Конституциясы әлемдегі ең демократиялық заңның бірі болып саналды. Ал құқықтық жағынан елдегі жағдай конституциялық нормаларды елемеудің ең сорақы тәжірибесін көрсетті. Конституцияның 32-бабында КСРО-дағы жалғыз заң шығаратын орган Жоғарғы кеңес екені айтылды. Ал іс жүзінде 1937-1938 жылдарғы репрессия өз бетімен процессуалдық нормалар мен санкциялар орнатқан Саяси бюро мен Ішкі істер халық комиссариатының шешімдеріне негізделді. Мұның барлығы былық, шектен шығу екенін Ішкі істер халық комиссариатының (ІІХК) аймақтардағы атқарушы қызметкерлерінің өздері де байқамай қалған жоқ. Мысалы, Татарстан ішкі істер халық комиссары П.Рудь Мәскеуге арнайы хат жазып, «Конституцияны осылай бұрмалай береміз бе, әлде партия басшыларының өкімін орындаймыз ба?» деп сұраған сөзінен өзі де бір мезгілде халық жауына айналып шыға келді де, 1937 жылы ату жазасына кесілді. Ал саяси қуғын-сүргін Рудьтің сұрағынан кейін тоқтап қалған жоқ, жалғаса берді...
1936 жылғы Конституцияның 102-бабында КСРО-да сот төрелігін тек сот қана жүзеге асыратыны айтылған. Ал іс жүзінде Коммунистік партияның бастамасымен барлық жерде заңнамалық іс жүргізуді өрескел бұзып, миллиондаған адамдарды қуғынға ұшыратқан соттан тыс «екілік», «үштік», «ерекше мәжілістер» дегендер құрылды. Олар саяси қуғын-сүргінді жеделдетіп, күшейтті. Мысалы, 1937 жылы шілдеде Қостанайға соттан тыс «үштік» құру жөнінде Сталин қол қойған жеделхат түседі. Оның құрамына облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Кузнецов, облыстық атқару комитетінің төрағасы Б.Байдақов, облыстық ІІХК бастығы Н.Павлов кірді. Өңірде троцкийшілдермен, зиновьевшілермен байланысы болғандардың, Кеңес өкіметіне қарсы шыққандардың, бұрын Алашорда құрамында болғандардың, С.Сәдуақасов пен С.Қожановты жақтайтындардың, қысқасы құрық салынуға тиісті 26 адамның тізімі жасалып, қыркүйек-қазан айларында ұсталады. Оның ішінде облыстық «Большевиктік жол» газетінің редакторы Т.Сарықожаев, облыстық партия комитетінің хатшысы Құрманалин, атқару комитетінің қызметкері Ахметов, облыстық сот төрағасы, аудандық партия комитетінің хатшылары, ұжымшарлар төрағалары болды. Қыркүйек айында «үштіктің» бір мүшесі Бақытжан Байдақов өзіне қол жұмсап, бірақ тірі қалады. Оның неге мұндай қадамға барғанын тап басып айту қиын, ол бірден тұтқындалады. Ал қараша айының 2-сі күні «үштік» үш адамды 10 және 8 жылға соттайды да, 6 қараша күні қалғанының барлығы атылады.
20-жылдардың аяғы мен 50-жылдардың басында елімізде жүрген процесстер кеңес және партия органдарының қызметінен бастау алды, оның заңды көрінісі еді. Құқық олар үшін басқаша ойлауға жұрттың шамасын келтірмей басып-жаншып отырудың қаруы мен өз билігін жүргізудің құралы ғана болды. Соның ішінде Конституцияға кереғар нормативтік актілер, жалпыодақтық органдар одақтық және автономиялық республикалардың құзыретіне қатысты нормативтік актілер қабылдады. Партияның жоғары органдарының өздері қабылдаған нормативтік-құқықтық актілердің едәуір бөлігі ресми көздерде жарияланған жоқ, сондықтан жалпы бұқара жұртшылық олармен таныса алмайтын, олар үшін жұмбақ күйінде қалды. Міне, осының барлығы жаппай қуғындауға негіз болды және құқық деген түсінікті қоғамдық қатынасты реттегіштен партиялық-кеңестік элитаны билікпен қамтамасыз ету механизміне айналдырды. Құқық пен заңдылықтың бұзылуы секілді қоғамдағы теңсіздіктің, әділетсіздіктің анық-қанығына жету түсінігі болмағандықтан қуғын-сүргін бұқаралық жаппай сипат алып кетті де, ол кеңестік мемлекеттегі қоғамдық өмір сипатының бөлінбес бөлшегі болып қалыптасты.
1993 жылы Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі заң қабылдады. Сол уақыттан бері зорлық-зомбылықтан зардап шеккен мыңдаған азаматтардың ардақты есімін ортаға оралтуда көптеген жұмыс атқарылды. Алайда шешімін күткен істер әлі де жеткілікті. Сол дүрбелең жылдары ресми қылмыстық баптармен сотталған, бірақ шын мәнісінде өзінің жеке сенімі, пікірі үшін зардап шеккен, әсіресе ұжымдастыру мен аштыққа байланысты жаппай көшіруге қарулы қарсылық көрсеткен азаматтар санатын ескеру керек. Қарсылығы үшін бас көтертпей құрту үшін психиатриялық ауруханаға жатқызылып, қолдан жынды жасаған азаматтар тағдыры ерекше назар аударуды қажет етеді. Қазақстанның көптеген азаматты республикадан тыс жерлерде де репрессияға ұшырады.
Ең бастысы, саяси қуғын-сүргінді ұйымдастырушылар – Коммунистік партия жетекшілерінің, кеңестік заңнаманы өрескел бұзуға тікелей кінәлі жазалаушы органдардың құқықтық және саяси бағасы әлі берілген жоқ. Оның ғылыми және саяси анық айтылмауы жазықсыз құрбандарды ақтау жұмыстарын толыққанды етпейді, тоталитарлық режімнің саяси мақсаттылығын, репрессияны ұйымдастырушылар мен кінәлілерді моральдық жағынан ақтауға, жақтауға, сыныққа сылтау тауып, түсіндіруге ұмтылыс жасауға негіз қалайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміз бостандығы үшін күрескен, ұлттың рухани тірегі болған тұлғаларымыз ортамызға келіп, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған еді. Ал сол аласапыран уақытта жазықсыз жапа шеккен, ұр да жық саясат жіберген өрескел қателіктердің құрбаны болған қарапайым адамдардың, аталарымыздың не жазығы бар? Олардың рухы да әділеттілікті күтеді. Президент бастамасымен дер уақытында құрылған мемлекеттік комиссия Қазақстан тарихындағы ірі гуманитарлық апаттан зардап шеккен тұлғаларға қатысты әділеттікті қалпына келтіреді деген сенім мол.
Еркін ӘБІЛ,
Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор