Адамзат қоғамындағы ең озық басқару жүйесі – демократиялық жүйе екендігі белгілі. Оның да жетіспейтін жақтары көп әрине, бірақ У.Черчилль айтпақшы, одан озық жүйе ойлап табылған емес.
Демократиялық басқару жүйесінің басты шарты – ашықтық, жариялылық. Бәрі де ашық болса халық басқару жүйесінде не болып жатқанын біліп отырады. Әсіресе бюджет қаражатының нақты қаншасы қайда бөлініп, қалай жұмсалғаны белгілі болады. Мәселен, «мына темір қоршауды жасауға 200 млн теңге жұмсалды, қаражатты бөлуге қол қойған Асан, ақшаны игерген Үсен» деп нақты көрсетілсе, ал халық оның құны 20 млн да тұрмайтынын көрсе – ақшаның желінгені айдан анық көрініп тұрар еді... Өз қаражатының, яғни бюджет қаражатының желінгені анық көрініп тұрса – халық тексеруді талап етеді. Сөйтіп қана әділетке қол жеткізуге болады.
Ашықтық – әділетті таза қоғам орнатудың, демократиялық дамудың басты шарты. Ал жабық жүйе болып, іс-әрекеттердің бәрін халықтан жасыратын болса, ондай қоғамда ұрлық-қарлықтың өрістеуінен іріп-шіру пайда болып, ақыры құрып тынады. Оның мысалын кеше ғана КСРО-ның кезінде өз басымыздан өткіздік. Жабық қоғам болып, бәрін халықтан жасырған ел ақыры жер бетінен жоғалды.
Демократиялық даму жолын таңдаған Қазақстанның барлық заңдары ашықтықты талап етеді. Бірақ пәлен ай зерттеліп, ойланып, толғанып, қыруар қаражат жұмсалып жасалған, неше түрлі сүзгілерден өткен сол заңдарымыздың көптеген талаптары орындалмай жатады. Соның ішінде ашық қоғамның шарттарын іске асыруды талап ететін «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңның талабын бәрі демесек те көптеген шенеунік ескере бермейді. Тіпті мойындағысы да келмей, көзге ілмеуге тырысады. Негізінен журналистер қауымының сүйенуіне негіз болатын бұл құжатта заңмен нақты тыйым салынбағандардан басқа барлық ақпаратты алуға да болатындығы айтылып, ашық жазылған. Ал осы заңның 9-бабында басқа міндеттерімен қатар «ақпарат иеленуші анық және толық ақпарат беруге міндетті» екендігі тіпті нақпа-нақ көрсетілген. Егер осы талап орындалмаса, мемлекеттік орган заңды бұзған болып саналатыны айқын. Алайда бізде мұндай талапты аттап жүре беретіндер жеткілікті.
Жуырда үш облыстағы бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау жөніндегі Тексеру комиссиясының жұмыстары туралы мақала әзірлемек болдық. Облыстық мәслихаттың хатшысы Бубенко Владимир Степановичке хабарласып, бақылау жұмыстары бойынша Тұрақты комиссиялар қандай жұмыс істеп жатыр, есептері бар ма деген едік, бізде барлық тексеру жұмыстарын Тексеру комиссиясы жүргізеді. Ал біз олардың есебін тыңдаймыз дегенді айтты. Сонымен бірге қажет болса өзі хабарласып, олардың ақпарат беруін сұрайтынын жеткізді. Аздан соң Тексеру комиссиясының аппарат басшысы Тимур Тұрсыновтың өзі хабарласып, қандай сұрақтарым бар екенін анықтап алды да, ақпараттарды жедел дайындап беруге тырысатынын айтты.
Облыстық Тексеру комиссиясы деген әжептәуір әлеуетті орган. Құрылымына қарасақ бір төрағасының төрт орынбасары (оларды тексеру комиссиясының мүшесі деп атайды екен), аппарат басшысы және жеті бөлімі бар. Жұмысы қызып, бюджет қаражаты жұмсалуының дұрыстығы тексеріліп және оны халыққа жеткізіп, дүңкілдетіп-ақ жататын орган сияқты. Алайда ел газеті «Егеменнің» өзінің «сіздердің жұмыстарыңызды көрсетейік» деген өтініші орындалмады. Бұл не деген жасырын, жабық әрекет екенін әркім өзінше салмақтар.
Материалдар дайындап беремін деген Тимурдан еш хабар болмай кетті. Телефон соқсам көтермейді. В.Бубенкодан Тексеру комиссиясының төрағасы Тілеген Қаскиннің телефонын да алған едім, қайта-қайта шырылдатсам, ол да көтермейді. Мүмкін бұл телефоны істемейтін шығар деп, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Әбдірешовтен екінші телефонын алып, сол нөмірмен хабарластық. Тым-тырс. Ватсаппен хат жазсам да жауап жоқ. Тек бір-ақ рет Тимур төрағадан пәрмен келген жоқ деп хат жазды.
Ақпаратқа қол жеткізбеу – заң бұзушылық екенін өзге орган емес, Тексеру комиссиясы ұғуға тиісті еді, өйткені өздері де заңнамалық құжаттардың негізінде қаражаттың дұрыс жұмсалуын тексеретін орган ғой. Алайда олар сол үндемеген қалпы қалды. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деп ойлайтын шығар, бәлкім?!.
Өзіміз қарастырып көрейік, демократиялық елдің қорғанысы – ашықтық болғандықтан барлық іс-әрекеттері сайттарында тұрған шығар деп оны ашсақ... Атқарылған жұмыс туралы ешқандай ақпарат жоқ. Әрине жылдық есептер бар, соның ішінде 2019 жылдың есебі тұр. Ал бізге керегі ағымдағы жұмыстар, биылғы атқарылып жатқан істер еді. Жылдың аяғын күтпей-ақ өз жұмыстары туралы айтуларына болады ғой. Әлде, соншама үлкен аппараты бар орган 2020 жыл бойы ешқандай мемлекеттік органның бюджет қаражатының дұрыс жұмсалуын тексермеген бе? Тексерсе заңсыз шығындар туралы хабарламай ма? Ондайлар үнемі болып тұрады емес пе? Әлде... бірдеңелерді жасыра ма?
Негізінен осы күдік дүдәмал ойларға жетелей береді. Ақпарат бермегені сол болуы керек. Олай болса осы органның өзін тексеру керек сияқты.
Жалпы, әріптестердің айтуына қарағанда, жалғыз Солтүстік Қазақстан емес, барлық өңірлердегі көптеген мемлекеттік органдар өздерінің жұмыстарын көрсетуден қашқалақтайды. Тек жоғарыдан үлкен бастықтар айтса ғана ақпарат береді, ал айтпаса «сен тимесең мен тимен, бадырақ көз» дегендей ештеңе айтпай, бұғып қалғысы келіп тұрады. Осының өзі, жоғарыда айтқанымыздай, біздің қоғамның жасырын, жабық сипатын көрсететін сияқты. Ал жабық жүйенің зардабы – бітеу жараға әкелері сөзсіз. Сондықтан осы тарапта жоғары билік тарапынан пәрменді талап керек-ақ.
Талап демекші, жақында ғана Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажет. Себебі бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала бермейді. Бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидждік іс-шараларға жұмсалатын тиімсіз шығындар азаматтарымыздың наразылығын тудыруда» деген болатын. Жоғарыдағы оқиғадан кейін біздің өңірде де осындай жағдайлар орын алып отыр ма деген еріксіз ойға тірелесің. Сонда облыс шенеуніктері Мемлекет басшысының Жолдауындағы талаптарға да немқұрайлы қарайтын болғаны ма?
Солтүстік Қазақстан облысы