Енді «Ашық деректер» порталының сервистерін пайдаланатын әзірлеушілер нақты уақыт режімінде COVID-19 науқастарына арналған медициналық ұйымдарда бос орындардың бар-жоғы туралы ақпаратты көре алады. Сондай-ақ қажетті медициналық техниканың болуын бақылай алады.
Портал сервистерінде жарияланатын барлық ақпарат тұрақты негізде жаңартылып отырады және Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен ықпалдасудың нәтижесінде қолжетімді болды. Бұл – осы сервистер мәліметтерді мемлекеттік органның деректер қорынан тікелей алады деген сөз. Деректер алмасу үшін JSON пішімі қолданылады.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысовтың айтуынша, мұндай мәліметтерді ұсынуға қабілетті сервистерді жариялау бүгінде өзекті.
«Ашық үкімет» порталының көмегімен жас стартапшылар мен әзірлеушілерге азаматтарға пайдалы онлайн сервистерді құруға көмектесетін ақпаратқа қол жеткізуге бірегей мүмкіндік бар», деді Ә.Тұрысов.
Осы сервистердің толық мәліметтерін «Ашық деректер» порталының «Сипаттама» қосымша бетінен табуға болады.
Ашық үкімет идеясы мемлекеттік ақпараттық жүйелерден маңызды мәліметтерді ұсынуға бағытталғанын атап өту керек. «Ашық деректер» порталынан басқа да, яғни бюджет қаражатының жұмсалуын қоғамдық бақылау арқылы белсенді азаматтық ұстанымды дамытуға ықпал ететін «Ашық бюджеттер»; әзірленіп жатқан заң жобалары мен НҚА жобаларын талқылау үшін «Ашық НҚА»; мемлекеттік органдар мен қоғам арасында сұрау салулар беру және интернет-конференциялар мен сауалдамаларға қатысу арқылы тиімді кері байланыс орнату үшін «Ашық диалог» порталдары қолжетімді.
Айта кетелік, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ «электрондық үкіметтің» инфокоммуникациялық инфрақұрылымының және мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік жүйесінің операторы, сондай-ақ орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады.