• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 15 Қыркүйек, 2020

Кадрлық резерв – сабақтастық жолы

451 рет
көрсетілді

Максим Споткай есімі көпшілікке бұрыннан таныс. Павлодар облысындағы Ақсу қаласының тумасы, тәуелсіздіктің төл кұрдасы Максим бұған дейін Nur Otan партиясында, Президент Әкімшілігінде еңбек етті. Омбы қаласындағы техникалық университетте оқып жүрген кезінде көрші елде қазақ тілінен сабақ беріп, мәдени-танымдық газетті басқарған ол бүгінде Парламент Сенаты аппараты басшысының орынбасары болып қызмет етеді. Парламентке жаңа мақсаттар мен тың идеяларды арқалап келген жас маманды Президенттің кадрлық резерві, мемлекеттік басқару жүйесі туралы әңгімеге тартқан едік.

– Білуімізше, сіз бұған дейін де мемлекеттік басқару саласында қызмет еттіңіз. Бұл жобада бағыңызды сынауға не түрткі болды?

– Президенттің кадрлық резер­ві жасақталатыны туралы Мемле­кет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында айтып өткен-ді. Одан кейін әлеуметтік желілерден, БАҚ-тан естіп жүрдім. Бұл жобаның ерекше екені анық. Меніңше, Прези­денттің кадрлық резерві мемлекеттік басқару жүйесін жаңа деңгейге шығарып, серпін беретін бастама. Өз ісін білетін, тәжірибелі жас­тар еш­қашан артық болмайды. Сон­дықтан бұл бастамада өзімді сынап көруге бел будым. Қай салада болсын жаңа көзқарас, жаңа леп қажет. 

Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл – тың бастама. Іріктеудің бірне­ше кезеңінен өткеннен кейін өзіме көңілім тола бастады. Өйткені іріктеу кезеңі оңай болған жоқ. Тіпті көптің сынына іліккен тестілеудің  өзі арнайы дайындықты қажет етті. Президенттің бастамасымен құрылған топқа өту, оның мүше­сі болу – үлкен жауапкершілік. Мем­лекет басшысының өзі де резерв­шілермен кездескенде айрықша сенімін білдірді. Екінші жағынан қара­сақ, кадрлық резерв – мүмкіндік, әлеу­меттік лифт. Резервшілер қатарында бұған дейін ұстаздық еткен, жеке кәсіппен айналысқан азаматтар бар. Барлығымыз бе­ріл­ген мүмкіндікті пайдаланып, өзімізді жақсы қы­рымыздан көр­сетіп, білікті маман екенімізді дә­лел­деп, ел келешегінің кемел болуына үлес қоса аламыз. Бағ­дар­ламаға қатысушылардың бірі меритократиялық жолмен қыз­метте өсемін десе, енді бірі жа­ңа білім іздеп келді. Өйткені резерв­шілер Мемлекеттік басқару ака­демиясындағы дәрістерге қатыса алады.

Резерв мүшелерінің әрқайсысы білікті, білімді азаматтар. Бәрінен бұрын олардың мінезіне тоқталғым келеді. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Елге қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегендей, резервшілердің бойынан парасат, намыс көре алдым. Осындай азаматтардың арасында, қатарында болудың өзі мен үшін мәртебе.

– Кадрлық резервтің болашағы туралы не айтасыз? Сіздіңше жоба жалғасын таба ма?

– Ең алдымен, бұл бастаманы дұрыс түсінуіміз керек. Көбі кадрлық резервті жастарды жоғары лауазымдарға тағайындау деп ұғады. Ол тек жастардың бағын сынауға берілген жол, мүмкіндік. Ал оны кімнің қалай пайдаланары өз қолында. Резервті шын мәнінде рухы биік, патриот жастардың тобы дер едім.

Мемлекеттік органдарда білімді, жалынды жастар аз емес. Бұл жол­дағы жастарға жүктелген міндет – ескі жүйеге серпін беру, жаңалық әкелу. Уақыттың өтіп, заманның өзге­ретінін айтып жаңалық ашпа­сым анық. Дегенмен бұл қай іске болсын жаңаша көзқарастың қажет еке­нін еске салады. Кадрлық резерв – сабақтастықтың жолы. Үлкен мақ­саттар қоя алатын арманшыл жас­тарға осы саланың жілігін шаққан майталмандарынан үйрене отырып, өз идеяларын ұсынуға берілген мүм­кіндік.

Сондықтан, менің ойымша, жоба жал­ғасын тауып, осы іріктелген 300 жаспен шектелмейді. Былай қарасаңыз, серпін қай салаға да қажет. Мәдениет, спорт, экономика саласы да жаңғыруды қажет етеді.

– Бүгінгі қызметіңізде қандай міндеттерге жауаптысыз? Заң шы­ға­рушы органға қандай жаңа леп әкел­мекке ниеттісіз?

– Парламент Сенатының ең негіз­гі мақсаты – Президент Қасым-Жо­март Тоқаевтың Жолдауының іске асуы үшін сапалы заңдармен қам­тамасыз ету. Елдегі өзекті мәсе­лелерді шешу жолында Сенат аппараты да, депутаттық корпус та бір­лесіп жұмыс істеп жатыр.

Қазір азаматтар көп мәселені әлеуметтік желілерде ашық айтып, назар аудартып жүр. Саясаткерлер мен сарапшылар да бірқатар проб­леманың басын ашуда. Бұл бұрын болмаған үрдіс. Ендігі кезекте ха­лық­пен тығыз байланыс орнатып, олармен байланысқа шығуды мақсат етіп отырмыз.

Қазіргі қызметімде БАҚ-пен байланыс, халықаралық қатынас пен ақпараттық талдауға жауаптымын. Сенат жұмысының БАҚ-та жариялануы, Сенат Спикерінің елшілермен кездесулері міндетіме кіреді. Заң қабылдау – күрделі процесс. Бұл ретте Палаталар басшыларына, депу­таттарға сапалы аналитика керек. Сол себепті елде талқыланып жат­қан мәселелерді зерттеп, оған қатысты деректер дайындау керек. Онымен қоса Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев – Әлемдік жә­не дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы. Сондықтан съезд жұмысына қатыс­ты мәселелер бойынша да жұмыс іс­тейміз.

– Президенттік резервтің мүше­лері бір-бірімен байланыста ма? Жобаға қатысқан азаматтар бірін- бірі қолдап тұратын шығар?

– Резервшілермен кездесіп тұрамыз. Біздің кездесулерге Пре­зи­денттің көмекшісі Ерлан Қарин келіп тұрады. Біз елдегі проблемаларды талқылап қана қоймай, оны шешу жолдарын ортаға саламыз. Мем­лекеттік орган басшыларына ұсы­ныстарымызды жеткіземіз. Бұл формат әлі де жалғасын табады деген ойдамын. Әрине, әр жүйеде шешілмеген мәселенің болатыны сөзсіз. Адамдардың екі түрі бар деп есептеймін. Бірі проблемаларды қабылдап, ештеңе өзгермейді деп ұйғарса, екінші топ проблема анықталған бойда шешу жолдарын іздейді. Менің пайымымша, резервтегі азаматтар екінші топтан. 

БАҚ-та резервшілердің жақсы қыз­меттерге тағайындалғаны тура­лы жиі жазылып жүр. Бірі Прези­дент Әкімшілігінде, бірі түр­лі министр­ліктерге, бірі үлкен компанияларға қыз­метке орналасқан. Меніңше, бұл – енді өсіп келе жатқан ұрпаққа мотивация. Жастарды елге пайдалы болуға ынталандырады, басқару жүйесіне жаңалық алып келудің мүмкін екеніне дәлел деп есептеймін.  Мұндай бастамалар міндетті түрде жалғасын табуы керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»