• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Қыркүйек, 2020

Ноутбук пен гаджет қашықтан оқуға қажет

241 рет
көрсетілді

Оқу жылын қашықтан бастаған Алматы облысының оқу­шыларына қажетті құрылғы жетіспей жатқаны жасырын емес. Осы мәселені шешу үшін атқарушы билік барлық мүмкіндікті пайдаланып жатыр. Бюджет қаржысына мұқтаж отбасыларға компьютер техникасын сатып алу жалғасуда. Бұл іске демеушілер де үлес қосуда.

Мәселен, қашанда қа­йы­рым жасаудан қалыс қалмай­тын «Салиқалы ұрпақ» қоғам­дық қоры бұл жолы Жетісу балаларына 500 ноутбук сый­лады. «Салиқалы ұрпақ» қоры бұған дейін  Алматы қала­сының оқушыларына 500 ноутбук тарту еткен еді.

– Бұл ноутбуктер аз қам­тыл­ған отбасы балаларына берілетін болады. Біз осындай қиын кезеңде әрбір баланың сапалы және жақсы білім алуын қалаймыз. Өйткені болашақ ұрпақтың дамуына еш кедергі болмауы керек, – дейді қор директоры Қасым Қасабеков.

Жалпы, жаңа оқу жылында аз қамтылған отба­сы­лардың балаларына жағ­дай жасау мақсатында ұзын саны 55 мыңнан астам компьютер техникасы сатып алы­нады екен. Өткенде сол компью­терлердің алғашқы легі жеткізілген болатын. Техни­калық ерекшелікке сәйкес­тігі мұқият тексерілгеннен кейін, дербес компьютерлер Ақсу, Қаратал аудандары мен Талдықорған қаласының оқушыларына берілді.

– Жаңа оқу жылында қа­шық­­тан оқыту үшін жағдай жас­ау мақсатында Алматы об­лысының оқушыларын бар­лық қажетті техникамен қам­тамасыз ету жұмыстары жүр­­гізілуде. Жақында бала­ларға республикалық бюджет қаржысына сатып алын­ған дербес компьютерлер тара­тылса, бұл «Салиқалы ұрпақ» қ­оғамдық қорының демеу­ші­лі­гінің арқасында Тал­ды­қор­ған қаласына 500 ноут­бук жет­кізілді. Олардың екі жүзі об­лыс орталығында тұ­ра­тын оқу­­шыларға ар­нал­ған, ал қал­­ғандары жақын ара­да ау­дан­дарға бөлінеді, – дей­ді об­лыс­тық білім бас­қар­ма­­сы­­ның бас­шысы Майгүл Омарова.

Айтпақшы, Алматы облысында жыл соңына дейін мектептердің 84 пайызы сым­­сыз интернетке қол жет­кізетін болады. Бұл мақсатқа жер­гілікті бюджеттен 156 мек­тепке 454 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде жыл соңына дейін 639 мектеп Wi-Fi технологиясы негізінде ғаламтормен қамтылатын болады. Жалпы, бүгінде облыстағы 760 мектептің барлығы компьютерлік техникамен жабдықталып, 100 пайыз ғаламторға қосылған. Оның 527 мектебі немесе 69,3 пайызы жоғары жыл­дамдықты интернетке тал­шықты-оптикалық кабел арқылы жалғанса, 233 мектеп яғни, 30,6 пайызы спутниктік байланыс арқылы ғаламтор тұтынып отыр екен. Ал Wi-Fi технологиясы негізінде сым­сыз интернетке қосылған мектеп саны 483 шамасында.

Сондай-ақ облыстың білім ошақтарындағы ком­пью­терлердің жалпы саны 50 мыңнан асады екен. Оның 40 мыңға жуығы ауыл мек­тептеріне тиесілі көрінеді. Былтыр ақпараттандыру бағ­дарламасы бойынша жұмыс техникасын сатып алуға 376,9 миллион теңге бөлінсе, биыл мұға­лімдерге қажет компьютер үшін 311,8 миллион теңге қаржы қарастырылған. Мұнан бөлек, облыстың білім беру мекемелерінде 69 ІТ-сыныптар құрылған. Биыл­дың өзінде 50 ІТ-сыныпты жабдықтау үшін 476,8 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.

 

Алматы облысы