Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында мемлекеттігімізді нығайту жолындағы ең басты мәселелерге назар аударып, қоғам мен мемлекетімізде стратегиялық бағыттар бойынша қандай өзгертулер жасау керек екенін айқындады. Мемлекет басшысы басты құжатта сыбайлас жемқорлықты болдырмау, жолын кесу мәселесіне айрықша тоқталды.
Азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз деп айрықша атап өтті. Жемқорлыққа апаратын себептерді анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерістеріне арнайы талдау жүргізу белгіленді.
Сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейтуде Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізуді ұсынуы қоғам дертімен күрестің нәтижелі боларына сендіре түседі. Осыған дейін жемқорлыққа байланысты сотталған адамның кесімді жазаны толық өтеп шығарына жұрттың сенімі аз еді. Сондықтан да сотталған жемқорларды мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күшін жою ең қуатты профилактикалық әсерге ие болады.
Жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыру туралы ұсынысы да осыған дейін ескерілмей келген мәселенің бірі.
2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер, депутаттар мен судьялар үшін шетелде банк шоттарын иеленуге тыйым салуды енгізу бастамасы ел мүддесі үшін қызмет ету идеологиясы тұрғысынан ғана емес, жемқорлық капиталын шетелге шығару мүмкіндіктерін жою мақсатында да маңызды.
«Қоғамдық бақылау туралы» заңның қабылдануы азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдарды сыбайлас жемқорлық пен бюрократияға қарсы жүйелі түрде әрекет етуге барынша кең ауқымда тартуға сеп болады.
Ардақ ЕРСЕЙІТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы