СҚО облыстық ПД баспасөз қызметінен келген мына хабарға таң қалмасқа лажың жоқ. Онда Есіл ауданының бір тұрғыны аудандық ауруханаға келіп, дәрігерлерді ұрып, одан «жедел жәрдем» көлігін айдап әкетпек болғаны туралы айтылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
37 жасар адам масаң күйде болған. Бірақ неге нақты ауруханаға шабуыл жасағаны және дәрігерлерді неге ұрғаны туралы айтылмаған. Бұл жерде тек бұл адамға медицина қызметкерлерінің зардабы өткенін болжауға болады. Ашынбаған адам болса ауруханаға шабуыл жасауы мүмкін емес қой.
Полицияның хабарына қарағанда ол сол аурухананың бір «жедел жәрдем» көлігін шопырынан тартып алып, мініп кеткен. Сосын басқа жерде тұрған «ВАЗ 2121» қызметтік автокөлігіне соғылып, тоқтаған. Соңынан келген жүргізушіні де соққыға жыққан. Шақырту бойынша жеткен учаскелік полиция инспекторы ғана оны күшпен ұстаған.
Есіл ауданы ПБ бастығы, подполковник Ерлік Есләмбеков аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің шаралары басталғанын мәлім етті. «Құқық бұзушы Қылмыстық кодекстің «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» туралы айтылған 200-ші бабы бойынша айыпталуда. Сонымен қатар оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бабы бойынша хаттама толтырылды. Сотқа дейінгі тергеу бұзушы 20 тәулік әкімшілік қамау жазасын өтегеннен кейін жалғасатын болады. Жүргізушіні соққыға жығу фактісі бойынша процессуалдық шешім сот-медициналық сараптамасынан кейін қабылданатын болады», деді ол.
Алайда адамның ауруханаға неге шабуыл жасағанын анықтау бойынша ешнәрсе айтылмайды. Полиция көзіне түскен бұзушылықты ғана емес, оның себептерін де анықтаса құба құп болар еді. Адамды ашындырып, аямас халге жеткізудің өзі де қылмыс емес пе? Мемлекеттік органдар барлық іске әділеттікпен қарауы керектігін жуырда өзінің Жолдауында Президент те талап етті. Сондықтан бұл азаматтың іс-әрекетіне сот кеңірек тұрғыдан қарап, әділетті шешім қабылдар деген үміттеміз.