Ауыл тұрғындарының облыстық, аудандық әкімдіктерге жыл сайын өтініш жасап, жауабын күтіп отырғандарына жылдар өтті. Уәде бергіш әкімдерден соң әкімдер ауысады, ал Баянауылдың ауыл жолдарын жөндеуге келген мердігерлер өз міндеттеріне салғырт қарап, талап пен тәртіп үдесінен шықпай, жауапкершілік те арқаламайды.
Жуырда ауданға жолсапармен бардық. Сапарымызды Баянауылдың Жаңатілек ауылынан бастадық. Көресіні – Қарашат-Жаңатілек аралығындағы кез келген адамның сабырын сарқып, көлігін тоздыратын жол мехнатын тартып барып қайтқанда көрдік. Көлігіміз аудан орталығынан шыққаннан кейін Қарағанды облысына баратын республикалық жол бойымен Ақсаң ауылы тұсынан өтіп, одан кейін Қарашат ауылынан Жаңатілекке баратын жолға бұрылдық. Әп-сәтте сайрап жатқан тас жолдан төменгі шаңды жолға түстік те кеттік. Өйткені асфальт жолдың әбден тозығы жеткен, ойлы-шұңқырлы, көліктің жүруіне өте қиын. Аудандық маңызы бар үлкен жолдың бойын су басып кетіпті.
Қасымызда бірге келе жатқан аудандық ішкі саясат, мәдениет бөлімінің басшысы Қайрат Сарбасовтың айтуынша, 2016 жылғы тасқын судан кейін пайда болған кең жайылған көл енді міне, жол бойына да жеткен екен. Ауыл тұрғындары да бізді жолдың жоқтығын, қиындығын тартып жүргендерін айтып қарсы алды.
– Қарағым, өзің жүріп көріп келген Қарашат-Жаңатілек аралығы бар-жоғы – 32 шақырым жол. Соңғы 30 жылда бірде-бір күрделі жөндеуден өтпеген. Бұл жол 1970 жылдары салынған. Ауылдықтар әбден зәрезап болды. Ешкім ауырып қалмаса екен дейміз. Өйткені аудан орталығына жетудің өзі қиын. Тіршілік жасап, оны-мұны шаруалар жасауға жол бөгет болып тұр. Өйткені жем болсын, басқа да құрал-жабдықтар жеткізуде жолдың мехнаты бағаны көтеріп жібереді. Жолдың жағдайын айтып, облыс әкімдігіне баруға жиналып жүрміз, – деді ауыл ақсақалы Балтабек Әкімбекұлы.
Ауыл азаматтары бірлесіп, жолды өздері жөндемек те болыпты. Бірақ бұрыннан бері күрделі жөндеу көрмеген жолды жөндеуге арнайы техника мен жол материалдары, көп қаражатты қажет ететін құрылысқа шамалары келмепті. Бағдат Кәрібайдың айтуынша, бір жылдары жол саламыз деп жұмыс та бастаған екен. Жергілікті биліктен көмек болмаса, бара-бара өздері жасауға тура келетін шығар.
– Әрбір келген аудан әкімі «смета жасалуда, қаржы бөлінеді, жол жөнеледі» деп уәде береді де кетеді. Ендігі үмітіміз – Баянауылдың кезекті әкімі Қанат Кәрімовте, – дейді Найман Мәуленұлы бастаған ауыл тұрғындары.
Ауыл әкімінің айтуынша, мұнда мыңға жуық халық тұрады. Негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Шаруа қожалықтары мен ауыл малын қосқанда 8 мыңнан аса қой, жылқы, ірі қара мал өсуде. Жол мен судың жағдайы болмаса, ел ішінің тыныс-тіршілігі жақсы, мал қорада, дастарқан мол. Мектепте 200-дей оқушы білім алады.Биыл күрделі жөндеу жүргізіліп, терезелері ауыстырылды. Біз келгенде ауылдың ескі мектебінің айналасын жөндеп жатыр екен.
Баянауылда аудандағы экономиканың нақты секторына жауапты мамандардан Қарашат-Жаңатілек жолына 2018 жылы 600 млн теңге қаржы бөлінгенін анықтадық. Бірақ 2017 жылы жасалған құжат нәтижесінде жол жөндеуге мемлекеттік сатып алу шарты бойынша «КСК Строй», «Сапа +» ЖШС-лары қатысып, біреуі тендерді ұтып алып, екіншісі онымен келіспей сотқа беріп, ақыры жол жөнделмей қалады. Қаражат игерілмей, қайтадан аудандық бюджетке қайтарылған. Ал Қарашат-Жаңатілек жолына қатысты ендігі мәселе бұдан да күрделі болмақ түрі бар. Өйткені жол жөндеуге келгендер бір-бірімен соттасып, тендерге таласып жүргенде Қарашат-Жаңатілек жолының ауылға жақын жердегі бөлігін су басып кетті. Тіпті әрі қарай жайлап жайылып та барады. Енді түзу жолдың бағытын өзгертіп, тауға қарай қиғаштай бұрып құрылыс жұмыстарын жүргізуге немесе су өткізгіштер орнатып барып жолды жөндеуге болар. Жолды жөндеу барысында бұрынғы асфальт төселген қабатын алып қайта төсемесе, жолдың ұзаққа бармасы да анық.
– Сондықтан Қарашат – Жаңатілек жолына Үкіметтен 1 млрд 600 млн теңге көлемінде қаржы сұрадық. Қазір сараптамаға тапсырылған жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Барлық мәселе сарапқа салынып, қорытындысы нақты шыққан соң барып, ауыл жолы жөнделеді, – деді аудан әкімі Қанат Кәрімов.
Бұған дейін Баянауыл ауданын Кенже Кеңесбаев, Қорабай Шәкіров, Ернұр Әйткенов, Нұрлан Күлжан, Оразкелді Қайыргелдиновтер басқарды. Барлығы да ауылдағы тозығы жеткен жолдардың жағдайын жақсы білді.
Былтыр Үкіметте еліміздің туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаға енген 10 ең перспективалы туристік бағыт қатарында Баянауыл курорттық туристік аймағы да бар. Бірақ ауданда жол салу, күрделі жөндеу жүргізу төңірегінде дау азаймай тұр. Ауданда 12 ауылдық аумақтан тұратын 32 үлкенді-кішілі ауыл бар. Бірлік ауылының кіреберіс 7 шақырым жолы жылдар бойы жырға айналған. Не дерің бар? Осы жолмен әзер дегенде жүріп, ауылға бардық. Ауыл тұрғындары жылдар бойы жөнделмейтін жолдардың ауыр бейнетіне шыдап тұрып жатыр. Мысалы, Мәшһүр Жүсіптің кесенесіне жақын Жаңажол ауылына тас жол төселген, бұл жұмыстарды «Сапа+» ЖШС жүргізді. Республикалық бюджеттен 920 млн теңге қаражат бөлінгенімен «Сапаның» жұмысы атына заты сай болмады. Жол бойын «бөлісе алмай», соттасып жүрген де осы серіктестік. Биыл жазда Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов сапасыз жолдарды арнайы мамандарымен, ауылдықтармен бірге аралап көрді. Ауданда жаңадан салынған күре жолдар талапқа сай емес. Бастапқы мердігерлер мен қосымша мердігерлерде жол салу барысында жауапкершілік болмағаны анықталды. Қазір бастапқысы бітірмей кеткен жұмысты қосымша мердігерлерге бере қоятын «дәстүр» қалыптасқан.
Облыстық тексеру комиссиясының мәліметінше, Үкімет су тасқыны салдарынан зардап шеккен автомобиль жолдары учаскелерінің күрделі жөндеуін жүргізу үшін 2015 жылы Баянауылдың Майқайың – Екібастұз – Бесқауға, Қарашат – Жаңатілек – Жаңа Жайма, Алексеевка – Жаңажол, Бірлік ауылының кіре берісі, Ұзынбұлақ – Теңдік сияқты басқа да 13 ауылдың жолын жөндеуге қаржы бөлінеді. Бірақ Қарашат – Жаңатілек – Жаңа Жайма автомобиль учаскесінің күрделі жөндеуі бойынша «Вершина» ЖШС, Бірлік ауылына кіреберіс жолдың күрделі жөндеуі бойынша «ПКФ Гордорстрой» ЖШС, Ұзынбұлақ – Теңдік автомобиль жолдары учаскесінің күрделі жөндеуі бойынша «САПА+» ЖШС, Қаражар – Южное автомобиль жолдары учаскесінің күрделі жөндеуі бойынша «ДМ» ЖШС-ның конкурстық өтінімдері біліктілік талаптарға және конкурстық құжаттамаға сәйкестіктері негізсіз болғаны анықталған. Сонымен бірге жергілікті тексеру комиссияның өкілдері облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Баянауыл ауданының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерімен бірлескен тексеру барысында «Екібастұз – Бесқауға, «Баянауыл – Угольное», «Қарашат – Жаңатілек – Жаңа Жайма», «Алексеевка – Жаңажол» автомобиль жолы учаскелерінің күрделі жөндеу жұмыстарында заң талаптары бұзылған. Бұған себеп, «Тамыр» ЖШС, «Сервис НС» ЖШС, «Вершина» ЖШС, «Май СК-Астана» сияқты кәсіпорындармен жалпы жол жөндеу жұмыстары сапасыз жасалған, жобалау-сметалық құжаттамада көрсетілген ұсыныстардан бөлек, атап айтқанда, жер төсемі жалпақ, жолдың жағасы жобадағыдан кіші учаскелер бар, отырыңқыраған және жеткілікті бекітілмеген жол жағасы байқалды, I тип бойынша құлама жардың еңкіштігі жобадағыдан 1:3 кіші құрады, жол жағасы еңкіштігі жоба бойынша көрсеткіштерге сәйкес болған жоқ.
Балтабек Әкімбекұлы ақсақалдың 30 жыл жөндеу көрмеген деп айтып тұрған «Қарашат – Жаңтілек» жолының жөндеу жұмыстары жол бойындағы алаяқтарды қолына түскендей, біртіндеп шайылып суға кетіп бара жатқанының себебі сол сияқты. Жол бойындағы алаяқтар демекші, жуырда «Егемен» сайты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы АҚ-ның басқарма төрағасы Ұлан Әліповтің жол бойындағы алаяқтардың өз әрекеттерін қалай жүзеге асыратыны және олардан сақ болу керектігі туралы пікірін жариялды.
– Олар қалай жұмыс істейді? Бізде жол салу немесе жөндеуде негізгі мердігер компаниядан бөлек, қосымша мердігер компания болады. Алаяқтар сол қосымша мердігер компаниялар арқылы өздерінің заңсыз қызметін ұсынады. Осы орайда жол жөндеу жұмыстары бойынша қажет қызмет пен маманды өзіміздің ресми сайт немесе әлеуметтік желідегі парақшамыз арқылы жүргізетін болдық. Одан бөлек, жуырда Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне арнайы хат жолдап, осы проблемамен бірлесіп күресуді ұсындық, – дейді Ұ.Әліпов.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы