• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 16 Қыркүйек, 2020

Бағаны тұрақтандырудың басым бағыттары

895 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Индустрияландыру картасы жобаларын іске асыру барысы қаралды. Осы мәселе бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбек, Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақов, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов баяндама жасады.

206 жоба іске қосылады

Пандемияның күрделі жағдайлары мен экономикадағы әлемдік құлдырауға қарамастан, 2020 жылдың 8 айында өңдеу өнеркәсібінде оң динамика қалыптасты, өсім 3,3%-ды құрады. Биыл Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 996 млрд теңгеге 206 жобаны іске қосу көзделген. Бұл өндіріс көлемін 1,3 трлн теңгеге, экспортты 325 млрд теңгеге арттыруға, шамамен 19 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Салалар бөлінісінде жобалардың негізгі бөлігі машина жасау (170 млрд теңгеге 19 жоба), ТКМК (190 млрд теңгеге 18 жоба), АӨК (195 млрд теңгеге 76 жоба), энергетикаға (126 млрд теңгеге 10 жоба) тиесілі.

Индустрияландырудың көрнекі мы­сал­дары – Алматыда «Hyundai» және Қостанайда «Chevrolet» жеңіл автомо­бильдерін құрастыруды іске қосу, Қарағанды облысында техникалық газдар өндірісі мен алтын шығару фабрикасын ашу және тағы басқа жұмыстар. Құрылатын Өнеркәсіпті дамыту қоры 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бо­йынша қолжетімді несие беру арқылы кә­сіпорындарды кеңейтуге және жаң­ғыртуға ықпал етеді. Биыл капиталды аса қажет ететін жобалар Қарағанды, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында іске асырылуда. «Қалған өңірлер жобаларды іске асыруды жандандырсын. Әкімдер Индустрияландыру картасындағы жобалар бойынша жеке жауапты болады», деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мемлекеттік органдармен және әкім­дік­термен бірлесіп, биылға белгі­ленген барлық жобаны іске асырып қана қоймай, Индустрияландыру картасы жобаларының пулын қосымша пысықтап, кеңейтуді тапсырды. Сонымен қатар барынша тұрақты ішкі және сыртқы сұранысы бар салаларды, оның ішінде жеңіл, азық-түлік және химия өнеркәсібін, машина жасау мен фармацевтиканы, кең ауқымды пайдаланылатын құрылыс материалдарын өндіруді қолдауға, сондай-ақ мұнай-химия және газ өңдеу салаларындағы технологиялық күрделі жобаларды қолдауға бар күш-жігерді жұмсау қажет.

Премьер-Министр моноқалаларда индустриялық жобаларды дамыту қажет екенін атап өтті. Табысты мысал ретінде Қарағанды облысының Саран қаласын келтірді, онда «Youtong» автобустар мен арнайы техника өндірісі бойынша ірі жобаны іске асыру қолға алынды. 1 500 жұмыс орны құрылады, автобус­тар мен арнайы техника өндірісінің қуаттылығы жылына 1 500 бірлікті құрайды. Сонымен қатар қуаттылығы жылына 3,5 млн-ға дейін болатын автошиналар өндіру жобасы пысықталып жатыр, оның 30%-ын экспорттау жоспарланған. Бұл тағы 1,5 мың жұмыс орны. Жалпы алғанда, Саран қаласында инвестициялар көлемі 150 млрд теңгені, жыл сайынғы өнім шығару 160 млрд теңгені құрайды. Бұған қоса әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру және салу жұмыстары басталды. «Мұндай деңгейдегі өндірісті барлық моноқалаларда дамыту қажет. Сондықтан әкімдер инвесторлармен белсенді жұмыс істеп, олар үшін қажетті жағдайларды жасап, халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуі керек» деді А.Мамин.

Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «цифрлы дәуір» өнеркәсібін дамыту жөніндегі жұмысты күшейтуді және цифрлы шешімдерді енгізетін кәсіпорындарды қосымша ынталандыру мүмкіндігін пысықтауды, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне өндірістік процестерге роботтандыру мен жасанды зерде озық технологияларын енгізу деңгейіне мониторингті күшейтуді тапсырды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне 2020 жылғы қазан айының соңына дейін «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң тұжырымдамасының жобасын әзірлеп, Үкіметке енгізу тапсырылды.

 

Баға бақылауда болады

Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны реттеу және азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Осы мәселе жөнінде баяндаған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өсімі барлық аймақта байқалады. Дегенмен тауарлардың көпшілігі бойынша ішкі нарықтағы сұраныс отандық азық-түлік тауарлары есебінен қамтылды. «Өсімнің 90%-ы, яғни 4,1 пайыздық тармағы, елімізде төтенше жағдай режімі енгізілген кезеңінде тіркелді», деген министр мұның негізгі себептері карантиндік шаралармен байланысты орын алған азық-түлікке деген дүрлікпе сұраныс және логистика мен тауар тасымалдаудың өзгергені, маусымаралық кезеңдегі тапшылық болғандығын жеткізді.

Биылғы мамыр айынан бастап баға өсімі реттеле бастады. Атап айтқанда, бағалар мамырда 0,1%-ға өсті, маусым мен шілдеде өспей, тамызда тіпті 1%-ға төмендеді. Бағаларды тұрақтандыру үшін Сауда және интеграция, Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің бірлескен бұйрығымен төтенше жағдай режімі кезеңінде 9 әлеуметтік маңызы бар тауарға шекті бағалар белгіленді. Сонымен қатар министрлік әкімдіктерге ішкі сауда субъектілерінің шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін сақтауға бақылау жүргізу бойынша ұсыныстар жіберді. Аталған ұсыныстарды орындау үшін әкімдіктер мен министрліктің аумақтық бөлімшелері тұрақты негізде мониторинг жүргізіп, оның қорытындысы бойынша 180 әкімшілік айыппұл салынды. «2020 жылғы 22 наурыздан бастап төтенше жағдай режімінің әрекет етуі кезеңінде 7 тауарды (қарақұмық, қант, картоп, пияз (сарымсақ), күнбағыс тұқымы, күнбағыс майы, қарақұмық жармасы) экспорттауға, сондай-ақ тауарларды (сәбіз, шалқан, қызылша, қырыққабат, бидай ұны және жұмсақ бидай) ай сайын шығаруды квоталауға тыйым салынды. Бұдан өзге бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында осы жылдың наурыз айынан қыркүйек айына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импорты мен сатылуына қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді», деді Б.Сұлтанов.

Б.Сұлтановтың айтуынша, бағаны тұ­рақтандырудың маңызды құралдарының бірі – монополияға қарсы реттеу шаралары. Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті ішкі нарыққа сөз байласу мәніне тұрақты мониторинг жүргізеді. Осылайша, осы жылы азық-түлік, жеміс-көкөніс пен ет өнімдерін өндіру және сату бойынша нарық субъектілеріне 293 хабарлама жіберілді, сондай-ақ 13 тергеу жұмысы жүргізілді. «Біздің бағалауымызша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі тұрақтанады және жыл соңына дейін 6%-дан аспайды», деді министр. 

Бағаларды онлайн режімде мониторингтеу үшін министрліктің аумақтық бөлімшелері мен әкімдіктер dosmart.kz онлайн жүйесін пайдаланады. Бұл жүйе ML технологияларымен өңдеуге және 1% көлемінде кэш-бэк алуға арналған фото чектерді қоса, жеке тұлғалардан өзекті деректерді жинауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ дүкендерде бағалар мен өнімдердің бар-жоғын мониторингтеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта бағаны тұрақтандыру шеңберінде министрлік стационарлық емес сауда базарларын жаңғырту және сауда жабдықтарын сатып алу үшін ұзақмерзімді қаржыландыруға қол жеткізу; электрондық сауданы дамыту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу; ұлттық тауар өткізу жүйесін құру бо­йынша жұмыстар жүргізуде.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапар­хан Омаров азық-түлік бағасын тұрақ­тан­дыру үшін ішкі нарықты негізгі 29 тауар позициясымен толықтыру жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл ретте, 12 тауар бойынша ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 100%-ды және одан көп мөлшерді құрайды. 11 тауар бойынша қамтамасыз етілу 80% және одан көп. Ал қалған азық-түлік тауарларының 6 түрі бойынша импортты алмастыру жұмысы жүргізілуде. «Ішкі нарықты өсімдік шаруашылығы өнімдерімен толықтыру үшін сұранысқа ие ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 439,2 мың гектарға кеңейтілді. Ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 22,7 млн гектарға жеткізілді. 18 млн тонна астық дақылдарын жинау жоспарлануда, бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті іске асыруға жеткілікті», деді С.Омаров.

 

Тұрақтандыру шаралары қабылданады

Майлы дақылдардың жалпы көлемі 2,6 млн тонна болады деп күтілуде, бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың тоннаға артық. Сондай-ақ картоп және көкөніс-бақша дақылдарын өндіру көлемі сәйкесінше 4 млн тоннаға және 6,8 млн тоннаға дейін ұлғайтылатын болады. Ішкі нарықты мал шаруашылығы өнімдерімен толықтыру үшін ауыл шаруашылығында мал басын өсіру қамтамасыз етіледі. 2020 жылдың 7 айында ірі қара мал басының 5%-ға, ұсақ мал басының 2%-ға, жылқы басының 9%-ға өсуі байқалады. Өңделген өнімдер көлемі, соның ішінде ұн 6,4%-ға, өсімдік майы 1,8%-ға, макарон өнімдері 8,4%-ға, құс еті 12,3%-ға, қышқыл-сүт өнімдері 4,7%-ға, сарымай 12,9%-ға, шұжық өнімдері 22,8%-ға өсті.

«Азық-түлік тауарларын өндірудің өсуін қамтамасыз ету үшін жыл соңына дейін бірқатар жаңа инвестициялық жобалар енгізіледі. Мысалы, жыл соңына дейін құс етін өндіру көлемі 75 мың тоннаға немесе 25%-ға ұлғайтылады. Бұл жаңа 8 құс фабрикасын жылдың аяғына дейін іске қосу есебінен қамтамасыз етіледі. Оның екеуі іске қосылды», деді С.Омаров.

Сонымен қатар сүт өндірісі ұлғай­тылады. Жылдың соңына дейін қосымша көлемі 112 мың тонна болатын 25 өнер­кәсіптік тауарлық сүт фермасы іске қосы­лады. Қазір 6 инвестициялық жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін қуаттылығы 45 мың тонна болатын 3 жаңа ет комбинатын іске қосу жоспарланып отыр. Халықты алмамен қамтамасыз ету үшін 2 мың гектар алма бағын отырғызу жос­парлануда, бұл 68 мың тоннаға дейін өнім бере алады. Қант өндіру бойын­ша Жамбыл облысында жаңа зауыт салу жұмыстары басталды, қант қызыл­шасына арналған алаңдар 20,5 мың гек­тарға дейін ұлғайтылды. Алматы облы­сында қолданыстағы қант зауыттарын жаңғырту жүргізілуде. Министр қор­ларды бағалау жолымен өңірлердің азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне мони­то­ринг жүргізіліп жатқаны туралы айт­ты. «Азық-түлік тауарларының 16 түрі бойынша Үкіметтің резервтері қалып­тас­тырылған. Бұл мақсаттарға 16,7 млрд теңге бөлінді, ол 43,5 мың тонна азық-түлік сатып алуға мүмкіндік берді», деді С.Омаров.

Қазіргі кезде тұрақтандыру қор­ла­рында 27,7 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, оның ішінде 12,5 мың тонна ұн, 7,9 мың тонна қант, 1,7 мың тонна макарон, 1,4 мың тонна күріш, 1,3 мың тонна өсімдік майы және азық-түліктің басқа да түрлері сақталуда. Бұдан басқа, 21 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын, соның ішінде 9,1 мың тонна картоп, 3 мың тонна пияз, 2,5 мың тонна сәбіз, 2 мың тонна қант және басқа да тауарлар түрлерін жеткізуге форвардтық шарттар жасалды.

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Ол биылғы қалыптасқан жағдайды ескере отырып Үкімет пен әкімдіктердің өнім өндіруді, сақ­тауды және барлық өңірлерге жет­кі­зуді қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін қабылдағанын еске салды. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шекті бағасы белгіленді, бағаны тежеу міндеттемесімен «қайтарымды схема» арқылы сауда желілеріне жеңілдікті қарыз беру практикасы кеңейтілді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді, оның ішінде форвардтық сатып алу меха­низ­мі енгізіліп, оған 24,5 млрд теңге бө­лінді. 516,9 мың тонна ауыл шаруа­шы­лы­ғы өнімін сатып алу үшін 159 ауыл ша­руашылығы тауарын өндіруші іріктелді.

Премьер-Министр қабылданған шара­лардың әлеуметтік маңызы бар тауар­лардың бағасын 4,4% деңгейінде тұрақ­тандыруға мүмкіндік бергенін атап өтті, бұл өткен жылғы көрсеткіштерден екі есе аз (8,7%).

Үкімет басшысы бағаны тұрақтандыру бойынша Алматы қаласын мысалға келтірді, мұнда «қайтарымды схема» үшін жедел түрде қаражат бөлу жұмыстары жүргізіліп, бұл тұрақтандыру қорларын дер кезінде толықтыруға, сатып алынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімін кеңейтуге мүмкіндік берді. «Әкімдіктер алдын алу шараларын дер кезінде қабылдаса, бағаның тұрақтылығы мен оны тежеу қамтамасыз етіледі. Біз импортқа тәуелділікті азайту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бағаны қымбаттатуға ешбір себеп жоқ. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлық түрі бойынша бағаның тұрақтылығына қатаң бақылау жүргізіледі», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, сыртқы жағдайға және азық-түлік қорының жеткілікті болуы мен әлеу­меттік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақ­тылығына мониторингті жалғастыруды, «қайтарымды схема» арқылы сауда желілеріне жеңілдікті қарыз беруді кеңейту, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін форвардтық сатып алу практикасы мәселелерін пысықтауды тапсырды. Әкімдіктерге импортқа тәуелді тауарлар (қант, көкөніс өнімдері және басқалары) өндірісін ұлғайту бойынша жобаларды басымдықпен іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды.

Премьер-Министр Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі мен өңірлер әкімдерінің назарын өзімізде өндірілетін азық-түліктің, әсіресе картоп, ұн, сәбіз және қарақұмық жармасы секілді өнімдерге аудара отырып, олардың бағасын өсіруге жол бермеулері тиіс екенін ескертті. «Азық-түліктің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету қазақстандықтардың тұрмыс сапасының басты факторларының бірі», деп түйіндеді сөзін А.Мамин.