• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Пікір 16 Қыркүйек, 2020

Теңгені отандық өндіріс оңалтады

593 рет
көрсетілді

Пандемияның соңы жаһандық экономикалық дағдарысқа ұласқаны белгілі. Сол орайда Ұлттық банктің жүргізіп отырған ақша-несие саясаты орын алған жағдайға сын-қатерлер мен тәуекелдерге жауап бере алмай қалды. Сол себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда ақша-несие саясатын қайта қарауды тапсырды.

Ақша-несие саясаты – өте ауқымды дүние. Соның ішінде көп нәрсе қайта қаржыландыру мөлшерлемесін реттеу саясатына тікелей байланысты. Нарықтағы инвесторлар, несие алушылар, дәстүрлі салымшылар, депозит ашушылар ақша сала отырып, белгілі бір дең­гейде тәуекелге барады. Тә­уе­кел деп отырғанымыз – ел­­дегі ин­фляция, мұнай бағасы­ның өзгеруі, ақшаның құнсыз­да­нуы.

Мәселен, Үкімет елдегі ин­фля­цияның орташа деңгейін 6-8 пайыз көлемінде ұстап тұ­руға талпынуда. Алайда биыл аяқ ас­тынан орын алған пан­демия, мұ­най бағасының тө­мендеуі, қалып­тастан эко­но­микалық ауыр жағдай инфляцияны 10 пайызға жеткізді. Бұл ресми статистика. Әдетте, ресми статистика мен шынайы жағдай ешқашан сәйкес келген емес. Демек, елдегі орташа инфляцияның деңгейі бұдан да жоғары деген сөз.

Қазақстандағы қайта қар­жы­­­ла­н­дыру мөлшерлемесі қазір 9 пайызға тең. Осы жыл­дың көктемінде Ұлттық банк белгілеген мөлшерлеме 9,5 пайыз еді. Қар­жылық рет­теу­ші дәл сол тұста дұрыс қадам жасамады. Пандемия, дағда­рыс жағдайында қайта қар­жы­ландыру мөлшерлемесін төмен­детуі керек еді. Аталған мөл­шерлеме жоға­рыласа, депо­зиттер, кредиттер қым­бат­тайды. Қайта қаржыландыру мөлшерлемесі – ақшаның на­рық­тағы құнын білдіретін көр­сеткіш. Яғни, Ұлттық банк мөлшерлемені көтерсе, екін­ші деңгейлі банктердің мөлшер­лемесі де жоғарылайды. Дағ­дарыс жағдайында мөлшер­леме көтеріле берсе, жеке адамдардың, заңды тұл­ға­лар­дың банк өнім­дерін алу мүм­кіндігі азаяды. Кре­диттің қымбаттығы еш­кім­ді қызықтырмайтын болады. Сон­дықтан дағдарыс кезін­де қайта қаржыландыру мөл­шер­лемесі төмендетілуі керек. Меніңше, 7,5-8 пайызға дейін азайтуға болады. Бұл бизнес үшін де, бұқара үшін де тиімді болар еді. Президенттің Жолдауда назар аударып отырған мәселесінің бірі осы.

Валюталық саясатқа да тоқ­талғым келеді. Қазір Ұлттық банк алыпсатарлықтың ал­дын алу мақсатында шетел­дік валюта­лар­ды сататын лом­бардтардың, айырбас пункт­терінің, банктердің жұмы­сына шектеу қойды. Осы­лайша валюта бағамын қол­дан реттеуді көздеп отыр. Бі­рақ теңге пәрменді болмай тұр. Ұлттық валю­таға сенім біл­ді­ретіндер аз. Кі­рістілігі 1 пайыз болса да, жұрт­шылық артық ақшасын доллармен сақтайды. Ішкі нарық ақша-несие саясатына сенімсіздік танытқан соң, шетелдіктер де күмәнмен қарайды. Мұның саяси астары да бар. Шетелдік инвесторлар Қазақ­станда заң үстемдік еткен кезде ғана бізге деген көзқарасын өзгер­теді. Әзірше, Қазақстандағы сая­си фактор инвесторларға тиім­ді емес. Сондықтан алдымен сая­си реформа жасалуы керек. Сон­да ғана ақша-несие саясаты, эко­но­микалық реформалар өз жемісін беретін болады.

Кез келген ұлттық валюта екі жолмен қамтамасыз еті­леді. Бірі – алтын-валюта қоры. Екіншісі – тауар өндірісі. Дәл қазір бірде-бір мемлекет ұлт­тық валютаны алтын қоры­мен қамтамасыз ете алмай­ды. Өйткені алтынның қоры шек­теулі. Демек біз екінші жолға басымдық беруге тиіспіз.

 

Талғат ДЕМЕСІНОВ,

экономист, профессор