Мемлекеттік бағдарламалардың аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ұзақ жылдан бері қордаланып қалған ауыз су, жол, жылу қазандықтары тәрізді күрделі мәселелер шешілуде. Білім ошақтары, мектепке дейінгі мекемелер жөнделіп, ауыл көшелері жарықтандырылып, балалардың спорт алаңдары салынуда.
Степногор қаласы мен оның маңындағы бірнеше елді мекен ауыз судың азабын тартқалы қанша жыл?! Алтынды өңірінің тұрғындары судың жоқтығынан мал баға алмай, бақша еге алмай қиналып келген болатын. Шындығын айтқанда, мал түгіл адамдардың өздері таза суға зар еді. Енді, міне, «Степногорск су каналы» мекемесі су тазалайтын жаңа қондырғы арқылы қаланы да, қала іргесіндегі елді мекендерді де таза суға қарық қылмақ. «АП-Импэкс» ЖШС жаңа заманның талабына толық жауап беретін су тазалайтын құрылғыны таяуда пайдалануға бермекші. Құрылғының қуаты тәулігіне 48 мың текше метр су тазалауға еркін жетеді. Сілеті су қоймасынан алынған нәр ауыз суға да, өндірістік мақсатқа да пайдаланылатын болады. Жалпы құны 5 082 395 243 теңге тұратын құрылғыдағы су ең озық технология бойынша сүзгіден өткізіледі. Бір айта кетерлігі, жаңа құрылғының электр қуатын үнемдеуге әсері мол екен.
– Бұрын ауыз судың азабын көп тарттық, Заводской және Ақсу кенттерінің тұрғындары суды тасымалдап ішті. Су тапшылығынан көп шаруашылық қаңтарылып тұрды, – дейді қала тұрғыны Серікбай Бермағанбетов. – Енді, міне мемлекет қамқорлығының арқасында осындай жақсылық жасалып жатыр.
Жақсылық жалғыз су ғана емес, өзге салаларды да қамтыған. Мәселен, қаладағы №1 орта мектеп 1987 жылы салынған. Қазір мұнда 352 оқушы білім алуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жасалыпты. Пән кабинеттері жаңартылып, шатыры ауыстырылған, едені жамылғымен көмкеріліп, сыртқы әрлеу жұмыстары да көз қуантарлық болып жөнделген. Ұзақ жылдан бері ағымдағы жөндеу жұмыстары істелгенімен, дәл осындай күрделі жөндеу тұңғыш рет жасалып отыр. Білім ошағының басшылары да бағдарлама шарапаты туралы жүрекжарды лебіздерін білдіруде.
Ақсу кентіндегі №1 орта мектеп те биыл күрделі жөндеуден өткізіліп, көп-көрім жақсарып қалған. Білім ошағының сырты әрленіп, ішіндегі пән кабинеттерінің қабырғалары, дәліздері әктеліп, сырланған. Еден мен терезе де алмастырылыпты. Бұрынғы тозығы жеткен төбенің кей тұстары жаңаланған.
Қала мектептерімен қатар кәсіптік-техникалық білім жүйесі де қамқорлықтан қағыс қалмаған. Мәселен, Степногор қаласындағы индустриялық-техникалық колледж құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай сыңғырлап тұр. Сөз арасында аталған білім ошағында 17 мамандық бойынша мамандар даярланатынын айта кетуіміз керек. Колледж басшыларының айтуына қарағанда, бұл мамандықтардың барлығы сұранысқа ие екен. Келер жылы жарты ғасырлық тойын тойлайтын білім ошағына «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 115 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ғимараттың шатыры жаңартылып, бірінші, екінші корпустардың ағаш терезелері алмастырылған. Оқу корпусының кіреберісі жөнделіп, төбесі қалыпқа келтіріліпті. Жоба бойынша көзделген жұмыстардың барлығы мәресіне жеткен. 2020 жылы «Жас маман» жобасы бойынша да аталған оқу орнын жақсылық шарапаты шарпып өткен. Осы жоба бойынша 248 млн теңгеге токарьлық, фрезерлік құрылғылар алынды. Білім алушылар енді бағдарлама бойынша алған білімдерін өндірістік тәжірибемен ұштастыра алады.
Қалада оқушылар мен білім алушыларға білім саласында жағдай туғызылып жатса, спортпен айналысуларына да мол мүмкіндік бар. Мәселен, футбол, баскетбол алаңдары, көпбейінді жаттығу залдары бой көтеріп, әншейінде бос уақыттарын қайда, қалай жұмсарларын білмей жүрген жас буынға айта қаларлықтай жанашырлық жасалып отыр. №3 мектептің маңында ені 30, ұзындығы 50 метрлік спорт алаңы салынған. Сондай-ақ №4 шағын ауданда қолға алынған футбол және баскетбол алаңдары таяу арада пайдалануға беріледі. Мұндай көріністі №9 шағын ауданда да көруге болады. Бұл жерде жоғарыда айтылғандардан сәл шағын болғанымен, ең бір талапшыл көңілден шығатын тәп-тәуір алаңдар салынып жатыр.
Қалада құрылыс жұмыстары қарқынды қолға алынған. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 375 млн теңгеге 45 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Баспана пайдалануға берілген кезде 30 пәтер әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларға берілсе, қалған 15-і де түрлі жеңілдіктерге ие адамдарға берілетін болады. Құрылыс жұмыстарына ондаған адам тартылған. Еңбекақылары да толымды. Шалғайдағы шағын қаланың тұрғындары үшін тәп-тәуір табыс табуға мүмкіндік туған.
Баянды бағдарламалардың нәтижесінде кем-кетігін жөндеп, ажары ашылып келе жатқан ауданның бірі – Ақкөл. Мұнда да бірқатар білім ошағы мен мектепке дейінгі мекемені жазда жөндеуден өткізіп, жаңа оқу жылына дейін жұтындырып қойыпты. Аудан орталығындағы №1 орта мектеп сонау 1936 жылы ашылған. Тарихы тым әрідегі білім ошағына 40 млн теңге қаражат бөлінген. Жалпы көлемі 4030 шаршы метрді құрайтын ғимарат «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізілген. Жөндеу жұмыстарын «Нұрзаман» ЖШС атқарды. Білім ошағының 2040 шаршы метрді құрайтын төбесі жаңадан жабылып, 700 шаршы метр едені ауыстырылды. Сондай-ақ бұрынғы 180 ағаш терезе жаңа заманғы тереземен алмастырылды. Спорт залына жылу жүйесі тартылды. Жергілікті жерден алты адам уақытша болса да жұмыспен қамтылды. Бүгінде 620 оқушы оқитын білім ошағы жаңадан салынғандай жарқырап тұр. №3 Жайық Бектұров атындағы орта мектеп те жөндеуден өткізілді. 1985 жылы пайдалануға берілген үш қабатты ғимараттың жылу, су жүйесі алмастырылып, спорт залына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, терезелері де жаңартылды. Осылайша жаңа көрікке ие болды. Тыңғылықты іс ауылдарда да бар. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 164 618 млн теңге қаражат бөлініп, Еңбек ауылындағы мәдени-спорт кешеніне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Аршалы ауданында да ауыз толтырып айтатын қыруар жұмыс атқарылып, шағын елді мекеннің шырайы кіріп қалыпты. Мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазір алыстан менмұндалап, тұрғындарды мәдениет ошағына шақырып тұрғандай. Аудандық ауруханаға да аталған бағдарлама бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Ұзақ жылдардан бері жөндеу көрмеген ауруханаға биыл бағдарламаның шарапатымен тап-тұйнақтай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бір жаңғырып қалды, – дейді аурухананың бас дәрігері Альбина Анюхина, – карантин кезінде аздап қолбайлау болды. Ауруханаға 1991 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген еді. Енді, міне, кіреберістен бастап іші-сырты жұтынып тұр.
Бас дәрігердің айтуына қарағанда, індеттің алғашқы легі оңайға соқпаса керек. Дәрігерлер уақытпен санаспай дерттің бетін қайтаруға, адамдарды аман алып қалуға жанталаса кіріскен. Бірнеше ауданнан медицина қызметкерлері көмекке келіпті. Қазіргі күні екінші толқынға қапысыз дайындық үстінде. Бұл орайда мемлекет қамқорлығынан өзге жергілікті демеушілердің жанашырлығын да атап айтуға болады. Олар ауруханаға айта қаларлықтай материалдық көмек көрсеткен. Елдің бірлігін, азаматтардың жанашырлығын аңғартатын жүрек жылуы жұмыстан қажып жүрген дәрігерлерге моральдық тұрғыдан үлкен әсерін тигізіпті.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша аудан орталығындағы «Светлячок», «Солнышко» тәрізді мектепке дейінгі мекемелер күрделі жөндеуден өткізілсе, агротехникалық колледж де құрылыс қалағынан жаңа шыққандай. Мұнда тас қалаушы, сантехник тәрізді сұранысқа ие бес мамандық бойынша мамандар даярлануда. Оқу корпусымен бірге жатақхана да жөндеуден өткізілген. Айтпақшы, бұл жатақхана тоғыз жыл бойы бос тұрған екен, енді міне, қабырғалары түзетіліп, әктеліп, едені мен төбесі қалыпқа келтіріліп, терезелері алмастырылып, жаңа ғимаратқа бергісіз кейіпке енген. Оқу корпусының алды да абаттандырылған.
Ел еңсесін көтерген осындай қадау-қадау істер мемлекеттік бағдарламалардың аясында тындырылып отыр. Нәтижесінде, ұзақ жыл қаражаттың жетімсіздігінен қағажу қалған нысандар ажарланып, әлі де елге қызмет ете бермек. Осының барлығы ел мұратын көздеген бағдарламалардың баяны десек, жарасымды.
Ақмола облысы