• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бизнес 17 Қыркүйек, 2020

Тоқымдай жер де табыс әкелуі тиіс

378 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағ­дайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп атап көрсетілген. Бұл орайда, жерді тиімді пайдалану төңірегінде қордаланып қалған мәселе аз емес.

Жұмыр жердің бетін жаман тұмау жайлағалы әлемнің әр қиы­рында азық-түлік тапшы­лығы байқала бастады. Дас­тар­қанымыз тоқ деп арқаны кеңге салатын заман емес. Ұлан-байтақ жеріміздің әр пұш­па­ғын тиімді пайдалансақ қана ауыл шаруашылығы саласы­ның көсегесі көгереді. Ал ауыл ша­­руа­шылығы облыс эко­но­мика­сы­ның негізін құрайды. Өңірде ел Пре­зиденті айтып отырған мәсе­ле өте өзекті. Бір әттеген-айы, то­пы­рағы құнарлы, сулы, нулы өңірде қаншама жер игерілмей, бос жатыр.

Жерді тиімді игеру төңі­регінде сөз сабақтайтын болсақ, ора­лымсыздық менмұндалап тұра­тындығы анық. Ел Прези­ден­тінің Жолдаудағы нақты міндет­тері­нің астарында атан түйеге жүк бо­­ларлық салмақ жатыр. Ендігі ара­­да ұзын арқан, кең тұсауға сал­май, ауыл шаруашылығын дамы­ту қажет. Бұл үшін барымыз бен жо­ғымызды бір түгендеп алсақ. Бар кінәрат сұраныс көп бол­ға­нымен, ұмтылғандардың қолы жет­пей қыруар жердің бос жатуында. Мәселен, облыста 14 613,2 мың гектар жер болса, оның 74 пайы­зы – ауыл ша­руа­шылығы жерлері.

Облыстық әкімдік пен прокуратура бекіткен биылғы 31 қаң­тардағы реестріне назар аударсақ, 1 500 мың гектар алқаптың бос жатқанын көреміз.

Игерілмей жатқан не деген байлық?! Егер осы жердің игілігін ел көрсе, ырысымыз арта түспес пе еді? Бос жат­қан жердің 1 096,6 мың гек­тары жайылымдық жер де, қалғаны егістік. Жер пай­далану құқығы басқа субъек­тілерге берілген көлем де аз емес, 202,418 мың гектар. Оның ішінде 20,7 мың гектары егістік жер де, 180,1 мың гек­тары жайылымдық жерлер, 1,5 мың гектары басқа мақ­сатта пайдаланылатын жер телімдері.

Бір өңірде тусыраған жер туырылып бос жатса, ірі елді мекендердің маңында жер тапшылығы көптен бері туындап отыр. Малсақ қауым алға ұмтылғысы келгенімен, төрт түлігіне жайылымдық, мал азығын дайындауға ша­бын­дық жер таппай күйзелуде.

– Макинка қаласында тұрғын көп. Қала шетінде тұрғандықтан мал ұстасақ күн көрісімізге дұрыс болар еді, – дейді Мақсұтхан Мұ­ратхан, – ежелден мал сүмесі­мен күн көрген елміз ғой, қолымыздағы бірер бас тү­ліктен айырылғымыз кел­мейді. Бірақ, жанды қинай­тыны – жайылым мәселесі. Шабындық та жоқ. Егер жемшөбін сатып алатұғын болсаңыз, қысы алты айға созылатын бұл өңірде қара мал ұстау мүлдем тиімсіз. Мал ұстағысы келетін адам көп. Егер осы аумақтағы жерді дұрыстап бөлсе, қаншама отбасы мал өнімдерімен өздерін өздері қамтамасыз етер еді. Артылып жатқаны қалған жұрттың игілігі.

Негізгі кінәрат жергі­лік­ті әкімдіктерде тәрізді. Ірі шаруашылық құры­лым­­дарына жер телімдері бө­лінген кезде мал сүмесімен күн көріп отырған халықтың қолындағы төрт түліктің санына сәйкес жер телімдерін елді мекенге жақын жерден бөлу қажет сияқты. Өткен жылы осы мәселе түбегейлі зерттеліп, 426,3 мың гектар алқаптың пайдаланылмай жатуына орай ұйғарылымдар берілген. Бос жатқан жердің 148,3 мың гектары егістік, қалғаны жайылымдық жерлер. Иесіз мүлік ретінде есепке 76 мың гектар жер алынды.

Мораторий жағдайында тексеру мүмкін болмаған­дықтан, бұл тараптағы жауап­кершілік аудан әкімдіктеріне берілген. Қазір аудан әкім­дері жер пайдаланушылар­мен жұмыс жүргізуде. Не өздері пайдаланбай, не өз­геге бермей, берекенің бас­тауы, игіліктің бесігі санала­тын жерді бауырына басып отырғандарға ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер пайдаланылмаған жағдайда әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылатыны жеріне жеткізіле айтылуда.

Атбасар, Бурабай, Цели­но­град аудандарының жә­не Степногор қаласы әкім­­діктерінің жүргізген жұмыс­тарының нәтижесінде 35,2 мың гектар кәдеге аспай жатқан жер учаскелері кейін қайтарылды. Мораторий шарт­­тарын бұзбауы үшін ауыл шаруашылығы жер­лері­­нің қаншалықты пайдаланылып жатқанын анықтау мақсатында ғарыштық мониторинг жүргізілуде. Осы­лайша жергілікті атқарушы органдар тарапынан веб-порталды пайдалану арқылы бос жерлердің нақты көлемі анықтала бастады. Бүгінгі таңда Көкшетау, Степногор қалалары мен  бірнеше аудан әкімдіктері 1,725 млн жайылымдық жерді өз мақ­сатында пайдалану туралы 937 хабарлама жіберілді.

Ендігі бір айта кетерлік мәселе, жерді тиімді пайдалану. Әлемде астық өндіретін мемлекеттердің ең алдыңғы қатарындағы Ирландияда гектар берекесі – 99, Жаңа Зелан­дияда 91 центнерден ай­налады екен. Біздің түсі­міз­ге кіріп көрмеген өнім. Рас, біздің бидайдың сапасы жақсы, әсіресе, Жақсы, Есіл, Жарқайың аудандарында би­дайдың қамырлылы­ғы 30 пайызға дейін жете­ді. Солай бола тұра, гектар берекесін арттыру, егіншілік мәдениетін жетілдіру тарапынан кем түсіп жатырмыз.

– Бүгінгі таңда гектар бе­ре­кесін арттыру айрықша ма­ңызға ие, – дейді Ауыл ша­руа­шылығы ғылымдары академиясының академигі Әбілжан Құсайынов, – ең бас­тысы, тұқым селекция­сына көңіл жеткілікті бөлінбейді. Оның басты себебі, тұ­қым­ның шетелдерден әкелінетіні. Сайып келгенде шеттен әке­лін­ген тұқым өңірдің таби­ғи ерекшелігіне бірден көн­­діге алмайды. Демек, өзіміз­де өнгіштік қасиеті мол жаңа сұрыптарды дайын­дай­­тын ұлттық селекция ұтым­­ды жүргізілуі керек. Көк­темгі егіс кезінде тұ­қым таппай қапылған шағын шаруа қо­жа­лықтары репро­дук­ция­дағы стандартқа келмейтін тұқымды егуге мәжбүр.

Ғалымның айтуына қара­ғанда, табиғаттан мол алғы­мыз келгенімен, бере­ріміз жоқ­тың қасы. Қай­тарым қа­ғидатын берік ұстан­ба­ған­дықтан соңғы жылдары егістік алқаптар тозып кеткен. Сондықтан да гектар берекесі көңіл көн­шітпей отыр. Осы арада бір дерек келтіре кете­лік, елі­мізде егістік алқап­тар­дың әр гектарына 6-8 кило ғана тыңайтқыш сіңіріледі. Алыс­қа бармай-ақ, іргедегі Ресейге қарасаңыз, бұл көр­сеткіш 45 килоны құрап отыр. Ал АҚШ-та 135 килоны құ­райды екен. Осыдан кейін жерге өк­пелеудің жөні жоқ.

Алқаптардың құнарлы­лығын арттыру барысында ең қолайлысы органикалық тыңайтқыштарды пайдалану. Қазір шаруашылықтар қай алқапқа қанша тыңайтқыш қажет екенін білмейді. Ендігі арада егістік алқаптарының картограммасы жасалып, қатаң есепке алыну керек. Сонда ғана жер жомарттығын танытады.

Тыңайтқыштың оңдысы – органикалық тыңайтқыш. Оған мемлекет тарапынан субсидия төленбейді. Есесіне экологиялық жағынан таза, экономикалық жағынан арзан, кез келген шаруа қожа­лығына қолжетімді.

Бос жатқан жерге қан­шама мал өсіруге болады. Ға­лымдардың есептеуіне қара­ғанда, әр түлікке 6-8 гектар жер қажет. Облыстағы бос жатқан жайылымды тиімді пайдаланып мал өсірсек, азық-түлік молшылығына кенелер едік. Қазір сырттан келетін 6 түрлі азық-түлікке тәуелдіміз. Оның ішінде ет және ет өнімдері де бар. Өзі­мізде осыншалықты мол мүм­кіндік бола тұра, өзгеге қол жайғанымыз тіптен ұят.

Сөз соңында әзірге кәдеге аспай жатқан мыңдаған гек­тар жерді мақсатты әрі тиімді пай­даланғанда ғана дас­тар­қа­ны­мыз тоқ, қазанымыз майлы болатынын айтқымыз келеді.

 

Ақмола облысы