• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Медицина 17 Қыркүйек, 2020

Инфекция жұқтырған дәрігерлерге төлем берілді

161 рет
көрсетілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1,6 мыңға жуық медицина қызметкері COVID-19 инфекциясын және пневмонияны жұқтыруына байланысты МӘСҚ-тан төлемдер алды.

COVID-19-бен күресуге тар­тыл­ған 1581 медицина қызметкері коронавирустық инфекцияны немесе вирустық пневмонияны жұқ­тырған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтан­дыру қорынан берілетін біржолғы әлеуметтік төлемді алды. Сондай-ақ МӘСҚ аурудың салдарынан қайтыс болған 22 медицина қызметкерінің туыстарына төлемдер аударды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жоғарыда аталған төлем төленетін медицина қызметкерлерін өңірлер­дің және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссиялар ауырған медицина қызметкерлерін тексеру нәтижелері негізінде анық­тайды. Өтінімдерді жинақтауды Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырады, одан кейін өтінім­дер электронды іс макеттерін қалыптастыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-қа беріледі, кейін төлем тағайындау үшін МӘСҚ-қа жіберіледі.

16 қыркүйек сағат 9.00-дегі жағдай бойынша МӘСҚ COVID-19 немесе вирустық пневмония жұқтырған 1581 медицина қызметкерінің өтініші бойынша және аурудың салдарынан қайтыс болған 22 медицина қызметкерінің өтініші бойынша ақшалай қаражатты тағайындау мен төлеуді жүзеге асырды.

Өңірлер бөлінісінде медицина қызметкерлеріне COVID-19 немесе вирустық пневмонияны жұқтыру жағдайына төлемдердің ең көп саны Алматы (350) және Нұр-Сұлтан қалаларынан (309), Қарағанды (113) және Ақмола (107) облыстарынан жүргізілді.

Еске сала кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі мен Денсаулық сақ­тау министрінің 9 сәуірдегі «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызмет­керлері аталған инфекцияны жұқ­тырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына ағымдағы жылдың 22 шілдесінде енгізілген өзгерістерге сәйкес көрсетілген төлем: коронавирустық инфек­ция немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызмет­керлеріне – 2 млн теңгеден; ал COVID-19 коронавирустық инфек­циясын жұқтырғаннан, вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда олардың отбасына – 10 млн теңге көлемінде төленеді.