Менің ойымша, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында коронавирус пандемиясынан кейінгі елдің жағдайын түзеу жолдары мен мақсаттарын нақты көрсете білді.
Президент Қ.Тоқаев Жолдауда көрсеткендей, посткоронавирустық және бүгінгідей әлемдік тәртіп қалыптастыру кезеңінде ұзақ мерізімді ұлт жоспарын дайындау, институционалды реформалар жүргізу жаһандық бәсекелестік жағдайында басымдыққа ие болудың маңызды талабы саналады. Осы ретте мен Мемлекет басшысының мемлекеттік аппаратқа қатысты түбегейлі реформасын, мемлекеттік қызметкерлер санын қайта қарау, сонымен бірге шынайы бәсекелестікті қамтамасыз ететін орта тудыру, жеке кәсіпкерліктің маңызын және нарықтың тиімділігін арттыруды көздеуді қамтыған экономиканың 7 негізгі бағытын жоғары бағалаймын.
Корея Республикасының үкіметі Қазақстан Президентінің Жолдауында көрсеткен міндеттерін жүзеге асыру жолында серіктестігін жалғастырмақ. Жолдауда денсаулық сақтау, медицина инфрақұрылымын дамыту, соның ішінде инфекциялық ауруханалар құрылысы мен медицина қызметкерлерін даярлауға қатысты бірқатар тапсырма айқындалған. Корея Республикасы медицина әлеуеті мен жұқпалы аурулармен күрес бойынша алдыңғы қатарлы елге кіреді. Бұл коронавируспен күрес кезінде айқын дәлелденді. Нәтижесінде, пандемиямен күрестің кореялық тәжірибесі «Кореяның COVID-19-ға жауабы» деп аталып, танымалдылыққа ие болды. Менің ойымша, екі елдің денсаулық сақтау мен медицина саласындағы серіктестігі, әсіресе Корея Республикасының тәжірибесін ескерсек, жақсы нәтиже беріп, Қазақстан халқының әл-ауқатына оң әсер етеді.
Қазақстанда жұмыс істеп жатқан, тестілеу диагностикасының озық технологияларына ие «MPK clinic» корей клиникасы пандемиямен күресте шешуші рөл атқарды. Оған қоса былтыр Корея Республикасы Президенті Мун Чжэ Иннің Қазақстан Республикасына сапарынан кейін жасақталған денсаулық сақтау саласындағы қазақстан-корей жұмыс тобының көмегімен медицина саласындағы әріптестікті бекіту бойынша мәселелер талқылануда. Коронавирустың таралуын тоқтату бойынша да Корея тәжірибесін бөлісу жобасы іске асырылуда. Қазақстанда ауруханалардың құрылысына корей компанияларын қатыстыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Корея Республикасы үкіметі мен кореялық компаниялар Қазақстанға гуманитарлық көмегін жалғастыруда. Биыл алғашқы алты айда Қазақстанда жұмыс істеп жатқан кореялық компаниялар 400 мың АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Ал Корея Республикасының Үкіметі тарапынан 800 мың АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық көмек көрсету шешімі қабылданды. Ол жақын арада Қазақстанға жеткізіледі.
Президент Қ.Тоқаев өз Жолдауында экономиканың өсімі «жасыл» экономикаға негізделуі керектігін алға тартты. Қазақстанның экономика парадигмасы жаһандық тенденцияға бет бұрғаны байқалады. Ал оған коронавирус пандемиясы салдарынан пайда болған экономикалық дағдарысты еңсеруге жұмсалған ресурстарды пайдалану арқылы қол жеткізбек. Корея үкіметі де жақында елдің дамуы бойынша «Жаңа кореялық келісім» бағытын жариялады. Онда жаңа цифрлы және жасыл бағытты дамыту қарастырылған. Сондықтан Қазақстанмен жаңа «жасыл» бағытты дамыту шеңберіндегі серіктестік мүмкіндігінің болашағы зор. Экологиялық таза технологиялар мен жаңа технологиялық даму саласындағы әріптестік екіжақты қарым-қатынастың әлеуетін одан әрі кеңейте түседі деп күтілуде. Ал былтыр екіжақты сауда айналымы рекордтық көлемге жеткен еді.
Қазіргі таңда екі елдің үкіметі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кореяға мемлекеттік сапарын ұйымдастыру мақсатында кеңестер жүргізіп жатыр. Сапардың уақыты екі елде COVID-19 жағдайының тұрақтануына байланысты белгілі болады. Қ.Тоқаевтың Сеулге сапары белгіленген жағдайда бұл сапар COVID-19 пандемиясынан кейінгі дипломатиялық қарым-қатынастың одан әрі дамуына серпін болмақ. Мен Президент Қ.Тоқаевтың Сеулге сапары Қазақстан мен Корея Республикаларының стратегиялық әріптестігінің күшейе түсуіне себепші мықты импульс болатынына сенемін.
Ку ХОНГ-СОК,
Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі