Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы бүгінгі жаңа жағдай, қазіргідей талап пен міндет нақтылана түсіп отырған келелі кезеңде кім-кімнің болсын санасына жеткілікті жетек болды деп түсінемін.
Жолдауда көптеген мәселе орынды көтерілген. Тек оған халық болып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» дегендей бір кісіше жұмыла қолдау танытып, қуаттай білуіміз керек. Біз, қай-қайсымыз болсын: «Иә, Жолдауды оқыдық. Енді бұл қалай жүзеге асар екен?» дегендей бойкүйездік танытпастан, оған жаңаша көзқараспен өзімізден бастап ондағы атап көрсетілген өзекті мәселелерді жүзеге асыруға сүбелі үлес қоса білуіміз керек. Өйткені Президент бүкіл халық болып атқарылуға тиіс өміршең мәселелердің басын біріктіріп, бізге ұсынып отырған жоқ па?
Мысалы, Жолдаудағы: «Қолжетімді әрі сапалы білім» – деп аталатын бөлімінде балалар үйірмесінің қызметін қайта қалпына келтіру жөнінде айта келіп: «Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді» дегенді айтады. Олай болса, сол бастапқы негізді балалардың бойына сіңіре білетін маманның өзі бұл жауапкершілікті терең сезіне білетіндей озық ойлы, биік дәрежелі білім иесі болуға тиіс. Ол ізденістің адамы, жаңашыл бастаманы бірінші болып өзі көтеретіндей сауатты, еңбекшіл, отаншыл азамат болуы керек. Міне, Президент осыны жүктеп, талап етіп отыр.
Осы тұста Мемлекет басшысының: «Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашығы емес пе?! Әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз» деген сөзін біз таза жүрегімізбен, нақты қабылдауымыз керек. Бұл айтылған текті сөздің негізіне лайықты сапалы жұмыс атқарып, Президент тапсырмасына үлкен іскерлікпен жауап беруіміз қажет. Жолдау орындалуымен құнды.
Сол сияқты Жолдауда атап көрсетілген мына бір мәселеге де жан-жақты әрі ерекше сауаттылық таныта қарасақ деймін. Мысалы: «Қайталап айтамын: мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек» деген Президент сөзін сол кәсіпкерлердің өзі: «Болды, бітті, бізді енді ешкім мазалай алмайды» деп емес, керісінше «біздің ісімізге Мемлекет басшысының өзі қолдау білдіріп, қуаттап отыр. Сондықтан да біз өз ісімізді, өзімізге жүктелген міндетті сапалы да адал атқаруға тиіспіз» деген отаншылдық сезіммен қабылдап, әрбір істі жауапкершілікпен атқаруға шұғыл бет бұруы керек. Яғни «құдай беріп қалды» – деп Президент жасаған жақсылықты лас, теріс іс-әрекеттермен алмастырып, ойына келгенін істей бермеуі тиіс. Атап айтқанда, «мен жеке кәсіпкермін» – деп кейбір балабақшадағылардай балдырғандарды оңды-солды ұрып-соғып, не болмаса тұншықтырып тәрбиелеуге жол бермеуіміз қажет. Ал құрылыс компаниялары болса, тұрғызған үйлері мен салған жолдарының артынша істен шығып қалып жататындай шалалықты болдырмауға тиіс.
Дәл осы сияқты пікірді мен Жолдауда атап көрсетілген учаскелік инспекторлардың мәртебесіне байланысты да ашып айтқан болар едім. Өйткені бұл Жолдауда: «ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс» деп айтылған болса, сол учаскелік инспекторлар шын мәнінде өзі қызмет ететін аймақ тұрғындарына кеңінен танымал ма, беделді ме? Ал біз білетін жағдайларда танымал болып, бедел жинақтамақ түгілі біздің кейбір учаскелік инспекторларымыз тіптен халық алдында өздерінің атқарған қызметі туралы қанағаттанарлықтай бір есеп те бере алмайды. Олай болса ендігі жерде бұл инспекторларға жан-жақты ойлануға тура келеді. Жолдауға лайықты жауап беретіндей қызмет иесі болуға талпынып, бейімделіп, іздене жүріп іс қабілетті арттыра түскені абзал.
Осы жоғарыда айтқан пікірлерімді мен Жолдаудың «Ұлттық болмыс» атты бөлімінде келтірілген кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс және темірдей тәртіп пен жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек деген тұжырымдармен ұштастыра отырып аяқтағанды жөн көріп отырмын. Бұл бөлімде әділдік, адалдық, ұқыптылық пен тиянақтылық туралы айтылған сөздердің өміршеңдік қасиетін Президентіміздің жоғары бағалап отырғанын біз де жете ұғынып, өзіміздің өмірлік берік ұстанымымызға айналдыруға тиіспіз.
Серікбай ТҰРЖАН,
Түркістан облысы,
Бәйдібек аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі