• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Технология 17 Қыркүйек, 2020

Инновациялық технологиялар және пандемия

812 рет
көрсетілді

Жер жаһанды жан алқымнан алған індеттің алғашында емі жоқтай көрініп еді. Қазір эпидемияның беті бері қарап, небір заманды өткерген адамзат бұл сынақтан да мүдірмей өтіп келеді. Қысылтаяң сәтте өнертапқыштар түрлі жаңалық ойлап тауып, пандемияға тойтарыс беруде.

Робот – адамның досы

Вирус шартарапты шырғалаңға түсір­генде әлемдік медицинаның әбігерге түскені бар. Індетпен күрес жолында біраз медицина қызметкері аянбай тер төкті. Осы бір сын сағатта технологиялық мүмкіндіктер олардың жұмысын бір серпілтіп тастады. Қазір әлем елдері ден­саулық сақтау саласының роботтан­ды­ру процесін жеделдетуге кірісті. Мәселен, осы жылдың сәуір айының соңында Ресейде бөлмені дезинфекция­лаушы робот пайда болды. Сбербанк бұл ақылды құрылғыны Еуропалық медициналық орталықта сы­нақ режимінде іске қосты. Оның қуатты ультрафиолет шамдары инфекцияның 99,99%-ын, соның ішінде коронавирус­ты жоюға қауқарлы. Мамандар 10 медициналық кабинет пен стационардағы 6 палатаны дезинфекциялау үшін бұл роботқа бір сағат жеткілікті екенін айтады. Аталған құрылғыны дис­плей және дауыстық хабарламалар ар­қылы қашықтан басқаруға болады.

Сондай-ақ Бельгияда адамдардың дене температурасын өлшеп, жеке қорғаныс құралдарының болуын бақылайтын Zora Bots атты ақылды құрылғылар әзірленді. Оны жасап шыққан мамандардың пікі­рінше, коронавируспен күресте ең ал­дымен оның таралуын болдырмау ма­ңызды. Медқызметкерлердің жұмысын жеңілдеткен бұл роботтар пациенттерге қажетті заттар мен дәрі-дәрмектерді байланыссыз жеткізу үшін де қолданылады.

Ал итальяндықтар коронавирус­тан емделіп жатқан науқастарға өз туыс­­та­рымен бейне байланыс орнатуға кө­мек­тесетін double Robotics роботтарын іске қосты. Ауырған шақта жақын адам­дардың жаныңда болуы немесе олардың психологиялық қолдауы індетті еңсеруге титтей де болсын себепкер болатыны бел­гілі. Осындай жақсы ниетпен double Robotics роботтары екі араны жал­ғап, пациенттің көңілін бағатын кө­рінеді. Ол сонымен қатар науқастар мен меди­циналық мекеме қызметкерлері арасында делдал ретінде қызмет етеді екен.

Пандемия кезінде карантин талапта­рын қатаң сақтап, үйде болған тұрғындар үшін тапсырысын жеткізіп беру қызметі қарқын алды. Бұл уақытта әр үйге қажетті затты жедел әрі байланыссыз жеткізу маңызды болды. Мұны ескерген Британияның Starship компаниясының робот құрастырушылары курьерлік қызмет атқаратын роботтар жа­сап шығарған. Олар Милтон Кейнс қа­ласының тұрғындарына азық-түлік және тағы да басқа қажетті заттарды жеткізіп отырады. Компания өкілдері бұл қызмет Ұлыбританияның ұлттық денсаулық сақ­тау қызметінің қызметкерлері үшін мүл­дем тегін көрсетілгенін айтады.

 

Смартфондар сіздің денсаулығыңыз туралы ақпарат береді

Еуропалық өнертапқыштар COVID-19-ды жұқтыру тізбегін бақылауға мүмкіндік беретін pepp-PT мобильді қосымшасын іске қосты. Пайдаланушылардың смартфондары Bluetooth сымсыз технологиясының көмегімен деректер алмасып отырады. Оның жұмыс істеу тәртібі өте оңай. Бойынан коронавирус инфекциясы анық­талған азамат медициналық мекемеде жасалған QR код-ты pepp-PT мобильді қосымшасының көмегімен сканерлейді. Бұдан соң анонимді ақпарат орталық серверге жіберіледі. Қосымша жаныңызда коронавирус жұқтырған адамның бар-жоғынан хабар береді. Егер соңғы екі апта аралығында вирус жұқтырған адаммен 15 минуттан артық байланыста болсаңыз, телефоныңызға бірден тиісті хабарламалар мен ұсыныстар келеді. Адамдар арасында індеттің таралуын шектеу мен аурудың алдын алу үшін жасалған бұл қосымша адам көп шоғырланған еуропалықтар үшін біраз көмектесіп жатқан көрінеді.

Сол сияқты Германияда Роберт Кох институтының зерттеушілері корона­ви­рустың таралуы туралы ақпарат бере­тін интерактивті карталар жасаған. Сон­дай-ақ смарт-сағаттар мен фитнес-біле­зіктердің иелері үшін жүректің соғу жиі­лігі мен ұйқы және белсенділік дең­гейі сынды көрсеткіштерді үнемі диаг­ностикалап отыратын қосымша әзір­ленген. Бұл қосымшаны жүктеу ар­қылы денсаулығыңыздың жай-күйін бақылап отыруға болады. Егер параметр­лердің біреуі өзгерген болса, бұл денсау­лығыңызда қандай да бір кінәрат барын білдіреді.

 

COVID-19 диагностикасы мен оның алдын алудағы инновациялық шешімдер

2020 жылдың ақпан айында қытайлық Infervision компаниясы компьютерлік то­мография суреттерінен Сovid-19-ды анық­тайтын ақылды диагностика жүйесін іске қосты. Нейрондық желі адамның КТ суретін дерекқордағы суреттермен салыс­тыра отырып, коронавирус белгілерін анықтайды. Мұндай компьютерлік технология Қытайдың 30-дан астам клиникасына енгізілген. Бұл дәрігерлер жүктемесін азайтуға айтарлықтай мүмкіндік беріп отыр. Қауіпті індеттің ең алғашқы ошағы да осы Қытайда тіркелген еді. Бүгінде мұнда вирус жұқтырғандар саны едәуір азайып келеді. Бүгінде бұл елде 90 231 адам індет жұқтырған. Дәрігерлердің тынымсыз еңбегі мен түрлі инновациялық технологиялардың арқасында қытай медицинасы коронавирус инфекциясын бірте-бірте жеңіп келеді.

Наурыз айының соңында ресейлік Connectome.ai стартапы кәсіпорындардағы биологиялық қауіпсіздікті бақылайтын құрылғыны ұсынды. Ақылды қол жуғыш ДДҰ ұсыныстарына сәйкес, қол жуу сапасын бақылайды. Ол кәсіпорындағы қызметкерлердің бет-әлпеті мен іс-әре­кетін тани отырып, жеке қорғаныс құ­рал­дарының бар жоғын да тексере алады. Мамандардың айтуынша, санитарлық және қауіпсіздік талаптарын сақтамағандар үшін өндіріске кіру автоматты түрде бұғат­талады. Жүйенің жұмыс принципі бейне-аналитика және жасанды интеллектке негізделген соң, оны алдау мүмкін емес көрінеді. Мұндай ақылды қол жуғыш технологиялар Ресейдің, әсіресе тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарында белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бұл елде, сондай-ақ Promobot Thermocontrol + терминалдары кеңінен қолданылуда. Терминал ғимаратқа кірген қызметкерлердің дене температурасын жанасусыз өлшеуге мүмкіндік береді. Инновациялық құрылғы 5 минут ішінде 0,2 градусқа дейінгі дәлдікпен 5 см-ге де­йінгі қашықтықта қажетті өлшеулерді жасай алады. Сондай-ақ ол адамдардың дауыстары мен суреттерін деректер базасында сақтайды. Ғимаратқа бөгде адамдар кірген жағдайда деректерді бірден күзет қызметіне жіберіп отырады.

Қарап отырсақ, пандемия біраз түсі­ніктің тонын теріс айналдырды. COVID-19 денсаулық сақтау саласын цифрландыруға серпін берді. Адамзат жаңа өмір сүру деңгейіне аяқ басты. Инновациялық тренд­терді қолдану өміріміздің бір бөлшегіне айналды. «Басқа түссе, бас бақшыл» де­мекші, адам баласы бұл күндерді де артта қалдырарына шүбәм жоқ.