Сенат депутаттары Үкімет пен Ішкі істер министрлігіне учаскелік инспекторлардың еңбек жағдайларын қайта қарауды, штат кестесін ұлғайтуды, еңбекақысын көтеруді және өзіне тән емес міндеттерден босатуды ұсынып отыр. Сенаторлар Андрей Лукин, Нұрлан Бекназаров және Сұлтанбек Мәкежанов инспекторлардың қандай жағдайда қызмет атқаратынын көру және бар мәселелерді талқылау үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы №14 және №22 учаскелік полиция пункттерінде болды.
Қолданыстағы нормативтер бойынша бір учаскелік инспекторға қалада – 2300, ауылдық жерлерде 1800 адамнан келуі тиіс. Ал іс жүзінде бүгінде орташа есеппен бір учаскелік инспекторға қалада 4000-ға дейін адам келеді, ауылдық жерлерде 5000-ға дейін жетеді.
«Соңғы кезде елімізде отбасылық-тұрмыстық жанжалдар саны екі есеге жуық өсіп отыр. Бұл техникалық және материалдық базасы нашар, еңбекақысы төмен учаскелік инспекторларға едәуір ауыртпалық және соның салдарынан кадрлар көп тұрақтамайды. Статистика бойынша, учаскелік полиция қызметкерлерінің жартысынан азы үш жылдан көбірек уақыт қызмет етеді», – деді сенатор Андрей Лукин.
Сенат депутаттарының ақпараты бойынша учаскелік инспекторлар күн сайын селекторлық кеңестерге қатысады. Кейіннен нұсқаулық өткізіледі, ол көбінесе күндізгі 11-ге дейін жалғасады. Жалпы, учаскелік инспекторларды спорттық, мәдени іс-шаралар, жоғары лауазымды шенеуніктердің сапарлары кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау үшін негізгі жұмыстан алшақтату барлық өңірлерде қалыпты жағдайға айналған.
Осылайша, бүгінде учаскелік инспектор өзіне тән емес функцияларды орындауға орта есеппен 14-тен 16 сағатқа дейін уақыт жұмсайды. Бұл оның қажет кезде учаскеде болмауына және алдын алу жұмыстарының жеткіліксіздігіне әкеледі. Бір учаскелік инспектор бір-бірінен едәуір қашықтықта (кейде 70 шақырымға дейін), сондай-ақ аудан орталығынан (кейде 400-500 шақырымға дейін) орналасқан 3-5 елді мекенге қызмет көрсетеді.
Бұл жүктелген міндеттерді сапалы орындауға мүмкіндік бермейді, сондай-ақ халықтың полицияға деген сеніміне селкеу түсіреді. Соның салдарынан учаскелік инспекторлар тікелей міндеттерімен тәулігіне 2-3 сағат қана айналысады.
«Учаскелік инспекторлар өте қолайсыз жағдайда, жартылай қираған ғимараттарда, жылу, жарық, табиғи жарық, санитарлық тораптар, қажетті ұйымдастыру техникасы жоқ жерлерде жұмыс істеуге мәжбүр. Елордадағы жағдай да осындай», – деді Андрей Лукин.
Үш мыңға жуық учаскелік полиция пунктінің 40 пайызында телефон байланысы жоқ, 1700-ден астамы әкімдіктер мен өзге де ұйымдардың ғимараттарында орналасқан. Онда күнделікті жұмысты жүзеге асыру, жеткізілген адамдарды ұстау үшін қажетті жағдайлар жасалмаған. Олар әкімдіктер мен басқа да ұйымдардың мамандарымен бір кабинетте отыруға мәжбүр. Одан бөлек, 1750-ге жуық учаскелік пункт ІІМ мен Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің ақпараттық жүйелеріне қосылмаған, жартысынан көбі жөндеуді қажет етеді.
Сенат депутаттары учаскелік инспекторларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударып, жергілікті атқарушы органдар мен салалық мекемеден оны оң шешуді сұрайды. Шалғай ауылдық аудандардағы инспекторлардың жартысы қызмет орны бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген, бұл жедел әрекет ету үшін айтарлықтай қиындықтар туғызады. Республикалық қамтамасыз етудегі ІІО басқа қызметтерімен салыстырғанда учаскелік инспекторлар мен олардың көмекшілеріне тұрғын үйді жалға алғаны үшін ақы төленбейтінін де атап өткен жөн.
Қызметтік автокөліктің, радиостансалардың, кеңсе техникасының жағдайы жақсы емес. Ұйымдастыруға қатысты көп проблеманың болуы учаскелік полиция инспекторларының өз міндеттерін сапалы орындауына мүмкіндік бермейді. Ал полицияның келбеті мен халықтың оған деген сенімін арттыру көбінесе учаскелік инспекторларға байланысты.