• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Қыркүйек, 2020

Жастарды жұмысқа орналастырды

163 рет
көрсетілді

БҰҰ Даму бағдарламасы коронавирус пандемиясы әлеуметтік-экономикалық зардаптарын жұмсарту бойынша Қазақстан Үкіметіне жедел қолдау көрсету бағдарламасы аясында әлеуметтік осал топтағы 150 жасқа жұмысқа орналасу мүмкіндігін берді. Карантин кезінде жұмысынан айырылған жастар кәсіби біліктіліктерін арттыру тренингтері мен менторлық қолдауды қамтитын үш айлық тағылымдамадан өтті.

Қатысушылар Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Қарағанды облысындағы кәсіпорындар, үкіметтік емес ұйымдар және мемлекеттік органдарға жіберілді. Қатысушылар жаңа кәсіп игеру, тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болды, оған қоса ай сайын 60 мың теңге көлемінде шәкіртақы алып отырды. Үш ай аралығында жұмыс берушілер оларды байқап көріп, озықтарына тағылымдама соңында еңбек келісімшарттарын ұсынды. Тағылымдамадан өтушiлердің басым бөлігі (84 адам) – әйелдер, Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 90%-дан астамы да әйелдер екені мәлім.

«Қазақстанда әлемдегі сияқты COVID-19 пандемиясының елеулі әлеуметтік-эконо­микалық зардаптары байқалады. Бұл әсіресе әлеуметтік аз қорғалған халыққа ауыр әсер етуде. БҰҰ ДБ бастамасы экономикалық белсенділіктің бәсеңдеуі және жалпы еңбек нарығындағы бұлыңғырлық жағдайында әлеуметтік осал топтағы жастардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мен кәсіби біліктіліктерін дамытуға үлес қосуға бағытталған», деп атап өтті БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш.

Жобаға әлеуметтік осал топқа кіретін жас­тармен жұмыс істеуге арнайы оқытылған 25 тәлімгер жұмылдырылды. Тәлімгерлер қатысушылармен тұрақты түрде топтық және жеке кездесулер, мақсат қою, өзін өзі ұйымдастыру, командада жұмыс істеу және тайм-менеджмент негіздері бойынша тренингтер өткізді. Коронавирус инфекция­сы таралуына байланысты вирусқа қарсы шараларды сақтау және қашықтан тиімді жұмыс істеу тақырыптары да өзекті болды.

Бұл бастама – БҰҰ Даму бағдар­лама­сының жастарды жұмыспен қамту бойынша Қазақстандағы кең көлемді стратегиясының бір бөлігі, қайта даярлау және кәсіби біліктілікті арттыру, сонымен қатар ең­бекке қажет кәсіпкерлік машықты, сенімділік пен орнықтылықты нығайту арқылы жұмысқа орналастыруда қолдау көрсетуге бағытталған.