2016 жылы бұзақылық жасап, сотталған солтүстікқазақстандық алғашында Черногория Республикасына қашып кеткен еді. Екіжақты ұстап беру туралы келісімшартқа сәйкес қылмыскер ұсталып, Қазақстанға қайтарылған. Ал 2018 жылы ол бас бостандығынан айыру орнынан шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығып, заңмен көзделген шектеулерді орындамай, тағы да шетелге қашып кеткен. Сөйтіп, екі жылдай полициядан жасырынып жүрген.
Ресейлік әріптестермен тығыз қарым-қатынастың арқасында бұзақының ізіне түсу мүмкін болып, ол РФ Астрахань облысында ұсталды. Қазіргі уақытта 28 жастағы Айыртау ауданының тумасы этаппен әкелініп, Петропавлдағы тергеу оқшаулағышына қамалды.
Өз кезегінде қазақстандық полиция да ресейлік әріптестері іздеп жүрген қылмыскедің біздің елдің аумағында құрықтап, этаппен еліне жөнелтті. Ол Ресейдің Қорған облысы Петухово қаласында қылмыс жасағаны үшін іздеуде болған. 21 жастағы қылмыскекер петропавлдық ізшілдердің қырағы көзінен құтыла алмады.
Жыл басынан бері қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып жүрген барлығы 35 қылмыскер ұсталды. Оның 9-на өткен жылдары іздеу жарияланған.
"16-17 қыркүйек аралығында "Іздеу" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, оның аясында іздестірудегі адамдарды іздеуге бағытталған күшейтілген іс-шаралар өткізіледі. Қойылған міндеттерді орындау үшін қосымша ресурстар пайдаланылады. Әрине, бұл жұмыс тұрақты жүргізіледі және жедел қызметтердің жұмысындағы басымдылық болып табылады. Халықаралық ынтымақтастық жасауға көп мән беріледі, бірлескен жұмыстың нәтижесінде биыл ғана 16 қылмыскер ұсталды", дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Сейілхан Жұмағұлов.
Солтүстік Қазақстан облысы