Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумы және "Kazakhstan Machinery Fair 2020" машина жасау және металл өңдеу жөніндегі І халықаралық мамандандырылған көрме онлайн форматта жұмысын бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шара ұйымдастырушылары – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және Қазақстан машина жасаушылар одағы.
Форумның бірінші панельдік талқылауына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, сондай-ақ машина жасау кәсіпорындарының, білім және ғылым ұйымдарының, ұлттық компаниялар мен даму институттарының жетекшілері мен өкілдері қатысты.
Бейбіт Атамқұлов "2019-2025 жылдарға арналған машина жасауды дамыту жөніндегі жол картасын" іске асыру туралы баяндамасында 2019 жылдың қорытындысында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 трлн 472 млрд теңгені құрағанын атап көрсетті. Биылғы 8 айда өндіріс көлемі 16,3% артып, 341,2 млрд теңге сомаға 45 мың автомобиль өндірілді. Мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысы нәтижісінде 367 млрд теңгеге 128 жоба табысты іске асырылып, 16 мың жұмыс орны ашылды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда әрбір екінші сатып алынған автомобиль - отандық өнім. Бұл - бірлескен жұмыстың жақсы көрсеткіші.
Қазақстандық автоөндіріс өнімдері экспортқа шығарыла бастады. Жыл басынан бері Ресей, Беларусь және Өзбекстанға 4700 көлік экспортталды.
Форумның екінші панельдік талқылауы материалдар мен құрастырушылар құнын төмендету тетіктеріне арналды.
Өткізілген 6 секция аясында темір жол, мұнай-газ, тау-кен металлургия, электротехника, ауыл шаруашылығы машиналарын және автомобиль жасау салаларын дамыту мәселелері талқыланды.
Форум қорытындысында машина жасау саласын әрі қарай дамыту жөнінде нақты ұсыныстар әзірленіп, алға қойылған міндеттерді бірлесіп шешу үшін ел Үкіметіне жіберіледі.