• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қаржы 18 Қыркүйек, 2020

Микро деп мән бермеуге болмайды (Халық неге микроқаржы ұйымдарын жағалап кетті?)

1065 рет
көрсетілді

Микроқаржы ұйымдарынан несібеме деп несие алып, енді несіне жоладым деп нала шегіп жүрген жандар көп. Кейіпкер іздеудің де қажеті шамалы. Онсыз да лақтырған тасың алдымен дәл сондай сормаңдайдың маңдайына сарт етіп тиеді.

 

Талабы жеңіл, зардабы зіл

Қоғамда қарызы көптер көбейді. Қаржы жұмсауға әуелден қырсыз қара­ша халық пандемия кезінде банктер мен микроқаржы ұйымдарын жағалап кетті. Қиналған жұрт ойланбастан несие алады. Қаржы ұйымдары да клиент­тің қолын қақпауға тырысады. Алай­да мұның әлеуметтік зардабына зер сал­ған­дар некен-саяқ. Биылғы Жолдауда Пре­зиденттің осы мәселеге назар аударып, тиісті тапсырмалар бергені де тегін емес.

Елордада Елдос есімді жігіт тұрады. Үйлі-баранды. Несиесін уақтылы өтей алмаған Елдосқа банктердің «қара тізімінен» орын бұйырыпты. Банктердің есігі тарс жабылған соң, микроқаржы ұйымдарын маңайлап көрген.

– Талабы жеңіл. Бірақ бірден үлкен соманы қолыңа ұстатпайды. Алды­мен азын аласың. Сөйтіп, сенімге кіре­сің. Кейін ұйымнан алатын соманы арт­ты­руға болады. Бірінші барғанда-ақ бай­қағаным, несие берер алдында жұ­мысқа, келісімшартта телефон нөмірі көр­се­тілген таныстарға бірден хабарла­сып жатпайды. Шешімді жедел қабыл­дап, жауабын бірден айтады. Жарнама­ларында айтып жүргендей 15 минутта емес, оған жеткізбей-ақ реттеп береді. Осыны білген соң қулыққа бастым. Мін­детті түрде сұрайтын екі танысым­ның орнына жалған есімдерді жазып, телефон нөмірлерін де өтірік көрсет­тім. Сөйтіп, ақшамды алып, қаржы ұйы­мы­нан айламды асырдым деп еңсемді тіктеп шықтым. Іле телефон нөмірімді, артынша жұмысымды ауыстырдым.

«Несие бергендер жер сипап қалды-ау», деп жүргенде жеке сот орындаушыларынан түрлі хабарламалар келе бастады. Қайда жұмыс істесем де, үстелімде соттың шешімі жазылған хабарлама жатады. Амал жоқ, төлеуге тура келді. Мұны айтып отырған себебім, «қаржы ұйымдарын бүгін алдап соқсам, ертең таппай қалады» деп, мен секілді келте ойлайтындарға сабақ болса деймін. Талабы жеңіл болғанмен, зардабы зіл екенін ұмытпаса екен, – дейді Елдос.

Елдостардың елордада ғана емес, жалпы елде көп екені анық.

 

Бангладештен басталған

Микронесиенің тұжырымдамасын АҚШ-та оқыған Бангладеш профессоры Мұхаммед Юнус жасаған екен. Ол 1974 жылы Бангладештегі аштыққа қарсы күрес жүргізген. Профессор сол кезде елеусіз ғана несиенің өзі кедейлердің күнкөрісін күрт жақсартып жіберуі мүмкін екеніне көз жеткізді. Сөйтіп, ол алғашқы кредитін бамбук ағашынан жиһаз жасайтын 10 әйелге берген. Банктердің табысы жоқ кәсіпкерлерге несие үлестіруге құлықсыз екенін аңғарған Мұхаммед Юнус 1983 жылы «Грамин» банкінің негізін қалады. Банк Бангладештегі кедейлерге микронесие берумен айналысқан. Қарызды қайтару амалы ретінде қазір­гідей кепілдеме беру жүйесін енгізген. Осылайша несие берудің жаңа моделі АҚШ-тан бастап, дамыған және дамушы мемлекеттерді қызықтыра бас­тады.

Халықаралық қайта құру және даму банкінің дерегінше, қазір әлем­де 7 мыңнан астам мик­роқаржы ұйымы жұмыс істейді. Олар дамушы мем­лекеттердегі шамамен 16 млн адамға қызмет көрсетіп отыр. Негізгі мақсат – кедей отбасыларға көмек көрсету. Сондықтан бұған белгілі саясаткерлер мен қаржы институттары қолдау білдіруде. 2005 жылдан бастап Біріккен ұлттар ұйымы микронесие беруді белсенді түрде қолдай бастады.

Микроқаржы ұйымдары тұр­мысы төмен отбасыларды қол­дауға арналса да, оның қызметіне қатысты сын айтушылар көп. Мәселен, олар микронесиенің пайыздық мөлшерлемесінің шамадан тыс көп екенін алға тартады. Енді бірі – мұндай ұйымдардан несие алғандардың қарызды қайтару мүмкіндігі төмен екенін айтып дабыл қағады. Олар «Өзі кедей болса, қалай қайтармақ?!» деген сауалды ортаға тастайды.

 

«Бұл – «улы» бизнес!»

Микроқаржы ұйымдарын қоғамда қолдайтындар да, қол­да­майтындар да бар. Сарап­шы­лардың да пікірі қақ жарылып тұр. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын экономист, «Та­лап» қолданбалы зерттеулер орта­лығының директоры Рахым Ошақбаев микроқаржы ұйым­дарына қатысты пікірін білдірді.

– Микроқаржы ұйымдарының жарнамасын жиі кездестіремін. Меніңше, бұл – халықтың кедей­ленуінің бір белгісі. Мыңдаған адам осындай ұйымдардың салдарынан жағдайларын мүлдем төмендетіп алды. Демек, халық арасында наразылыққа бейім топ өсіп келе жатыр. Себебі несие алуға қабілетсіз болу адамды одан әрі кедейлендіре түседі. Сондықтан мен үшін бұл – «улы» бизнес, – деді экономист.

Осы мәселе бойынша қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовті де сөзге тартып көрдік.

– Мәселе халықтың мик­ро­қаржы ұйымдарының қызметін дұрыс пайдалана алмауында емес, бар гәп – халықтың кедейлене түсуінде. Әлемде, елде дағдарыс жүріп жатыр және одан микроқаржы ұйымдары құтқара алмайды. Адамдардың көбі несиені қайтару үшін емес, амалы жоқтықтан алады. Себебі оларда бұдан басқа кіріс көзі жоқ. Ал бала-шағаны қалайда асырауға міндеттісің. Сол себепті халықтың қарыздық жүктемесі көбейіп барады. Мұндай жағдайда «несие алу керек пе, керек емес пе?» деп ойланып барып шешім қабылдаған дұрыс. Бәлкім, қосымша жұмыс іздеу керек шығар. Бірақ таңнан кешке дейін бір жұмыста отырсаң, екіншісін алып жүру де қиынға түседі, – дейді қаржы сарапшысы.

Экономист Талғат Деме­сіновтің пікірінше, мик­ро­қаржы ұйымдары – әлем елдері кеңінен қолданып, тез дамып келе жатқан нарықтың бірі.

– Микроқаржы ұйымдарына қырын қараудың қажеті жоқ. Бұл – әлем елдері қолданып жүрген әдепкі дүние. Мұндай мекемелер біздің қоғамға да қажет. Себебі олар жалпы қаржы нарығындағы бәсекелестікті арттырады. Олар қазір банктерге жақсы бәсекелес болып отыр. Тек реттеу жағы кемшін түсіп тұр, дейді ол.

 

Нарық пен халық

Сарапшылардың сөзінен ұққа­нымыз, Қазақстанда микроқаржы ұйымдарының нарығы дұрыс реттелмеген. Үкіметтің соңғы жыл­дары бұған баса мән беруі де сон­дықтан. Талғат Демесіновтің пікі­рінше, микроқаржы ұйымда­ры­ның қызметін реттейтін құжаттар әлі толық қабылданып болған жоқ.

– Микроқаржы ұйымдары нары­­ғында мәселе өте көп. Соның біреуіне ғана тоқталып өте­йін. Мұндай мекемелер бере­тін несиелердің пайыздық мөлшер­лемесі жоғары. Қазақстан мөлшер­лемеге қатысты шектеуді бертінде енгізді. Әйтпесе, бұған дейін алған несиенің мөлшерлемесі 100 пайыздан асып кететін. Қазіргі талап бойынша несиенің мөлшерлемесі 100 пайыздан аспауы керек. Меніңше, Ұлттық банк тарапынан қойылатын талаптарды әлі де қатаңдату қажет. Яғни микроқаржы ұйымдарының пайыздық мөлшерлемесін әлі де төмендеткен дұрыс. Сонда ол баршаға қолжетімді бола түседі, – дейді Т.Демесінов.

Расул Рысмамбетовтің айтуынша, қазір жасырын несие ұйымдарының үлесі көбейіп келеді. Себебі халық онсыз да несиеге белшеден батқан. Ал қарыздайтын басқа жері жоқ.

– Ұлттық банк микроқаржы ұйымдары нарығын нақты рет­теуі керек. Бір жағынан, мұндай ұйымдардың қызметіне мейлінше мүмкіндік берген де дұрыс. Екінші жағынан, заңсыз несие беретіндерді қатаң жазалау қажет. Әдетте, заңсыз жұмыс істейтін несие ұйымдары ақшаны есірткі саудасынан, парадан, жасырын казинолардан, қысқасы «көлеңкелі» ортадан алады. Сондықтан мем­лекеттің микроқаржы ұйым­дарының қызметіне кірісуі аса қажет. Қазір бұл бағытта тиісті қадамдар жасалуда. Тек соның бәрі заңды түрде жұмыс істеп тұрған нарыққа зиянын тигізбеуі керек, – дейді қаржы сарапшысы.

Оның айтуынша, іргемізде ор­наласқан Өзбекстан мен Қыр­ғызстанда да микроқаржы нары­ғына қатысты проблемалар бар.

– Мәселен, Өзбекстанда мик­роқаржы ұйымдарының нары­ғын реттеу туралы заңнамада кем­шіліктер кездеседі. Мұндағы ұйымдар тек жартылай ғана рес­ми түрде жұмыс істейді. «Көлең­келі» нарық та жоқ емес. Ал Қыр­ғызстанда аталмыш нарық жақсы дамыған. Банк нарығына пара-пар десе де болады. Бұл жақта да кемшіліктер жетіп артылады, – дейді Р.Рысмамбетов.

 

Жалақыдан жаналқымға дейін

«Жалақыға дейін қарыз бере­міз» деп жарнамасын қа­тыр­ғанымен, төлей алмасаң жанал­қымнан алатын микроқаржы ұйымдарының артында лауазымды шенеуніктер тұруы да мүмкін. Мұндай пікірді экономист Талғат Демесінов алға тартты.

– Ломбардтардың, микро­қар­жы ұйымдарының, несие серіктестіктерінің қызметін рет­тейтін бірнеше заң керек. Біреуі қабылданды. Бірақ оның кем­ші­лігі өте көп. Аталған нарықты «ұзын арқан, кең тұсауға» салу биз­нес­ті жүргізіп отырған лауазымды шенеу­­нік­терге тиімді болуы мүмкін. Нарық­ты реттеудегі кедергілердің астары­нан осындай мүдденің құлағы қылтия­тындай болып тұрады, – дейді экономист.

Айтпақшы, қабылданған заңға сәйкес, 2021 жылдың 1 қаң­тарынан бастап микронесие беру қызметін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен арнайы лицензия алған ұйымдар ғана жүргізе алады. Агенттіктің ресми мәліметінше, 2020 жылдың 1 қыр­күйегіндегі жағдай бойынша 3,1 мыңнан астам микронесиелеу компаниясы тіркеуден өткен. Атап айтқанда, 650 ломбард, 227 микроқаржы ұйымы және 202 несие серіктестігі тіркелген. Қаржылық реттеуші тарапынан енгізілген талаптың бірі осы.

Талаптың тағы біреуі жар­ғылық және меншікті капиталға қатысты. 2023 жылға дейін микронесиелеу компанияларының жарғылық және меншікті капиталын кезең-кезеңімен ұлғайту көзделген. Осылайша қызметін жүргізу үшін 2023 жылға қарай компаниялардың ең төменгі капиталы мынадай болуға тиіс: ломбардтар үшін – 70 млн теңге, несие серіктестіктері үшін – 50 млн теңге және микроқаржы ұйым­дары үшін – 100 млн теңге. Атал­ған талаптар орындалған жағ­дайда ғана нарықта жұмыс іс­теуге рұқсат етілмек.

Сарапшылар айтқандай, мик­роқаржы ұйымдарының көбеюі ел экономикасына дағдарыстың дендеп келе жатқанын көрсетеді. Ендеше микро деп мән бермеуге болмайды. Бұған қаржылық реттеушінің де, қарыз алушының да көңіл бөлетін уақыты әлде­қашан жетті. Соны өткізіп алмаған ләзім.