Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен келген мына хабарға таңғалмасқа лажың жоқ. Онда Есіл ауданының бір тұрғыны аудандық ауруханаға келіп, дәрігерлерді ұрып, «жедел жәрдем» көлігін айдап әкетпек болғаны туралы айтылады.
Полицияның хабарына қарағанда, 37 жастағы адам масаң күйде «жедел жәрдем» көлігін шопырынан тартып алып, мініп кеткен. Сосын басқа жерде тұрған «ВАЗ 2121» қызметтік автокөлігіне соғылып, тоқтаған. Жүргізушіні де соққыға жыққан. Шақырту бойынша жеткен учаскелік полиция инспекторы бұзақыны күшпен ұстаған.
Есіл ауданы полиция бөлімінің бастығы, подполковник Ерлік Есләмбеков аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің шаралары басталғанын мәлім етті. «Құқық бұзушы Қылмыстық кодекстің «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» туралы 200-бабы бойынша айыпталуда. Сонымен қатар оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы», сол сияқты «көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бабы бойынша хаттама толтырылды. Сотқа дейінгі тергеу 20 тәулік әкімшілік қамау жазасын өтегеннен кейін жалғасатын болады. Жүргізушіні соққыға жығу фактісі бойынша процессуалдық шешім сот-медициналық сараптамасынан кейін қабылданатын болады», деді ол.
Солтүстік Қазақстан облысы