• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Қыркүйек, 2020

Петропавлда терезеден құлай жаздаған кейуана құтқарылды

184 рет
көрсетілді

81 жастағы жалғыз тұратын кейуана өзінің туған күні қарсаңында таңғы сағат 10 кезінде үшінші қабаттағы пәтерінің терезесіне асылып қалған. Оның неге асылғаны белгісіз, тек терезенің алдын жумақ болып қатты еңкейіп, қайта түзелуге толық денесі икемге жібермеді ме әлде сіңірі тартылып қалды ма, белгісіз. Оның асылып тұрып, көмек сұрап айғайлаған дауысын алдымен бірінші қабаттағы "Мечта" дүкенінің қызметкерлері естіп, құтқаруға келеді. Көшедегі адамдар да полицияның 102 нөміріне хабарлап, патрульдік полицейлер де оқиға орнына жетіп үлгереді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Барлығы бірлесе қимылдап, зейнеткердің аман-есен түсіреді. Осы уақытта «жедел жәрдем» де келіп жетеді.  Абырой болғанда, оқиға ойдағыдай аяқталып, кейуана аман қалды.

Тәулік ішінде полицейлердің "102" арнасына 200-ден 280-ге дейін осындай түрлі хабарламалар келіп түседі екен. Келіп түскен хабарламаның криминалдық сипаты болмаса да жедел басқару орталығының операторы оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлерін немесе учаскелік полиция инспекторларын, қажет болған жағдайда жедел-тергеу тобын жібереді.

«Шұғыл әрекет жасауды қажет ететін хабарламаларға алғашқы болып патрульдік полиция қызметкерлері келіп жетеді. Жиі шақыртулар – көршілерінің, мас адамдардың азаматтарды мазалауы, ауруханадан келіп түсетін ақпараттар және басқа да құқық бұзушылықтар. Өртке және басқа да төтенше оқиғаларға шығуға тура келеді», - дейді СҚО ПД Штабы бастығының орынбасары полиция полковнигі Бахытжан Әлібеков.

ПЕТРОПАВЛ