Бүгін Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев "World clean up day" – "Бүкіләлемдік тазалық күні" акциясына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Президентіміз Жолдауда экологиялық даму еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған басымдық екенін атап көрсетті. Соған сәйкес мемлекеттік органдарға, Парламентке, қоғамдық институттарға нақты міндеттер жүктелді. Соның аясында жыл соңына дейін елімізде Экологиялық кодекс қабылданады. Бұл құжат экологияға қатысты басқа да заңдар сияқты алдымен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен талқыланып, пысықталады. Осы аптада Сенат ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты заң қабылдады. Бұл құжат пайдаланылмай бос жатқан жерлерді Іле-Алатауы табиғи паркі мен Бурабай ұлттық паркінің құрамына қайтаруға мүмкіндік береді. Жалпы алдағы бес жылда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі орман алқаптарында 2 миллиард, елдімекендерде 15 миллион ағаш отырғызу жоспарланып отыр", деді Мәулен Әшімбаев.
Осы ретте ол бүгінгі акцияны Президент бастамасының алғашқы нәтижесі ретінде қарастыруға болатынын айтып өтті.
"Осындай көгалдандыру жұмыстарының берері мол. "World clean up day" сияқты акциялардың бүкіл әлем үшін маңызы зор. Қазіргі таңда экологиялық мәселе бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Жер бетінде көптеген табиғи орындар, ормандар мен өзен-көлдер адамдардың салғырттығынан зардап шегуде. Бұл дабыл қағарлық жайт екенін атқым келеді. Біздің елімізде де осы салада мәселе аз емес. Сондықтан бәріміз жұдырықтай жұмылып, осындай игі бастамаларға белсенді түрде атсалысуымыз керек", – деді ол.
Айта кетейік, жыл сайын 19 қыркүйек күні бүкіл әлемде "World cleanup Day" акциясы өтеді. Миллиондаған адам қоғамдық орындарды қоқыстан тазарту үшін сенбілікке шығады. Былтыр акция 169 елдің азаматтарын біріктірді. Биыл аталған акция Қазақстанда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Елордада өткен сенбілікке бірқатар Сенат және Мәжіліс депутаты, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, қоғам қайраткерлері және волонтерлер қатысты.
Аталған акция бүгін еліміздің барлық өңірінде өтеді. Еріктілер, белсенділер, қоғам өкілдері табиғи аумақтарды қоқыстан тазартып, ағаш отырғызады. Қатысушыларға қажетті жабдықтар беріледі.