Биыл өңірдегі «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынған болатын. Аталған бастамаға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қолдау білдіріп, облыстың әрбір аудан, ауылдарында асарлатып үй салу жұмыстары басталып та кетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мұндағы мақсат – көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту. Бұл орайда тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Жамбыл облысында «Асарлатып үй салу» бастамасы аясында салынған алғашқы үй өз иесіне табыс етілді. Байзақ ауданы, Мәдімар ауылының тұрғыны Ғалия Құрманова аталған жоба бойынша баспаналы болды. Толық емес отбасына жататын тұрғынға үй салып беру үшін ауыл тұрғындары бірқатар көмек көрсетіпті. «Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» жұмылған жұртшылық аз уақытта ауыл тұрғынына асарлатып үй салып берді. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Мәдімар ауылына арнайы барып, баспаналы болған Ғалия Құрманованы қуанышымен құттықтады.
Қазіргі кезде облыста «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша 106 үй салынуда. Соның ішінде алғаш рет Байзақ ауданында тұрғын үй пайдалануға беріліп отыр. Бұл үйді салу үшін аудан әкімдігі тарапынан 15 сотық жер бөлінген. Көптің көмегімен салынған 4 бөлмелі үйдің өз алдына жуынатын бөлмесі және әжетханасы бар. Үй іші ауыл тұрғындарының көмегімен түрлі жиһазға, тұрмыстық-техникалық заттарға толтырылған. Сондай-ақ, 1 сиыр мен 5-6 қой берілсе, аудандық білім бөлімі баспаналы болған отбасына 1 компьютер тарту етіпті етіпті. Қоныс тойын тойлап отырған 4 баланың анасы Ғалия Құрманова көпшілікке алғысын жеткізді.