Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Римде (Италия) өтіп жатқан WTA санатындағы халықаралық турнирдің алғашқы кезеңінде сәтті өнер көрсеткенімен, ширек финалда жолы болмады.
Жарыстың ¼ кезеңінде жерлесіміз қазіргі таңда әлемдік рейтингте екінші орында тұрған әйгілі румыниялық теннисші Симной Халеппен кездесті. Алғашқы кезеңде Путинцева 6:2 есебімен қарсыласына есе жіберсе, екінші сетте де 2:0 есеп айырмасымен жеңіліп жатқан еді.
Жеңісті жұлып алу үшін барын салған отандасымыз абайсызда жарақат алып, ойынды жалғастыра алмай жарыстан шығуға мәжбүр болды. Екі теннисші кортта 48 минут шеберлік байқасты. Осылайша, Юлия Халептен екінші мәрте жеңіліп отыр. Бұған дейін де екеуі бір мәрте кортта жолығып, бәсеке румыниялықтың жеңісімен аяқталған-ды.
Еске сала кетейік, осы жарыстың ширек финал бәсекесі үшін өткен кездесуде Путинцева Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаны жеңген еді.