Бүгін Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданының аумағында Петропавлдан Есіл ауданына көмір апара жатқан 38 жастағы жігіт жүргізуіндегі "КамАЗ" автомобилінің тіркемесі аударылып қалып, жолға және жол жиегіндегі темір қоршауларға зақым келтірді, деп хабарлайды Egemen.kz
Айтуына қарағанда ол алдында жүріп бара жатқан автомобильдің бағдаршамға шұғыл тоқтағанында оған соғылып қалмас үшін машинасын жедел бұрып, тоқтатқанында үстіне көмір толтырылған тіркеме аударылып қалған.
Оқиға орнына келген Қызылжар ауданы полиция бөлімі құрамындағы әкімшілік полицияның инспекторы жол-көлік оқиғасы бойынша материал жинап, апаттың салдарын жою үшін жедел түрде тиісті шаралар қабылдады. "Қазақавтожол" ЖШС-ның жұмысшылары бірнеше сағат ішінде зақымданған қоршауларды қалпына келтірді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 610-бабы бойынша жиналған әкімшілік материал шығын көлемі анықталған соң сотқа жіберіледі.
Солтүстік Қазақстан облысы