Футболдан Қазақстан чемпионатында доп тебетін ең қымбат футболшы өзгерді. Бұған дейін көш басында тұрған «Астана» клубының хорватиялық футболшысы Марин Томасов (3,8 миллион еуро) үшінші орынға түсіп қалды. Оның қазіргі бағасы – 2 миллион еуро.
Transfermarkt сайтының дерегі бойынша, енді ел біріншілігінде өнер көрсететін ең қымбат футболшы «Қайрат» командасының польшалық легионері – Яцек Гуральски. Оның трансферлік құны – 2,5 миллион еуро. Қымбат футболшылардың екінші сатысына «Қайраттың» тағы бір футболшысы Адеринсола Эсеола орналасқан. Украиналық футболшының трансферлік құны – 2,2 миллион еуро.
Кейінгі орындарға мына футболшылар жайғасқан: Раде Дугалич («Қайрат», Сербия) – 1,8 миллион еуро, Дмитрий Шомко («Астана», Қазақстан) – 1,8 миллион еуро, Дорин Ротариу («Астана», Румыния) – 1,7 миллион еуро, Пиерос Сотириу («Астана», Кипр) – 1,7 миллион еуро, Дино Миканович («Қайрат», Хорватия) – 1,7 миллион еуро, Стас Покатилов («Қайрат», Қазақстан) – 1,5 миллион еуро, Роман Мұртазаев («Тобыл», Қазақстан) – 1,5 миллион еуро, Нұрәлі Әліп («Қайрат», Қазақстан) – 1,5 миллион еуро, Тигран Барсегян («Астана», Армения) – 1,5 миллион еуро.