Осыдан сексен бір жыл бұрын, дәл осы күні – қыркүйектің жиырма үшінші жұлдызында, Нью-Йоркте өткен Бүкіләлемдік жәрмеңке – EXPO көрмесінде бес мың жылдан кейін, яғни жетпісінші ғасырда ғана ашылуы керек «Уақыт капсуласы» жерге көмілген.
Капсуланың ішіне қырқыншы жылдардағы дүниенің жетістігі саналған сан алуан нәрселер салынған: қауырсын қаламнан бастап микро-фильмге дейін, дәнді дақылдардан бастап бөз бен жібекке дейін.
Сонымен қатар оның ішінде заманының заңғары саналған үш тұлғаның болашаққа жазған хаты да бар. Екі адамның хаты бізді ойландырды: олар – Альберт Эйнштейн және Томас Манн еді. Неге ойландырды?
Өз уақытының қос ұлы перзенті, Нобель сыйлығының лауреаттары, бір сөзбен айтқанда, данышпан адамдардың 1939 жылдың қыркүйегінде болашаққа хат жазып отыруы қайран қалдырды. Сол хаттан аңғарғанымыздай, өз заманы мен замандастарын сонша сүйетін, сүйе тұрып олардың қатыгездіктері мен қателіктері үшін жаны ауыра жек көретін ғалым мен жазушыға – қос дүниежүзілік соғыстың өліарасында тұрып, ары қарайғы тағдыр-талайы қалай болары белгісіз әлемнің жәрмеңкесінде бес мың жылдан кейінгі болашақтың адамдарына хат жазу үшін қандай жүрек, қандай оптимизм керек, құдайым-ау?!.
Томас Манн фашистік Германиядан 1938 жылы кетсе, Эйнштейн 1933 жылы-ақ ол жүйеден іргесін аулақ салған. Ал 1939 жылдың дәл қыркүйегі, нақты айтқанда, қыркүйектің 1-і күні Екінші дүниежүзілік соғыс басталды да кетті. Германия Польшаға кіріп келді, Ұлыбритания, Аустралия мен Жаңа Зеландия, Үндістан мен Оңтүстік Африка Республикасы, Франция мен Канада Германияға соғыс жариялады. Ал мына жақта Совет-Фин соғысы басталып жатты.
Әлем ақыл-есінен ауысқан осы бір естанды шақтарда данышпандар болашаққа жазған хатында не айтуы мүмкін? Альберт Эйнштейн атом бомбасы қаупін ерекше сезінген, соғыста оның қолданылмауын сұрап хат жазған, тіпті «егер үшінші дүниежүзілік соғыс болып, онда атом бомбасы қолданылар болса, төртіншісінде – қолымызға тас пен таяқ алып соғысатын боламыз» деген адам ретінде болашақты қалай елестетті екен?
Оқып көрейік: «...Болашақтың адамдары, біз ұшуды үйрендік, дүниенің шартарапына хат пен хабарды бір-ақ сәтте электр толқындарының көмегімен жөнелте аламыз. Бірақ өндіріс пен тауар бөлінісінің бейберекеттігі сонша, әрбір адам экономикалық циклдардың сыртында қалып, бәрінен құр қалуы әбден мүмкін екенін сезінеді. Оның үстіне әлемнің әр қиырындағы адамдар бір-бірімен қырғи-қабақ, бірін-бірі өлтіргісі келеді, сондықтан болашақ жайлы ойланған әрбір саналы адам үрей мен қорқынышта өмір сүреді. Мұның себебі, көптің ой-өресі мен мінез-құлқы қоғам үшін пайдалы бір дүние өндіре алатын жандардың ойы мен адамдығынан анағұрлым төменде жатыр. Мен, болашақ ұрпақтың осы бір хатты мақтаныш сезімі әрі ақталған үмітпен оқитынына сенемін», дейді Эйнштейн.
Ал Томас Манн: «Біз болашақты «ізгі әлем» ретінде елестететін прогресс доктринасының қате екендігін сезіне бастадық. Сендерге артар үмітімізді ауырсына көрмеңдер. Бізге біздің де өз аталарымызға ұқсағанымыз секілді, сендердің бізге ұқсас боларларың анық қой. Сендердің де замандарыңда адам рухы азап шегетін болар. Сол рухтың салтанатта сайран салмағаны да дұрыс шығар, әйтпесе жер бетінде шынайы ер адамға – азаматқа атқарар шаруа қалмас еді...» дейді.
Екі хаттың мазмұнынан, айтқысы келген астарлы ойынан ұғарымыз – екеуінің де болашақтан ұялуы. Екеуі де ақталғысы келеді. Заманы мен замандастары үшін, тіпті кешірім сұрағысы келетіндей. Осы ұят қана дүниені ұстап тұрғандай. Ұят өлген күні, бәрі де өлетін секілді.