Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында биыл егін орағының барысы мен тұтынушылар құқын қорғау мәселесі қаралды.
18 миллион тонна астық бастырылды
Бірінші мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов, сондай-ақ аталған өңірлердің агробизнес өкілдері – «Логос Грейн» ЖШС басшысы А.Құдайбергенов, «Қарқын» агрофирмасы» ЖШС басшысы Е.Бұқанов, «Biooperations» ЖШС басшысы Ә.Талғатбек баяндама жасады.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, биыл елімізде егін жинау жұмыстары уақтылы басталды, бұл ретте егін орақ науқанының қарқыны өткен жылғыдан жоғары. Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 14,8 млн гектардан астам дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе олардың жалпы жиналатын алаңының 93,4%-нан егін жиналды. Гектарына 12,3 центнер орташа түсіммен 18,2 млн тонна астық бастырылды (2019 жылы – 11,4 млн тонна).
– Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өндірісінің болжамды көлемі еліміздің ішкі қажеттіліктерін толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді С.Омаров.
Министрдің айтуынша, келесі қадам – егіннің көлемі мен сапалық сақталуын қамтамасыз ету. Жалпы алғанда, елдегі қолда бар сақтау қуаты өткен жылдардағы ауыспалы қалдықтарды есепке алғанда болжамды өнім түсімін сақтау үшін жеткілікті. Республикада астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 28,8 млн тоннаны құрайды, оның 12,1 млн тоннасы – астық қабылдау кәсіпорындарында, 16,7 млн тоннасы – ауыл шаруашылығы өндірушілерінде.
– Сонымен қатар әкімдіктер элеваторлардың 2020 жылғы түсімді уақтылы қабылдауына үнемі мониторинг жүргізуі, сондай-ақ астықтың үздіксіз орын ауыстыруын тұрақты бақылауда ұстауы қажет, – деді С.Омаров.
Жаңа өнімнен лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 3 млн тонна астық түсті, бұл 2019 жылғы осындай мерзімде астық қабылдау кәсіпорындарына сақтауға келіп түскен астық көлемінен 2,1 есе көп. Аталған дерек егін жинау қарқынының өткен жылмен салыстырғанда жоғары екендігін тағы бір рет растайды.
– Жаңа егін астығының сапасы жоғары көрсеткіштерге ие екенін байқауға болады. Мәселен, лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған жалпы бидай көлемінің 83,8%-ы 1-3 санаттарға жатқызылды, бұл көрсеткіш 2019 жылы 67,2%-ды құраған болатын. Тиісінше, 4-5 санатты және санатсыз бидайдың үлесі 2019 жылғы 32,8%-дан 16,2%-ға дейін төмендеді, – деді С.Омаров.
Астық қабылдау кәсіпорындарына түскен астық сапасы туралы деректерге сәйкес, дән маңызы жоғары бидай үлесінің едәуір өскені байқалуда. Бұл бидайдың маңызды сапалық көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Соның ішінде дән маңызының мөлшері 28% және одан жоғары болатын жоғары сапалы, жоғары сұранысқа ие HI-Pro бидайының үлесі 59%-ға жетті, өткен жылы бұл 42,8% болатын.
С.Омаров атап өткендей, сапалы өнімнің алынуы мемлекеттің өсімдік шаруашылығына қолдау көрсету жөніндегі мақсатты саясатының арқасында мүмкін болды. Осы жылы тұқым шаруашылығын субсидиялау көлемі 49%-ға ұлғайды (9,4 млрд теңгеден 14 млрд теңгеге дейін), бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жоғары репродукциялы тұқым сатып алуға қолжетімділігін 2019 жылмен салыстырғанда 2,4 есеге арттыруға (39,4 мың тоннадан 135 мың тоннаға дейін) мүмкіндік берді. Тыңайтқыш сатып алуды субсидиялау көлемі 38%-ға едәуір ұлғайды (19 млрд теңгеден 26,1 млрд теңгеге дейін), бұл тыңайтқыш енгізу көлемін ғылыми қажеттіліктің 20%-ына дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Кепілдендірілген және сапалы өнім алуда егістерді зиянкестер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеу бойынша қабылданған шаралардың маңызы зор болды. Биыл пестицидтерді субсидиялауға 36,4 млрд теңге көзделді, бұл 2019 жылға қарағанда 9 млрд теңгеге көп. 2020 жылға дейін тек гербицидтер (арамшөптерге қарсы препараттар), биопрепараттар мен биоагенттер субсидияланғанын атап өткен жөн. Осы жылдан бастап пестицидтердің инсектицидтер мен фунгицидтер (өсімдіктер зиянкестері мен ауруларына қарсы препараттар) сияқты басқа да түрлері субсидияланады.
Астық жөніндегі халықаралық кеңестің есебіне сәйкес (2020 жылғы 27 тамыз) астық өндірісінің Ресейде, Канадада, Аустралияда өсуіне байланысты 2020 жылғы өнім көлемі әлемдік рекордтық деңгейде – 2,2 трлн тонна болады деп бағалануда, маусым жоғары астық қорымен – 630 млн тонна мөлшерінде аяқталады. «Оның ішінде Астық жөніндегі халықаралық кеңес Қазақстанда 17,7 млн тонна көлемінде астық жиналады деп болжауда, біздің бағалауымыз бойынша өнім 18 млн тоннаны құрайды» деді С.Омаров.
Жаңа маусымда қазақстандық бидай мен ұн дәстүрлі түрде Орталық Азия елдері мен Ауғанстан нарығына жолданатын болады. Астық сапасының жоғары болуынан Қытайға бидай (HI-Pro) жөнелтілімі артуы мүмкін.
– Биыл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің көптеген өтініші бойынша Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды, оны өткізу үшін республикалық бюджеттен 24,5 млрд теңге бөлінді,– деді С.Омаров.
Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің кепілмен қамтамасыз етуге қатысты қиындықтарын ескере отырып, форвардтық сатып алу әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың кепілдігімен жүзеге асырылды, 516 мың тонна өнімі сатып алуға келісімшарт жасалды. Министрдің айтуынша, нарықтағы қалыптасқан жағдайды ескере отырып, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ бидайды сатып алу бағасын сапасына қарай 83-87 мың теңге дәлізінде, 4-санатты бидайға – 78 мың теңге, 2-санатты арпаға – 50 мың теңге деңгейінде белгілеуді ұсынады. Форвардтық мәмілелер бойынша күнбағыс пен қарақұмықтың сатып алу бағалары осы дақылдарды жинау аяқталған кезде кейінірек белгіленетін болады.
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Қазіргі таңда елімізде егін жинау жұмыстарының 93%-дан астамы орындалды. Өнім көлемі 18 млн тонна астық деңгейінде жоспарланып отыр. Өнімділік – гектарына 12,3 центнерден келеді. Жаңа өнімнің экспорттық әлеуеті шамамен 7,5-8 млн тоннаны құрайды.
– Жаһандық үрдіске қарағанда әлемдік нарықта азық-түлікке деген сұраныс пен баға тек арта бермек. Сондықтан біздің басым міндетіміз – астық өсіру мен одан жасалатын өнімдер экспортының көлемін айтарлықтай ұлғайту, – деді А.Мамин.
Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне дәнді және бұршақты дақылдарды қайта өңдеу саласын дамыту, сондай-ақ экспорттық әлеуетті арттыру бойынша жол картасын әзірлеуді тапсырды. Әкімдіктер мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне қысқа мерзім ішінде астық жинау жұмыстарын аяқтап, егіннің сақталуын қамтамасыз ету, астыққа сатып алу бағасын белгілеу және нарық қатысушыларын хабардар ету, форвардтық сатып алу тетігі аясында қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз ету тапсырылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, астықты үздіксіз тасымалдау үшін жылжымалы құраммен қамтамасыз ету шараларын қабылдау тапсырылды.
Тұтынушылар құқы қалай қорғалуда?
Үкіметтің селекторлық отырысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері де қаралды. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы Сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов, «Атамекен» ҰКП төрағасы А.Мырзахметов баяндады. Жоғарғы соттың судьясы А.Түкиев пен Тұтынушылардың құқықтарын қорғау коалициясының төрағасы М.Әбенов түсініктеме берді.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бүгінгі таңда Қазақстандағы тұтынушылардың саны 18,7 млн адамды құрайтынын, олар күн сайын 6 млн-нан аса тауарлар мен қызметтерді сатып алу транзакцияларын (кассалық бақылау аппаратымен бөлшек саудадағы операциялар саны) жүзеге асыратынын айтты.
Биыл қазақстандық тұтынушылар бөлшек сауда желісі арқылы 6,8 трлн теңгеге тауар сатып алып, 4 трлн теңгеге қызметтерді тұтынған. Олардың ішінде сауданың негізгі үлесі тамақ өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, тұрмыстық заттарға, жылжымалы және жылжымайтын мүлік операцияларына, демалыс қызметтеріне тиесілі.
– Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың мемлекеттік жүйесіне 19 орталық және 17 жергілікті атқарушы орган кіреді. Тізілімге сәйкес, мемлекеттік органдар квазимемлекеттік сектор субъектілерімен бірге жеке тұлғаларға білім беру, денсаулық сақтау, ветеринария, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, байланыс және т.б. салаларда барлығы 574 қызмет көрсетеді. Бұл ретте жүйенің бірден-бір қатысушысы тұтынушының мүддесіне толық көңіл аудармайды. Сондықтан тұтынушылар құқығын қорғау деңгейінің төмендігі, бұрмаланған статистика және «қайталанатын қателермен жұмыс істеуге» деген қызығушылықтың жоқтығы байқалады, – деді Б.Сұлтанов.
Аталған бірқатар мәселе ағымдағы жылдың шілдесінде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға енгізілген түзетулер арқылы шешілетін болады. Заңды әзірлеу барысында министрлік алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені зерттеді. Оның тұжырымдамалық негізіне ЭЫДҰ елдері тиімді пайдаланатын тұтынушылардың құқықтарын қорғау институтының аралас моделі алынды. Мысалы, Германия, Аустрия, Жапония және Литвада мемлекет «ақылды» басқаруды жүргізеді, ал бұзылған құқықтарды қалпына келтірумен сотқа дейінгі реттеу институттары айналысады. Сондай-ақ Германия, Ресей және Литвада Ведомствоаралық кеңестер қызмет атқарады, онда тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың проблемалы мәселелері талқыланады.
Б.Сұлтанов атап өткендей, шағымдарды қарастырудың үш сатылы жүйесі енгізілді. Бірінші деңгейде сатушы тұтынушының талабын «қазір және осында» қағидаты бойынша жеке өзі қарауға міндетті. Сондай-ақ өзара келісім бойынша екі жаққа дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілеріне жүгіну мүмкіндігі берілген. Тұтынушыға екінші деңгейді өту міндетті талап емес, шағымды уәкілетті органға жіберу қажеттілігі туралы шешімді оның өзі қабылдайды. Соңғы деңгейде тұтынушының сотқа жүгінуі көзделген.
– Біздің ортақ міндетіміз – сатушы мен қызмет көрсетушінің дауларды болдырмауға, ал олар туындаған кезде бірінші деңгейде шешуге мүдделі болатын жағдайларды жасау, – деді Б.Сұлтанов.
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Премьер-Министр тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қазақстандық жүйесі «тұтынушы – қоғамдық бірлестік – мемлекет» өзара іс-қимыл жасау байланысы нақты құрылған шетелдік озық тәжірибені ескеруі тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте азық-түлік саласына, медициналық қызметтерге, ТКШ, фармацевтикалық тауарларға, сондай-ақ туризмге ерекше назар аудару қажет.
– Сапасына кепілдік беруге болатын өнімдерді өндіруге, бақылау мақсатындағы сатып алу механизмін пайдалануға, адал жарнама мен маркетингке бағытталған саясат жүргізу қажет, – деді А.Мамин.
Үкімет басшысы осы жылдың соңына дейін тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында қоғамдық ұйымдар бірлестігін құруды, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар базасында тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын енгізу мәселесін пысықтауды тапсырды. Ұлттық экономика, сауда және әділет министрліктеріне нормативтік-құқықтық актілер жобаларының тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі реттеушілік әсеріне талдау жүргізу тапсырылды. Бұған қоса осы актілерді әзірлеуге қоғамдық кеңестердің құрамында үкіметтік емес ұйымдардың қатысуын қамтамасыз ету керек.
Сауда министрлігіне Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың тиімділік көрсеткіштеріне (KPI) тұтынушылар тарапынан қанағаттану және сенім деңгейін бағалауды қосу тапсырылды. «Атамекен» ҰКП Ерікті іскерлік тәжірибе ережелерінің жиынтығын және тұтынушылардың мүдделері мен құқықтарын ескеретін үлгілік шарттарды қабылдау, сондай-ақ ұсынылатын қызметтер мен тауарлардың сапасын жақсарту үшін бизнесті ынталандыру шараларын пысықтауы тиіс.
Премьер-Министр 2020 жылғы 1 қарашаға дейін Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың біртұтас жүйесін құру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.