• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қыркүйек, 2020

Хайп пен байып

728 рет
көрсетілді

Заман ыңғайы солай болғандықтан шығар, бүгінде блогер көп. Жазбасына жазылып оқитындары көп болса болды, әлеуметтік желідегі жұртты ұйытып, қоғамдық пікірдің көшбасшысы саналады. Әлбетте, арасында сөзі салмақты, ойы орамды азаматтар да жоқ емес, бірақ жеңіл-желпі әңгімемен, түрлі бейнероликтерімен-ақ үлкен аудитория жинап алғандары басымырақ.

Хайпократияға жол жоқ!

Алайда оған қарап жатқан бұқара жоқ, кімнің жазылушысы көп – соған  сөзі шындық, уәжі ақиқат деп сенеді. Өкінішке қарай, бұл үрдіске соңғы кезде әкім-қаралар да бой алдырған. Мұны блогерлерге ақпараттық насихат үшін қаржы бөлуді сәнге айналдырған басшылардан байқауға болады.

Әлеуметтік желідегі белсенді қол­данушылардың мәселесіне үңілместен бұрын теорияға бір сәт назар салсақ. Өйткені сөзге тиек болған белсенді қолданушылар түсінігіне анықтаманы зерттеушілер әлдеқашан беріп қойған. Бұл жерде тек ескеретін бір жайт бар. Ғылыми негізделген «қоғамдық пікір көшбасшылары» деген теңеу мақалаға арқау болған жандарға қатысты айтылмаса керек. Соңғы уақытта белгілі бір аудиториясы қалыптасқан барлық желі қолданушысын пікір көшбасшысы дейтін болыпты. Мұнымен дауласуға болады. Себебі көшбасшы дегеніміз белгілі бір салада үздік атанған маман, сарапшы болуы керек. Ол адамның өз саласына қатысты пікірі жоғары бағаланып, назарға алынуы заңдылық.

Ал енді келіп әр мәселеге қатысты ойын ортаға сала беретін, белгілі бір тақы­рыпқа тұрақтамаған адамның пікірі қаншалықты құнды деген сауал туаты­ны да түсінікті. Мемлекеттік органдар да кейбір даулы мәселелерді осы тәсіл­мен шешуді жөн көреді. Оған бюджет­тен әлеуметтік желіге деп бөлінген қы­руар қаражатты мысалға келтіруге болады.

Мемлекеттік сатып алулар сайтына көз жүгіртсеңіз, жергілікті мекендердің жағымды бейнесін блогерлер арқылы қалыптастыру деген тапсырыстарды байқауға болады. Мәселен, Ұлытау ауданының ішкі саясат бөлімі ауданның имидждік контентін блогерлердің әлеуметтік желілердегі парақшаларында орналас­тыру жөніндегі қызметке 2 млн теңге бөлген. Ал Алматы облысының Дін істері басқармасы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына 3 млн теңге қаражат ұсынса, Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасы дін саласындағы алдын алу жұмыстарына блогерлерді тарту үшін 10 714 285 теңге жұмсаған.

Сырдария аудандық ішкі саясат бөлімі де әлеуметтік желіде блогерлер арқылы аудан туралы оң қоғамдық-саяси пікір қалыптастыруға 1,3 млн теңге бөлген. Бұдан өзге блогерлерге арналған пресс-турлардан көз сүрінеді, бөлінген қаражат та әлдеқайда қомақты. Сол аймаққа келген қонақтардың үй иесі жайлы тек жағымды пікір жазатыны белгілі.

Енді мұндағы мәселе бұл шаралар­дың ұйымдастырылуы емес, блогерлер қатарына енген белсенді қолдану­шы­лардың сапасында болып тұр. Оларды кім, қандай талаптарға сүйене отырып таңдайтыны үлкен мәселе. Ал осындай шараларға бөлінген миллиардтар қаншалықты өзін ақтап жатыр? Есептеп, саралап жатқан мемлекеттік орган бар ма? Желге ұшқан ақшаның сұрауы кімнен? Жалпы, қоғамның пікірін бір адамның сөзімен қалыптастыруға тырысатын ұйымдардың қызметіне де жіті назар аудару қажет секілді. Жұмыс істеу­дің, нақты нәтижеге жетудің орны­на, оны басшылыққа әдемілеп көр­сетуден туындаған сұраныс болса керек бұл.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та осы жалаң хайп мәселесін халық­қа жасаған Жолдауында көтерді емес пе? «Демократияның басты жауы – білім­сіздік пен популизм. Осыны ес­тен шы­ғар­маған жөн. Аза­мат­­тары­мыз рефор­маларға қолдау білді­реді деп сенемін. Олар жаңа саяси мүм­кін­­дік­тердің арқасында қоғамда «хайпо­кратияның» белең алуына жол бермейді деп үміттенемін» деген еді Мемлекет басшысы өз сөзінде. Әйтпесе сапалы жасалған еңбекке жарнаманың немесе насихаттың не керегі бар. Бол­маса, өз ісін блогердің беделімен «безен­­діру» кімге керек? Ұрандату мен мақ­тангершілік дәуірі өткелі қашан. Әрине бұл сөзбен көпке топырақ шашудан, я әлеуметтік желіні қолданбайық деуден аулақпыз. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың әр тиынына дейін сұрау болуы керек дегенді айтпақпыз.

 

Цойды «сойып салды»

Жалпы, пандемия кезінде Денсаулық сақтау министрлігінің, бұрынғы ми­нистр­дің ақпараттандыру жұмысына бөлген қа­ражатының көлемі індеттен сан­­сы­­раған халыққа «жығылғанға жұ­ды­­рық» болып тиді. Мәселенің басы сон­­да шыққан еді. Халыққа жол тарт­қан ха­бар­­ламалар елдегі жағдай тұрақ­ты, бар­лығы бақылауда деген сарында бол­­ды. Ал шын мәнінде аурухана­ларда орын таба алмай, емделетін дәрі­нің со­ңын­да сабылған жұртты көр­дік. Осы жағ­­дай-ақ «әдемі бейне» қалып­тас­ты­руға ты­рыс­­қандардың жұмысы нәти­желі бол­май­­ты­­нын көрсетті емес пе?! Өтірік­тің құй­ры­­ғы бір-ақ тұтам екеніне тағы көз жетті және оның зардабын халық болып тарттық.

Әлқисса, блогерге бүйрек бұру деген қасиет жаңа министр Алексей Цойға да жат емес екен. Алматыда блогерлер­мен шай ішкен министрді сынағандар аз болмады. Журналистердің сауалына жауап беруге уақыт таппай жүрген ми­нистр­­дің бұл әрекеті көпті ренжіткен сы­ңай­лы. Індетпен күрестің қалай жүргізіліп жат­қанын халыққа БАҚ ар­қылы егжей-тег­жейлі түсіндірудің орны­на әлеуметтік желі­ге кездесу туралы бір хабар мен сурет ілетін таңдаулы «пі­кір көш­бас­шы­ларын» жинауды жөн көріпті. Бәлкім, бұл «халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» деген тұжырымдамаға сай қоғам өкіл­дерімен кез­десуді білдіре ме екен? «Аузы күй­ген үрлеп ішеді» деуші еді. Бұл өткен бас­шы­лықтың қателіктері еске­ріл­меді деген­ді білдірмесе болар. Жал­пы, бұл оқиға министрлік үшін тағы бір сабақ бол­ған шығар. Өйткені халық нақ­­ты іс көр­гісі келеді. Жоғалған сенімді қай­та қа­лып­тастыру – министр Цойдың ар­­қа­­­ла­­ған міндеті. Ал министрлік ал­дағы уақыт­та мұн­дай имидждік шара­лар­дың ведом­ство­­ның беделіне қарама-қайшы әсер етіп жатқанын да ескерер деп ойлаймыз.

PR саласының маманы Ақсұлу Сан­ғали мұндай қаражатты, уақытты, ұйым­дастыруды талап ететін таңғы астың орнына сол ресурстарды қолдана отырып, басқа тиімді жобаларды қолға алуға болатынын алға тартты. Оның айтуынша, қазір қоғамдық пікірді қалыптастыруда әлеуметтік желілердің орны аса маңыз­ды. «Маман ретінде белгілі бір ұйым­ның, компанияның, тауардың не адам­ның пиарымен айналысамын. Қазір барлы­ғы­мыз әлеуметтік желіде көп отыра­мыз. Сол себепті де блогерлермен жиі жұмыс істеймін. Блогерге тапсырыс жасаған кезде біз бұл нәрсені жа­сы­рмаймыз. Тіпті мұның жарнама еке­нін ашық айтып, аудиториясымен ашық сөйлесетін желі қолданушылары да бар. Ол өзінің шеберлігіне байланыс­ты. Кейбір мәселеге қатысты жеке ойы сәйкес келмейтіндер бірден бас тартып жатады, керісінше пікірі сәйкес келе­тін­дер де өз еркімен үн қосып тұрады. Бы­лай қарағанда ол кісілердің жеке аккаунты болғандықтан мынаны жаз деп талап та қоя алмайсың», дейді А.Санғали.

Әрине, демократиялық қоғамда біреуді шектеуге хақымыз жоқ. Алайда миллиондаған аудиторияға ақпарат тара­та­тын адамның жауапкершілігін, қоға­мдағы рөлін кім анықтайды? Тех­но­логияның дамуымен осындай мәсе­лелердің туындайтыны тағы бар. Мұның барлығы адамзатқа таңсық. Заңды не моральдық тұрғыдан әлі реттелме­ген тұстары көп. Сол себепті де жоғары­­дағы­дай мәселелер туындап жата­ды. PR маман жұмыста, ең алды­мен, бло­герлердің аудиториясына мән бері­­летінін айтады. Кейбір қол­дану­шы­лар әлеуметтік желіде оқыр­ман­дарын бот арқылы көбейтіп алады, олар­дың аудиториясы – саны бар, сапасы жоқ. Блогерге қойылатын басты талап – оқырмандарының белсенді болуы. Тапсырыс алғысы келетін блогер жазылушыларын түрлі тәсілмен қызық­тырып отыруға тырысады. Осылайша әлеуметтік желіде соңғы кезде ақша тарату танымал болып келеді. Көп аудиториясы бар адамдардың лотерея ойнатуы, түрлі алаяқтық әрекеті де үлкен тақырыпты қаузауға себеп. Одан бөлек қоғамда құқық қорғау органының шарасынан емес, «блогердің» бопсасынан қорқатын басшылардың барын жақында Түркістан облысында ұсталған алаяқ «блогерлер» көрсетті. Дәл осылай технологияның тылсымын түсінгендер білгенін жасап жүре бере ме? 

Бүгінгі әңгімеге арқау болған азамат­тық позициясы жоқ, сілтеген тақырыпқа қалам тербейтін, жеке бір тұлғаның мүддесін жоғары қоятын не шалыс кеткен басшыны ақтауға келетін «адвокат» блогерлер тақырыбы бұдан да терең. Бұл мәселенің бір ұшы қоғам болып жоюға тырысып жүрген жемқорлыққа да келіп тиеді. Кез келгеннің қолшоқпарына айналмай, блогерлік кәсібін адал атқарып, салмақты ой мен тұшымды пікір айта білетін, халықтың мұң-мұқтажын өзінің жеке мүддесінен жоғары қоятындардың қатары көбейсе дейміз.

Сонымен біз блогер деп атап жүрген желі қолданушыларының басы неге үнемі даудан арылмайтынын саралап көр­дік. Жүз мыңдаған адамды аузына қарат­қан олардың қоғамдағы беделі күн­нен күнге түсіп келе жатқандай көрінеді. Жариялаған хабарынан «тап­сы­рыстың иісін» немесе өзге біреудің мүддесін қо­рғау ниетін оңай аңғаруға да болады. Ол үшін көріпкел болудың қажеті жоқ. Әлеу­­меттік желінің кереметі де осы – бар­­лығы ашық, көз алдыңда. Қол­дану­шы­­лар қалдырған пікірлерді оқып-ақ қоғам­ның көңіл күйін, авторға деген қарым-қатынасын бірден аңғаруға болады. Бір сарынды посттардың бір уақытта топ ете қалатыны тағы бар. Былай қыра­­ғы оқырманға бұл бірден бай­қа­лады. Осы секілді өзге де мысал­дар оқыр­­ман­ның сеніміне селкеу түсіреді. Әлеу­­мет­­тік желінің әуеніне төңкерілген қауым­ның көңіл сарайын ашар құнды ақпар көп болса, қоғам түзу жолдан таймайды.