• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Оқиға 24 Қыркүйек, 2020

Қарумен ойнауға болмайды

322 рет
көрсетілді

Солтүстікқазақстандық полицейлер өңірдегі орман, су алқаптарына профи­лактикалық рейдтерді аңшылық маусымы басталған 5 қыркүйектен бері жалғастырып келеді. Онда аң-құсты заңсыз ату ғана емес, отты қаруды сақтау және тасымалдау қағидалары, өрт және жеке қауіпсіздік техникасын сақтау, аңшылық құжаттарының бар-жоғы және тағы басқа тексеріледі. Отты қаруды белгіленген нұсқамаға сәйкес сақтамау – аңшының өзі мен маңайындағы адамдарға қауіп тудырады.

Оғы оқпаннан шығарылмай тастай салған мылтық жанған оттың жанында жатса өздігінен атылып, біреуді мерт қылмаса да жаралауы әбден мүмкін. Ал аңшылардың көбі мылтықтың қатаң сақталуына мән бере қоймайды.

Міне, осындай аңшылармен учаскелік инспекторлар және табиғатты қорғау полициясы аңшылық шаруашылығындағы қорықшыларымен бірлесе отырып, әңгіме өткізіп, мылтықты қауіпсіз сақтаудың ережелерін естеріне салып отырады.

Облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының аға инспекторы, полиция майоры Құрман Мусин қаруды сатып алу, сақтау неме­се тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін жыл басынан бері 429 хаттама тол­ты­рылғанын айтты. Әкімшілік ко­декс­тің осы бұзушылықтың жазалайтын бабына сәйкес жеке тұлғаларға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.

Аңшылар қажетті құжаттардың тізі­мін білуі, сондай-ақ кә­сіп­шілік немесе спорт­тық аң аулау ке­зінде 2015 жылғы 27 ақпандағы Ауыл шаруашылығы ми­нистрінің бұйрығымен бекітілген «Аң аулау қағидаларына» сәйкес қаруды тасымалдау талаптарын мүлтіксіз сақтаулары қажет. Жолда­ма­ның қолданылу аумағынан тыс жерде аңшы атыс қаруын оғы алынған және бөлшектенген күйде ұстауы керек. Соны­мен қатар аң аулау кезінде ішімдік ішуге тыйым салынады. Алайда осы талапты сақтайтын аңшылар аз.

Тіркелмеген қаруды ұстап жүретін аңшылар да кездеседі. Ондай қару бірден тәркіленеді. «Егер сіз тіркелмеген қару тауып алсаңыз немесе ол қайтыс болған туыстарыңыздан қалған және тағы басқа жағдайда табылған болса – бұл жайында «102» нөмірі бойынша шұғыл по­ли­цияға хабарлау қажеттігін естеріңізге саламыз», – дейді Құрман Мусин. – «Ме­кенжайға жедел-тергеу тобы барып, қару белгіленген тәртіп бо­йын­ша алынатын бо­лады. Қаруды ерік­ті түрде тапсыру, егер адамның іс-әреке­тін­де өзге қылмыс құ­рамы болмаған жағ­дайда қылмыстық немесе әкімшілік жауап­кершіліктен босатылады».

Жалпы, жыл басынан бері облыс аума­ғында отты қаруға байланысты 661 құқық әкімшілік бұзушылық анықталған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы