• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Парламент 24 Қыркүйек, 2020

Отбасындағы әлімжеттікті болдырмау маңызды

792 рет
көрсетілді

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен өткен жалпы отырыста бірқатар заң жобалары қаралды. Депутаттар отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасын бірауыздан мақұлдады.

Зорлық-зомбылық ауыздықталады

Отырысқа қатысқан депутаттар «От­басылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы»  заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады.  Заң жобасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зом­былыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мем­лекеттік саясаттың құқықтық, әлеу­меттік, институционалдық және ұйым­дастырушылық негіздерін жетілдіру мақсатында әзірленді. Аталған заң жобасы арқылы саладағы мемлекеттік саясатты іске асырудың құқықтық тетіктерін ретке келтіру; ұғымдық аппаратты кеңейту; құқық бұзушылардың зорлық-зомбылық және агрессиялық мінез-құлқын өзгерту үшін психологиялық жағынан түзету бағдарламасынан өту арқылы құқық бұзушыларды қайта әлеуметтендіру жөнінде шаралар енгізу; құқық бұзу­шыларға қатысты қорғау нұсқамасын шығару кезінде полицияның оларды бақы­лау жөніндегі құзыретін күшейте отырып, уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреттерін нақтылау ескерілген. Одан бөлек зардап шеккендердің құқықтары мен қауіпсіздік кепілдіктерін бекіту, осы саладағы заңнаманың сақталуын қоғамдық бақылау мәселелерін реттеу, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ақпаратты, статистикалық деректерді жинауды, өңдеуді және талдауды көздейтін статистикалық мониторинг енгізу, зардап шеккендердің қорғалуға, әлеуметтік көмекке және басқаларға құқықтарын бекіту ұсынылады. Жұмыс барысында депутаттар заң жобасының жекелеген нормаларын нақтылайтын және мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізді.

Заң жобасы бойынша баяндама жа­саған Мәжіліс депутаты Ирина Унжакова Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» қолданыстағы заңын талдай келе, 2009 жылдан бері енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қарамастан, елі­міз­де отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбы­лықтың алдын алу мүмкін болмай тұрғанын жеткізді.

«Мұның себептеріне үңілетін болсақ, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» деген атауына қарамастан, қолданыстағы заң нормалары көбіне болған оқиғалар мен солардың салдарын анықтауға бағытталған. Мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын тек полиция ғана, оның үстіне зорлық-зомбылық көр­сет­кен адамдарға қолданады. Екіншіден, тұр­мыстық зорлық-зомбылық фактілерінің статистикалық есебі мен мониторингі жүйеге қойылмаған. Ал бұл өз кезегінде қоғам болып күресіп жүрген әлеуметтік әлімжеттіктің нағыз зардабын түсінуге мүмкіндік бермейді. Сол себепті де біз қазір жағдайдың қандай деңгейде екенін бағалай алмай отырмыз. Ол мүмкін алдын алуға болатын бастапқы кезеңде болар, әлде жағдай қатаң шараны қажет ететіндей ушығып тұруы мүмкін», деді И.Унжакова.

Сондай-ақ депутат қолданыстағы заң бойынша мәселені шешуде орталық мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының және қоғамның рөлі нақтыланбағанын айтады.

«Отбасында зорлық-зомбылықты болдырмау жөніндегі барлық жауапкершілік пен ауыртпалық заңда ішкі істер органдарына жүктелген. Ал басқа орталық органдардың профилактика субъектілері ретіндегі рөлі ведомствоаралық өзара іс-қимылға ресми қатысумен ғана шектеледі. Оның үстіне органдар арасындағы өзара байланысты жүзеге асыру мен үйлестірудің құқықтық тетігі реттелмеген», деді баяндамашы.

Жаңа заң жобасы отбасылық-тұр­мыс­тық зорлық-зомбылықпен күресте мем­лекеттік басқару органдары мен қоғамдық институттардың, онымен қоса тікелей азаматтардың да барынша жұ­мыл­дырылуын және өзара тиімді бай­ланыс орнатуын көздейді. Жобада әлеу­меттік саланы қамтитын барлық министр­ліктердің әр кезеңдегі құзыреті нақты көрсетілген.

«Атап айтқанда, ақпараттық-ағарту жұ­мыс­тарын ұйымдастыру, құқықтық көмек көрсету, ведомстволық статисти­ка­лық есепті жүргізу, салалық мамандардың біліктілігін арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін анықтау және ден қою, медициналық-әлеуметтік оңалту қызметтерінің қолжетімділігін қам­тамасыз ету және өзге де нормалар қам­тылған. Сонымен қатар ішкі істер ор­гандарының жұмыс форматын өз­герту үшін заңнамалық тұрғыда жағ­дай жасалды. Заң жобасында полиция органдарының ерте араласуы, яғни бұ­рынғыдай тұрмыстық зорлық-зомбы­лықтың жолын кесуде мәлімдемелік қағи­даттан алдын ала анықтауға көшу туралы нормалар бар», деді И.Унжакова.

Осылайша тіпті әлеуметтік желідегі тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі туралы жазбаның өзі полицейлердің назарын аударуы мүмкін. Заң жобасы бо­йынша отбасылық жанжал шығарғандарға 30 күн бойы жәбірленушімен кездесу немесе байланысқа шығуға тыйым салынуы мүмкін. Одан бөлек, енді отбасындағы зорлық-зомбылық туралы білетін үшінші тұлғалар да әрекет ете алады. Бұл арқылы депутаттар маңызды мәселеге қоғамның араласуына мүмкіндік бермек. Жаңа заң жобасы отбасындағы зорлық-зомбылықты барлық жауапты органдардың жұмысын үйлестіре отырып, қоғам болып жоюды көздейді.

Статистикаға тоқталсақ, биылғы 8 айда құқық қорғау органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бойынша 130 мыңға тарта шағым келіп түскен. Оның 2,5 мыңы бойынша қылмыстық іс қозғалған, ал 30 мыңға жуығы әкімшілік іс санатына жатқызылған. Ал қалған жағдайларда жәбірленушілер шағымнан бас тартқандықтан тиісті шараларды қолдана алмаған. Бұл туралы отырыс­та Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчиди мәлімдеді. Жалпы, пандемия кезінде отбасындағы әлімжеттік 25 пайызға көбейген.

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин отбасында жәбір көрсетушінің заң талаптарына сай жауап беруін қолға алу керектігін баса айтты.  

«Менің білуімше, отбасында зорлық-зомбылықтың бар-жоғын бағалау талаптарын Ішкі істер министрлігі халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп айқындайды. 2014 жылы қабылданған бірлескен бұйрық бар. Оны бүгінгі күнге сай әрі заң жобасының нормаларын ескере отырып қайта қарап, заңнамалық актілердің құқықтық қолдану тәжірибесі түсінікті болуы үшін жаңа бірлескен бұйрық шығару қажет», деді Н.Нығматулин. 

Отырыста «Қазақстан Республи­касы­ның кейбір заңнамалық актілеріне отба­сылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қар­сы іс-қимыл мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заң жобасы да бірінші оқылым­да қабылданды. Ол қолданыстағы заңна­ма­лық актілерді «Отбасылық-тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл ту­рал­ы» заң жобасына сәйкес келтіруді көз­дейді.

 

Шенеунікке сыйлық беруге болмайды

Жалпы отырыста палата депутаттары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша құжатқа Сенат енгіз­ген толықтырулармен келісті.

«Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісі 2020 жылғы 3 маусымда мақұл­даған. Сенат енгізген өзгерістер Мә­жіліс мақұлдаған заң жобасының тұжы­рым­­дамасын өзгертпейді және маз­мұнын нашарлатпайды. Қазақстан Рес­пуб­ликасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен түзетулерді алып тас­тау – осы кодекске жеке заңмен ғана өзгерістер немесе толықтырулар енгізуді талап ететін норманың 2020 жылғы 1 шіл­деден бастап күшіне енуіне байла­нысты. Бас комитеттің отырысында ке­ліп түскен өзгерістер жан-жақты қа­ралды. Осыған орай Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Сенат енгізген өзгерістермен келісуді ұсынады», деді депутат Жанат Жарасов.

Заң жобасының негізгі міндеті – сыбайлас жемқорлық көріністерінің жүйелі түрде алдын алу жөніндегі қосымша шара­ларды енгізу. Атап айтқанда, мемле­кеттік қызметшіге құны қандай да бол­сын сыйлықтар сыйлауға тыйым белгі­ленеді. Сондай-ақ өзіне сыбайлас жемқор­лық шектеулерін қабылдайтын адам­дар­дың отбасы мүшелеріне материалдық сый­лықақы, сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтер қабылдауға тыйым енгізіледі.

Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық акті­леріне салық салу және инвестициялық ахуал­ды жетілдіру мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда ма­құлдады.

Заң жобасы негізінде Қазақстан Рес­пуб­ликасының 28 заңнамалық актісіне салық жүйесін реформалау, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, инвестициялар тартуды ынталандыру, бизнес ортаны дамыту, тарифтік саясатты және монополияға қарсы реттеуді жетілдіру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Салық салуды жақсарту мақсатында көпқабатты тұрғын үйлерге салынатын жер салығын алып тастау мен жеке тұлғалар, жеке тұрғын үй меншік иелері үшін жер са­лығы мен мүлік салығын бірыңғай мүлік салығына біріктіру ұсынылды. Яғни екі салық бір төлеммен төленетін болады. Сондай-ақ заң жобасында жеке тұл­ға­лардың көлік құралдарына арналған са­лықты төлеуін салықтық кезеңнің 31 желтоқсанынан кейінгі жылдың 1 сәуіріне ауыстыру және басқа да өзгертулер мен толықтыруларды енгізу қарастырылған.

Сонымен қатар Парламент Мәжі­лісінің жалпы отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу, сондай-ақ жекелеген халықаралық шарт­тардың қолданысын өзгерту және тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

 

Пандемия салдары алаңдатады

Отырыс соңында Мəжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Nur Otan фракциясының атынан сауал жол­даған Зәуреш Аманжолова корона­вирус жұқ­тырған және індеттен қайтыс болған медицина қызметкерлеріне өтема­қы­ның уақтылы төленбеуіне байланысты мәселені көтерді. 

«Денсаулық сақтау министрлігінің мә­ліметі бойынша 22 қыркүйектегі жағдай бойынша 12 830 медицина қыз­меткері коронавирус жұқтырған. Ал Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің күнделікті мониторингіне сәйкес, дәл осы күні Денсаулық сақтау министр­лігінен барлығы 2 475 өтінім келіп түскен, бұл індет жұқтырғандардың 19 пайызы ғана. Мемлекеттен төлемді тек 1 830 адам алған, яғни науқастардың жалпы санының 14,3 пайызы. Қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына тиесілі төлемдер толықтай берілмеген. Мәселен, 197 медицина қызметкері қайтыс болған, Денсаулық сақтау министрлігінен төлемге тек 38 өтінім келіп түскен, бұл барлық зардап шеккен қызметкерлердің тек 19,2 пайызы, солардың ішінде 25 қызметкердің отбасына, яғни 12,7 пайызына ғана өтемақы берілген», деді З.Аманжолова.

Депутат бес айға созылған нәтиже­сіз жұмысқа шүйлікті. Жауапты министр­ліктердегі қызметкерлердің баяулы­ғынан Президенттің тапсырмасы дер кезінде орындалмай жатқаны ескертілді. З.Аманжолова бұл мәселелердің Ден­саулық сақтау мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің әрекет ету және өзара іс-қимыл алгоритм­дерін уақтылы пысықтамауынан туын­дады деп есептейді. Сондықтан депутат Үкімет басшысынан істі жеке бақы­лауына алып, вирус жұқтырған және індеттен қайтыс болғандардың отбасына уақтылы әлеуметтік төлемдер бойынша мемлекеттік міндеттемелердің сөзсіз орындалуын қамтамасыз етуді сұрады.

Мәжіліс Спикері өз кезегінде бұл мәселенің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың қатысуымен Мәжілісте қаралатынын мәлімдеді.

«Медицина қызметкерлері өте қиын жағдайда жұмыс істеді. Қауіптің алдыңғы шебінде тұрды. Кейбіреуінің денсаулығы нашарлап, кейбір дәрігерлер қайтыс болды. Осы бағытта дәрігерлерді қолдау шаралары тиісті деңгейде орындалмаған. Министрді шақыртып, Nur Otan фракция­сы осы мәселелерді қарастыратын болады», деді Мәжіліс Төрағасы.

«Ақ жол» партиясының депутаттары Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға жолдаған сауалында медициналық мекемелердегі қалдықтар мәселесіне тоқталды. Депутаттар эпидемиялық жағдайдың тұрақсыз кезінде қорғаныш киімдері, шприц, бинт, маска секілді қалдықтардың тиісті жолмен жойылмауы қоғамға үлкен қауіп төндіретінін ескертті.

«Қазақстанда халықаралық талаптарға сай медициналық қалдықтарды эпиде­миялық қауіптілік дәрежесі (барлығы 5 дәреже) бойынша жіктеу және оларды зарар­сыздандыру ережелері бекітілген. Бізде негізінен жағу әдісі қолданылады. Алай­да бұл қызметке бірыңғай талап­тар мен тарифтердің болмауы алаңда­тады. Мәселен, тек Нұр-Сұлтан қаласы әкім­дігінің бақылауындағы емдеу мекеме­лерінде (олардың саны 30-дан астам) әдеттегі режімде 400 тоннадан ас­там эпидемиялық қауіпті, аса қауіпті және токсикологиялық қауіпті ме­ди­циналық қалдықтар пайда болады. Қазіргі жағдайда олардың көлемі айтарлықтай өсті», деді депутат М.Қазбекова.

Депутаттың айтуынша, көп жерде медициналық қалдықтардың тұрмыстық қалдықтар полигондарына немесе тіпті рұқсат етілмеген қоқыс үйінділеріне түсу фактілері кездескен, бұл жалғасып жатқан пандемия кезінде халықтың өмірі мен денсаулығы үшін аса қауіпті. Әлеуметтік желілерде жедел жәрдем көліктеріне тиелген қауіпті медициналық қалдықтарды тұрғын үй орамдарында немесе оларға жақын жерде Алматы, Қарағанды және басқа да өңірлерде қоқыс бактарына лақтырып жатқан бейне және фотосуреттердің пайда болғаны айтылды.

«Нұр-Сұлтан қаласына жақын Ключи ауылына қарай 2-3 тонна көлемінде меди­циналық қалдықтар, оның ішінде қаны бар пробиркалар, шприцтер лақтырылды. Мұндай мысалдар аз емес. Мұндай әре­кеттер пандемиядан бұрын да болған жә­не қазір де жалғасып жатыр.  Мұндай әре­кеттер қауіпті ғана емес, адам өмірін жал­мауы мүмкін», деді ақжолдық депутат.

Осылайша «Ақ жол» партиясының депутаттық фракциясы қос министрден салада тәртіп орнатуды, қауіпті меди­циналық қалдықтарды тасымалдау және зарарсыздандыру талаптарын бұзғаны үшін бақылауды және жауапкершілікті қатаңдатуды сұрады.

Пандемия салдарынан денсаулық саласының жүктемесі артып, өзге науқас­тарды емдеу шаралары ақсап қалғаны белгілі. «Ақ жол» партиясының атынан Денсаулық сақтау министріне жолданған тағы бір сауал онкологиялық ауруларды емдеу жүйесіне қатысты болды.

«Қазақстанда онкологиялық аурулар бойынша диспансерлік есепте 187 мың адам тұр. Төтенше жағдай енгізілген кезде оларға медициналық ұйымдарға бармау ұсынылды, ал дәрі-дәрмек үйлеріне жеткізілетін болды. Бұл кезде емханалардағы жоспарлы тексерулер мен кезекті терапиялық курстар өткізілген жоқ. Қатерлі ісікпен күресетін науқастар ең осал топтардың біріне жатады. Әдетте емдеу шаралары да ұзақ әрі ауыр өтеді. Ал кез келген үзіліс алдыңғы емнің нәти­жесін жойып жіберуі мүмкін. Ал карантин кезінде ауру ешқайда кетпейді», деді Дәния Еспаева.

Депутат осы қиын кезде қажетті дәрі­ге қол жеткізе алмаған науқастың оқиға­сын мысалға келтіре отырып, онколо­гиялық ауруларды емдеуді ұйымдастыру жүйесін қайта жасап, карантин кезінде оларға қатысты ем-домды үзбей, бақылау жүргізу бастамасын көтерді. Осы тұрғыда он­кологиялық ауруларда медициналық пре­параттарды алуда қиындықтар бай­қал­ғанын айтып, депутат сауалда қажетті пре­­паратпен қамтамасыз етудегі «СҚ-Фар­­мацияның» кемшіліктерін де атап өтті.

«Біздіңше, препаратпен тоқтаусыз қамтамасыз ету жағдайына карантин емес, жылдар бойы шеттегі байқаушы ре­тіндегі қалыптасқан Денсаулық сақтау министрлігінің позициясы, сондай-ақ «СҚ-Фармация» айналасындағы сыбайлас жемқорлық даулары әсер етті», – деді Д.Еспаева.

Осы орайда ол «Ақ жол» фракция­сы­ның депутаттары осыған дейін бір­неше мәрте бұл ұйымдағы жемқорлық жағ­дайына қатысты Үкімет пен Бас проку­ра­тураға депутаттық сауал жолдағанын тағы бір еске салды.

Аталған мәселелерді ескере отырып, депутат Д.Еспаева бірқатар ұсы­нысты жариялады. Онкологиялық науқас­тар­ды емдеуді ұйымдастыру жүйесін қай­та құру, карантин кезеңінде осы науқас­тарды емдеуді және бақылауды үзбеу, COVID-19 індетінен қорғау шараларын қамтамасыз ете отырып, жоспарлы ауруханаға жатқызуды қарастыру, 6-9 айға дейінгі кезеңге препараттардың қорын қамтамасыз ету, науқастарға дәрі-дәр­мекті 3 ай бұрын беруді қамтамасыз ету ұсынылды. Сондай-ақ депутат дис­пан­серлік есепте тұрған онкологиялық нау­қас­тардың қаншасы мемлекет кепілдік берген дәрі-дәрмексіз қалғанын, олардың қаншасы осы себеппен өмірден кеткенін және осы фактілер үшін жауапты адамдарды анықтауды сұрады.

Одан бөлек, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Асылбек Смағұловтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.