• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Қыркүйек, 2020

Сағатшылар әулетінің сыршыл әлемі

257 рет
көрсетілді

Көкшетаудағы Қартбаевтар әулетінің сағат жөндеу ісіндегі жалпы еңбек өтілі 120 жылды құрайды екен. Ертеректе сағат жөндейтін шеберлердің арасында жергілікті ұлт өкілдері саусақпен санарлық еді. Сөйтсек, тұтас әулет осы бір кәсіппен айналысып, өзіндік мол тәжірибе жинапты.

Жетпісінші жылдардың басында облыстық радиокомитетінде жүр­гізуші болып жұмыс істеген Қай­ролла Қартбаевтың жұмысқа орналас­қа­нының өзі бір жыр. Мекеме басшылары әскер қатарынан жаңа оралған, жүргізуші болып жұмыс істегісі келген жас жігітке гаражда көптен бері қаңтарылып тұрған «ГАЗ-69» көлігін иектерімен нұсқап көрсеткен ғой. Егер осы көліктің кеудесіне жан бітіре алсаң, жұмысқа аламыз дескен. Жас жігіттің қолынан келе ме, жоқ па деген сынақ тәрізді. Төбесінен ұрған танадай төрт доңғалағы төрт жаққа қарап тұрған әлгі көлікті төрт күннің ішінде жөндеп шығыпты. Техника тілін мұншалық жетік меңгергеніне радиокомитеттің көпті көрген көне­көздері таң-тамаша қалса керек.

Кейін облыс орталығындағы «Рембыттехника» мекемесіне сағат шеберінің шәкірті болып ауысыпты. Сырт қараған адам сәбидің білегіндей саусақтарымен сағаттың нәп-нәзік тетіктерін қалай ұстай алады деп таңғалар еді. Оның себебі бар екен. Өйт­кені, Қайролла ағамыз сағатшылар әулетінің екінші буыны. Оқушы ке­зінде-ақ көрші-қолаң арасында ұста бала атаныпты. Аралас-құралас ағайынның күйген үтігі, электр плиталары, сақау болып қалған радио, магнитофондары Қайролланың қолынан өткен. Кейбір таңсық дүниені жөндеу арқылы тәжірибе жинақтаған. Әр тетіктің қызметін ойша шолған. Бұл кезде тетелес ағасы Тұрсын кәдімгідей кемеліне келген шебер сағатшылардың санатында еді. Ағаның да ақылын тыңдап, тәжірибесін зерек көкірегіне құйып алуға тырысқан.

Осы жылдар ішінде шебер қолы­нан қанша сағат өтті екен, санап көр­се ғой, шіркін. Ал өзі болса бұл күн­де қарасыны да қалмаған «Рембыт­техника» мекемесіндегі әр күнін, қызу еңбекке толы заманын сағынады.

– Өз ісінің нағыз шеберлері көп еді, – дейді ол, – алғашқы ұстазым Ин Ле Пын сағат жөндеу кәсібін қапысыз меңгерген, айрықша шебер адам болатын. Бұл бір адамның төзімділігін таразы басына тартатын, кез келген адамның қолынан келе бермейтін күрделі іс қой. Әрине, құрылысын, әр тетіктің қызметін көз қанықтырып, қол жаттықтырып үйреніп алуға болады. Бірақ титімдей тетіктерге жан бітіріп, қозғалысқа келтіру үшін осы іске деген ыстық ықыласың болу керек. Сол кезеңде Иван Колесников, Владимир Уткин, Маргарита Державина тәрізді өз ісінің мықты мамандары болды. Біздің цехта жиырма шақты адам жұмыс істеді. Тапсырыс та көп болатын. Сағатпен қоса тоңазытқыш, кір жуатын машиналарды жөндейтінбіз. Қосалқы бөлшектер бөлімінде ұзын-сонар кезек болатын. Егер тапсырысты уақтылы әрі сапалы орындасақ, ел алғысына бөленетінбіз.

Қазір ғой ақауы көптеу болса, кей­бір заттың оп-оңай лақтырылып тасталатыны. Ол дәуірде тұрмыстық заттар қасқалдақтың қанындай таптырмайтын. Бәлкім содан ба екен, ел тұрмыстық техникаларды күтіп ұстауды үйренді. Тіпті, жөнделгеннен кейін де ондаған жылдар бойы пайдаланды. Аға буын өкілдері көненің көзіндей әлпештеп ұстаған заттарынан айрылғысы келмейді. Тіпті кейбіреуінің ішіне әдемілеп, әшекейлеп, әкеден балаға, анадан қызына мұра болатындай ыстық тілектерін жазып қойған заттар қаншама. Сынғанымен, сыры қашқанымен, сынын жоғалтпаған сол заттар қазір олардың көздеріне оттай ыстық болып көрінетін шығар.

Шебердің айтуына қарағанда, бұрын механикалық сағаттарды ғана жөндеген екен. Ал сағаттың бәрі тегіс электронды таймерге көшкен. Кәсіп те көнереді екен. Енді компьютер тілін білген ұтымды.

Бір кездері дүркіреп тұрған «Рем­быт­техника» мекемесі тұтынушылар тарапынан сұраныс болмаған соң өзінен-өзі жабылды. Бұл болса жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тырбанып тіршілік істеді. Шеберханасына көп те орын керегі жоқ, ат айналатындай алаң болса жетіп жатыр. Бірақ оның өзінде де кедергі көп. Содан ғой сағат шеберханасы қала ішінде ұдайы көшіп жүретіні. Берік еңбек дәс­түрі қалыптасқан әулеттің бір бұ­тағы, Қайролланың інісі Қайырбек 1968 жылдан бері сағат сырын игеріп, өз ісінің хас шебері атанып отыр. Екеуінің ұлы Ермек пен Арман бес жылдан бері осы кәсіптің жалынан ұстауда. Қайролланың тағы бір інісі Олжабайдың Аян мен Азамат есімді ұлдары да әулеттің ежелгі ұстанымын жалғастырып, Көкшетау мен Нұр-Сұлтан қаласы жұртшылығына танымал шеберге айналды.

Бір отбасынан тарайтын сағатшы шеберлердің сырлы әлемі өздерінің ақадал еңбектерімен нұрланып тұр. Осының өзі-ақ талайға өнеге емес пе?!

 

Көкшетау