Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуымыздың түпқазығы іспеттес сот саласына да үлкен мән берілді. Мемлекет басшысы пәрмен беріп отырған шаралардың барлығы да баршамыз үшін көкейкесті. Дегенмен елдікке қызмет етіп отырған әрбір азамат өз саласының кем-кетігі мен мәселелі тұстарын жақсы біледі. Соның ішінде заңгерлердің назарын аударып отырған жайт, яғни әділетті мемлекет немесе азаматтардың мүддесін қорғаудағы «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы.
Елдің мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажеттігін көрсетті.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу және азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау, олардың құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, ал жемқорлыққа қарсы күресті күшейту әрқайсысымыздың міндетіміз екендігін, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы» екенін және соттарға азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз, ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығаруды тапсырды. Осыған байланысты, Қазақстан Президенті Әкімшілігінің жанынан құқық қорғау және сот жүйесін реформалау жөніндегі өкілетті комиссия құрылып жатқандығын атады.
Оның ішінде 10 жылдай бұрын «Медиация туралы» заң қабылданып, әзірге оның нәтижесіне көңіл толмайтындығын айтып, осы жағдайды түзету керектігін, әрі қарай нәтижелі жоспар жасап, оны міндетті түрде іске асыруды тапсырды.
Аталған реформа медиацияға қатысты, ол тек сот саласына қатысты талап деп түсіну дұрыс емес екенін біздің жергілікті басқару органы мен құқық қорғау органдары жіті назарға алса, бұл істің оң шешім табатынына сенімдіміз.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайтынын, жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойына тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керектігін, сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыру қажет екендігіне көңіл бұру қажеттілігін айтты.
Жолдауда қойылған міндеттерді жүзеге асыра отырып, сот жүйесі жекеменшікті қорғауға, құқық үстемдігі мен баршаның заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңғырту жұмыстарын одан әрі жалғастырып, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың кең ауқымды мүмкіндіктерін аша түсуді көздеп отыр.
Тәуелсіздік жылдарының бедерінде Қазақстан Судьялар одағының жеті съезі өтті. Соның ішінде Судьялар одағының кезектен тыс VII съезін 2016 жылдың айтулы шараларының бірі деп білемін. Мемлекетіміздің одан әрі дамуының бағдаршамы болған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 29-қадамында Судьялар съезін өткізу туралы мәселе дер кезінде көтерілген маңызды шара болып, сот жүйесінің тарихына жазылды. Онда сот жүйесінің болашақтағы даму басымдықтары айқындалды.
2016 жылы 20 қарашада өткен, Республика судьяларының VІІ съезіне көз жүгіртсек, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасындағы құқықтық саясатты жетілдіру, сот жүйесін одан әрі дамыту бағытындағы сот жүйесіне қойған талаптары да, айтқан тілектері де аз емес болатын. VII съезде судьялардың жаңа Әдеп кодексі қабылданды. Қабылданған судьялық Әдеп кодексінің талаптарына сай, азаматтар судьялардың әрекетіне қатысты арнайы құрылған Жоғары Сот кеңесінің жанындағы Сот жюриіне шағымдана алады. Съезд жұмысының барысында отандық сот жүйесінің тәуелсіздік алған жылдар ішінде жеткен жетістіктері және шешілуге тиісті міндеттері мен мақсаттары туралы кең ауқымды мәселелер талқыланып, бүкіл судьялар қауымы алдында Ұлт жоспарының заң үстемдігін қамтамасыз етумен байланысты саласының өз уақытында әрі тиісті деңгейде іске асырылғанын атап көрсетті. Сонымен қатар VII съезде қабылданған жаңа Әдеп кодексі судьялардың мінез-құлық жоралғыларының Банголор қағидаттары мен үздік халықаралық тәжірибелерге негізделіп жасалып, қағидаттары қазіргі заманғы ғылыми айналымдағы еңбектерде дәлелін тапқан және істе сыналған судьялардың әдеп нормалары мен ел дамуының стратегиялық басымдылықтарына қарай жаңартылды. Онда судьяның жалпы этикалық ұстанымдары мен кәсіби қызметін атқару кезіндегі, отбасы мен тұрмыстағы әдеп ұстанымдары бөлек-бөлек үш тарауда нақтыланған.
Қазіргі таңда, сот залдары бейнебайланыс құрылғыларымен 100 пайызға жабдықталды. Бейнебайланыс жүйесі сот төрелігін қашықтан жүргізуге мүмкіндік береді. Мәселен, қазіргі таңда еліміздегі соттар басқа өңірдегі адамнан қашықтан куә ретінде жауап алу мүмкіндігін ұтымды пайдалануда. Бұған қоса, бейнебайланыс жүйесі бас бостандығынан айыру орындарында және тергеу абақтысында отырған сотталған немесе тергеуде жүрген адамдарды тасымалдамай-ақ жауап алу үшін қолданылады. Сонымен қатар сот әділдігін жүзеге асырудың жұртшылыққа ашықтығын, жариялылығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында республикадағы барлық соттардың қызметі туралы үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) ақпарат ұсынатын Жоғарғы Соттың www.sud.gov.kz ресми веб-сайты азаматтардың сот қызметін электронды сервис арқылы алуына оңтайлы мүмкіндік туғызды. Бұқаралық ақпарат құралдарымен осы бағытта да жүйелі түрде қарым-қатынас орнап, қоғамға қызығушылық тудырған қандайда бір істер бойынша ақпараттар лезде ұсынылуда. Барлық соттардың сайтында «Сот кабинеті» сервисі іске қосылды. Сотқа келушілердің сергелдеңге түспеуі мақсатында, осы сервистің арқасында электронды цифрлы қолтаңбаға ие азаматтар қазіргі таңда үйінен немесе кеңседен шықпай-ақ сотқа талап қою арыз, шағым, өтініш, пікір немесе қарсы талап қою арызды электронды түрде беріп, мемлекеттік баж салығын онлайн режімде төлеуде. Сондай-ақ «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мазмұнымен толық үйлесім тауып отыр. Сот жүйесінде заманауи техникаларды енгізу және қолдану сот ісін жүргізуді жеңілдетеді, бюрократиялық кедергілерді жояды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді, азаматтардың уақыты мен қаражатын үнемдейді, ел тұрғындары үшін сот жүйесінің барынша айқындығы мен қолжетімділігіне мүмкіндік беретіндігі айтылды.
Осы уақытта, республиканың сот жүйесінің қайта реформалануы қоғамда оң баға алып, жұртшылықтың сенімділігін арттырып, сот жүйесінің беделін одан әрі жоғарылатқаны, сот жүйесі алдында қойған талаптарының тиянақты орындалып отырғанын айғақтайды.
Сонымен жоғарыда аталған съезде судьялар қауымдастығының алдына қойылған міндеттер де толығымен орындалды деп айтуға болады. Сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге қажетті мүмкіндіктердің бәрі жасалды. Судья кадрларының кәсіби және адамгершілік деңгейін көтерудің ауқымды шаралары жасалып, сот процестерінің толық аудиобейнетаспаға жазылуының жүзеге асуы мен судья қадрларына қойылатын талаптар күшейтіліп, сот сатыларының оңтайландырылғаны айғақ.
Нұржан ҚАРАБАЕВ,
Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы
АЛМАТЫ