Аязы атан түйені алып ұратын Ақмола өңірінде қатал сыншы – қысқа мұқият дайындық жасалуда. Биыл «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламаларының шарапатымен көп-көрім жұмыс істеліп қалды.
Мамыр айында облыстық әкімдіктің жылу беру маусымына дайындық туралы қаулысы қабылданған болатын. Осы қаулыға сәйкес, облыстағы барлық жылу беру кәсіпорындары қыркүйектің 15-іне дейін дайындық жұмыстарын аяқтауға тиісті. Оған мол мүмкіндік бар еді. Үстіміздегі жылы облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына 46 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл қаржы 2019 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,4 есеге көп. Облыстың 8 елді мекенінде жылу беру нысандары мен жылу құбырлары жаңғыртылды. «Ауыл – ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 10,6 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда, 3,9 есе көп. Оған қоса жолдарды жөндеу мен отын қорын жинақтауға 5 млрд теңге бөлінгенін ескерсек, бұл салаға қаншалықты қамқорлық жасалып отырғаны көзге бірден көрінер еді.
Жоғарыда аталған бағдарламаларды жүзеге асыру барысында 61 көпқабатты тұрғын үй мен 454 жекеменшік үй, 31 әлеуметтік нысан жылу жүйесіне қосылды. Елді мекендердегі кейбір тозығы жеткен жылу жүйелері алмастырылып, қысқа дайындық жұмыстары біршама тыңғылықты атқарылды. Әйтсе де, Атбасар, Егіндікөл, Зеренді аудандарында күрделі жөндеу жүргізілуі себепті кейбір нысандардың дайындық жұмыстары кештеу аяқталғанын айта кету керек. Мәселен, Егіндікөл ауданындағы Армавир, Полтавская орта мектептерінде қазандықтарды жөндеу жұмыстары кеш аяқталды.
Облыс орталығындағы «Көкшетау Жылу» кәсіпорны жылу жүйесін жөндеуді ширата түсуі керек еді. Осы орайда кәсіпорынға жыл сайын 3 млрд теңгеге дейін қаражат бөлінетінін екпін түсіріп айта кету керек. Демек, бұл кәсіпорында қолбайлау болып отырған бөгесін қаражат емес, істі уақтылы ұйымдастыруда. Биыл жөндеу жұмыстары мен отын қорын жасақтауға 6 млрд теңге қарастырылған. Сөз арасында қалалық бюджеттен жылу беру маусымына бір тиын да бөлінбегенін айта кетелік. 2016 жылдан бері кәсіпорынның кредиторлық берешегі үздіксіз өсіп келеді. 596 млн теңгеден жаңа жылу беру маусымына дейін 3,4 есе көбейіп, қордаланып қалған соңғы екі жылдағы қарыз 2 млрд теңгені құрап отыр. Оның 489 млн-ы – көмірге, 95 млн-ы салыққа төленетін қарыздар. Тұрғындардың қарызы да қордаланып қалған.
Қыстан қысылмау үшін жеткілікті отын қорын дайындау өте маңызды. Қазір жылу беретін кәсіпорындарға көмір жеткізілуде. Екі айлық қажеттілікті өтейтін 160 мыңға жуық тонна көмір алынған. Әйтсе де бұл көрсеткіш Аршалы, Ерейментау, Есіл, Атбасар, Қорғалжын аудандарында төмен. Белгіленген кестеге сәйкес қыркүйек айының соңында тағы 13,5 мың тонна көмір жеткізіледі деп күтілуде. Облыс тұрғындары 349 мың тонна көмір сатып алған. Бұл – қажеттіліктің 53 пайызы. Қыстан қысылмай шығу үшін 660 мың тонна көмір қажет. Қазір облыс елді мекендерінде 56 отын қоймасында көмір сатылуда. Көмірдің бір тоннасының орташа бағасы 13 мың теңгені құрайды. Қалалық және аудандық әкімдіктердің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері бұл мәселені жіті қадағалап отыр. Бұрнағы жылдардағыдай қарбалас байқалмайды.
11 қыркүйектегі мәліметке қарағанда, жылу және сумен қамтамасыз ету кәсіпорындарының дебиторлық қарызы 1 млрд-тан астам. Оның 593,8 млн теңгесі бұрыннан қордаланып қалған қарыз болса, ағымдағы қарыз 443,9 млн теңгені құрайды. Мұндай қарыз аудандарда да бар. Мәселен, дебиторлық қарыз Степногор қаласында 315 млн теңге болса, Бурабай ауданында 172 млн теңгеге жеткен. Сондай-ақ Атбасар және Көкшетау қалаларында да қомақты қарыз қордаланған.
Коммуналдық кәсіпорындарда да қарыз шашетектен. Айталық, «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнының қарызы – 334 млн теңге. Кәсіпорын салыққа 76 млн, еңбекақыға 19 млн көлемінде қарызға батып отыр. Дәл осындай «Атбасар су» кәсіпорнының қарызы 211 млн теңгеге жеткен.
Ерте көктемнен ел назарын аударып отырған жылу беру мәселесінде көңіл демдейтін жақсылық та аз емес. Мәселен, облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылында жаңа жылу беру жүйесі тартылуда. Жоба жүзеге асқан кезде қосымша 110 тұрғын үйді қамтиды. Оның 30-ы көппәтерлі үй болса, 80-і жекеменшік үйлер. Сондай-ақ бұрын жылу тапшылығын сезініп келген 23 әлеуметтік-мәдени нысандардың да мәселесі шешілмек. Жылу жүйесін тартуға 736 млн теңге қаражат бөлінсе, оның 637,5 млн теңгесі игерілген. Әйтсе де бұл арада тағы бір қиындықтың құлағы қылтияды. Мәселен, қазандықтың қуаты жылу жүйесіне жаңадан қосылған нысандардың бәрін жеткілікті жылумен қамтамасыз етуге қауқарсыз. Осыдан барып қосымша қазандық орнату мәселесі туындап отыр. Жаңа жобада жылу ойдағыдай болуы үшін 4 қазандық орнату көзделген. Тығырықтан шығу үшін мазутқа жұмсалатын ақшаны үнемдеу арқылы қол жеткізуге болады.
Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласы соңғы 20 жылдан бері орталықтандырылған жылу жүйесі мәселесін оңынан шеше алмай келген болатын. Көпқабатты тұрғын үйлердің қайсыбірі қолдан салынған пеш арқылы жылытылатын. Биыл облыстық бюджеттен 250 млн теңге бөлініп, жаңа қазандық салынды. Қазір соңғы жұмыстары жүзеге асырылуда. Ерейментау ауданында да №5 қазандық жаңғыртылуда. Бірнеше көшеге жылу беру жүйелері тартылды.
Сөз соңын шиырып айтқанда, облыстағы көптен бері қордаланып қалған осы салаға қатысты мәселелер мемлекеттік бағдарламалардың шарапатымен жақсарып қалды. Қазір тұрғындар «кәрі құда» келгенде қысылмаймыз» десіп отыр.
Ақмола облысы