Мейірімді жандардың игі істері адамзатқа аса ауыр сын түскен сәтте де толастамады. Әлеуметтік арақашықты сақтау, мейлінше үйде отыру секілді қатаң талаптарға қарамастан, ерікті азаматтар қолынан келген көмектен аянып қалған жоқ.
Қоғамдағы соңғы оқиғалар дүние жүзіндегі волонтерлік қозғалысқа жаңа серпін бергендей. Оған атқарылған толағай еңбек дәлел бола алады. Мемлекет басшыларынан бастап барлық сарапшылар арамыздағы мейірімді жандардың пандемия кезінде атқарған жұмысы мен күреске қосқан үлесін жоғары бағалап, алғысын жаудырды. Расымен, қоғам қыспақта қалғанда азаматтық ұстанымы нық, моральдық құндылықтары жоғары азаматтардың риясыз әрекеті сүйсіндіреді.
Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық белді мінберлердің бірінен волонтерлердің ерен еңбегін БҰҰ шеңберінде ескеруді, атап айтқанда волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялауды ұсынды. Жалпы, мұндай бастаманың логикалық сипаты бар екенін аңғару қиын емес. Өйткені БҰҰ «Волонтерлер жылын» осыған дейін де атап өткен еді. Ал дәл келесі 2021 жылдың осы мақсатқа арналуы неге қисынға келетінін қарап көрелік.
Ұйым алғаш рет 2001 жылды «Халықаралық волонтерлер жылы» деп жариялап, қозғалыстың қоғамдағы орнын бекітуге және одан әрі дамытуға септігін тигізген-ді. Бұл бастама бүкіл әлемде өз уақытын басқаларға қызмет етуге арнаған миллиондаған жанның жетістігін атап өтуге, өзгелерді волонтер болуға шақыруға, мәртебесін бекітуге, өзара қарым-қатынасын орнатуға және ынталандыруға бағытталған.
Бір жылдық жұмыстың нәтижесінде ұйымдастырушылар волонтерлік қозғалысты жаһандық деңгейде жаңғырту мүмкін болғанын атап айтты. «Өзгелерге көмектесемін деген риясыз тілекті жүйелей білсек, бейбіт әлем құрамыз. Біріккен Ұлттар Ұйымы мұраттары осы волонтерліктің негізінде қаланған» делінген ұйымның мәлімдемесінде. Бұл халықаралық беделді ұйымның құндылықтары қарапайым адами қасиеттерден құрылатынын байқатады. Ал кез келген қоғамды ізгі ниет алға жетелейтіні сөзсіз. Осы ұстанымды ту еткен мемлекеттің де тасы өрге домаламақ.
2001 жылы 120-дан астам ұлттық комитет әлемнің 200 қаласында волонтерлікті ілгерілететін ауқымды жобаларды жүзеге асырды. Бұл қозғалысты адам тіршілігінің бір бөлігі ретінде қалыптастыруға дәл осы жыл үлкен серпін берді. БҰҰ қайырымды істі қоғамдағы кедейлікті, әлеуметтік теңсіздікті жоюға бағытталған кез келген стратегияның ажырамас бөлігі деп бағалайды. Бұл ретте елімізде биылғы жылдың «Волонтер жылы» деп жарияланып, осы бағыттағы жұмыстардың артуы үлкен мәнге ие.
Сондай-ақ 2001 жылдың қазан айында Франция, Германия, Испания және Ұлыбританияда еріктілерді қолдау үшін заңнама қабылданған. Ал Аргентина, Колумбия, Эквадор, Мадагаскар, Мозамбик, Непал, Сенегал және Танзанияда жаңа заң жобалары ұсынылған. Волонтерліктің экономикалық үлесін зерделеуге арналған «Волонтерлік өлшемі: практикалық құралдар жинағы» зерттеу нұсқаулығы әзірленген. Бұл құжат Ботсвана, Қытай, Лаос, Қазақстан және Моңғолияда қолдануға бейімделіп жасалған екен. Камбоджа, Мадагаскар, Намибия, Шри-Ланка және Танзанияда еріктілік бойынша зерттеулер жүргізіле бастаған. Байқағанымыздай, 2001 жыл волонтерлік қозғалысты заңнамалық тұрғыдан негіздеп, қоғамдағы беделін арттыруға көп көмектескен.
Тура он жылдан кейін волонтерлер үшін тағы ерекше кезең басталды. Еуропалық комиссия 2011 жылды аймақтағы «Волонтерлер жылы» деп жариялап, Еуропа елдеріндегі қозғалысты қайта жаңғыртты. Сонымен қатар БҰҰ «Халықаралық волонтерлер жылы +10» деген жалаумен он жыл бұрынғы бастаманы қайта қолға алды. Бұл жолы 2001 жылғы қабылданған жобалар пысықталып, алдағы жоспарлар анықталды. Осылайша келесі 2021 жыл БҰҰ бастамасы үшін тағы бір мерейтойлық меже болып тұр.
Мемлекет басшысының келесі жылды «Халықаралық волонтерлер жылы» деп жариялау туралы ұсынысы қай жақтан қарасақ та ойға қонымды. Ал Қазақстан бұл мәселеде дамыған елдермен терезесін теңестіріп, халықаралық қауымдастықтың белсенді мүшесіне айналып келеді.