Жастардың пандемия кезінде көп нәрседен құр қалғанын айтып жүрміз. Соның ішінде білім алу мәселесі ең өзектілерінің бірі болып тұр. Олай дейтініміз, оқу орындарындағы онлайн білімге көңілі толмай, қосымша білімді сырттан іздеп жүрген жастар көп. Сұраныс бар, енді соны қанағаттандыратын жобалар көбейсін деген едік. Курстар да көп күттірмеді.
Жастардың заман талабына сай білім алуы қазір университеттегі оқумен шектелмейді. Қазір кәсіби біліммен қатар өзін-өзі дамыту бағытындағы ақпарат құнды болып тұр. Кім не десе де, жалғыз саладағы біліміңмен бәсекеге қабілетті бола алмайсың. Барлық жұмыс беруші жан-жақты білікті, бесаспап маман іздейтін болған. Осы ретте жастар қосымша курстарда жаңа дағдылар үйреніп, өздерін жетілдіруге тырысады. Отандық жастар ұйымдарының да бұл бағытта жаңа жобалар бастап, аумалы-төкпелі кезеңде жас азаматтардың уақытты тиімді өткізуіне сеп болып жатқандығы қуантады.
Осындай бастамалардың бірін өткен айда Jas Otan жастар қанаты бастап кетіпті. «Сана» деген атпен бастау алған тұлғалық даму мектебінің виртуалды есігі барлық жастағы азаматтарға ашық екен. Үш айға жоспарланған онлайн оқыту 3 бағыт бойынша жүзеге асады: шешендік өнер, көшбасшылық пен эмоционалды интеллект және интернет маркетинг. Бұл тың тақырыптардың бүгінгі заманға сай мамандарға керек екені айтпаса да түсінікті. Себебі біз жаңа көшбасшылардың технологияны жетік меңгергенін, әлемдегі соңғы жаңалықтардан хабардар болғанын және заман көшімен қатар жылжығанын қалаймыз. Технология дәуірінде әлем адам айтқысыз жылдамдықпен өзгеріп келеді. Ал сол өзгерістерге ілесе білгендер ғана бәсекеге қабілетті болмақ.
Jas Otan-ның болашақ саяси көшбасшылар мен мемлекеттік қызметкерлер баулудағы тәжірибесін ескерсек, бұл қадам сол жастардың жан-жақты болуына әсер етер еді. Жалпы, жобаға қатысуға 2700-ден астам адам ниет білдірген екен. Соның ішінде 1700-ден астам қатысушы қазақ тіліндегі курстарға жазылса, 970-ке жуығы орыс тілінде білім алады. Жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев оқу бағдарламасына енген бағыттар жастардың сұранысына сай екенін айтады.
«Негізгі мақсатымыз – жастарды қазіргі қоғамға, өмір салтына керекті менталдық дағдыларға үйрету, ойын ашық, тиянақты жеткізіп, бойында бар көшбасшылық қабілетін ашуға көмектесу. Қазіргі жастардың сұранысына толығымен жауап беретін бағыттарды қамтуға тырыстық. Сонымен қатар әр модуль бойынша елге танымал тұлғалар қонаққа келіп, тәжірибесін ортаға салады. Сабақ онлайн оқытылады, сол себепті қатысам деушілердің жасына, тұрып жатқан жеріне байланысты ешқандай шектеу жоқ», деді Е.Бейсенбаев.
Әр модуль соңында үй жұмысын үзбей орындап, сабаққа үздіксіз қатысқан жастарға мектеп атынан сертификат табысталады екен.
Онлайн немесе қашықтан оқыту білім беру саласының болашағы екенін сарапшылар бұрыннан айтып келеді. Ағылшынша EdTech немесе білім беру саласындағы технология бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін көрсеткендей. Пандемия салдарынан дүние жүзінде дәстүрлі білім беру мүмкін болмаған тұста онлайн оқыту көмекке келді. Осыған дейін технологияның бұл мүмкіндігіне немқұрайды қарап келген білім ордалары үлкен қиындықтарға тап болғаны жасырын емес. Қазір мамандар онлайн оқыту саласының қарқынын 165 млрд долларға бағалап отыр, ал бес жылдан кейін бұл көрсеткіш екі есе өсетінін алға тартады. Жалпы, онлайн курстар нарығы көптеген елде қатар дами бастады. Мәселен, 2012 жылы АҚШ-та Coursera платформасы пайда болды. Сол жылдары көршілес Ресейде де қазір халықаралық дәрежеде мойындалған жобалар іске қосылды. Әзірге салада америкалық оқыту алаңдарының танымалдылығы жоғары болып тұр. Дегенмен мамандар Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің потенциалын жоғары бағалайды. Оның ішінде Қытай мен Үндістанның технологиялық жетістіктеріне әлем таңғалуда. Аймақ 2016 жылы Батыс Еуропадан озып кеткен. Ал 2018 жылы Қытай жобаларына құйылған инвестиция көлемі АҚШ-тан да артық болған. Электронды оқытуға Африка елдері де бет бұра бастаған. Бұл әлемдік үрдіс біздің елімізді де айналып өтпеді. Биылғы оқиғалар елдегі онлайн оқыту саласының төмен деңгейін ашық көрсетті. Жоғары оқу орындарынан бөлек, Қазақстан жастарына қысқа курстарды қазақ тілінде үйрететін онлайн оқыту платформалары қажет-ақ.
Қазір бастысы салада бәсеке қалыптастыру үшін осындай бастамаларға қолдау білдіру маңызды. Ал жастарды жаңа форматқа бейімдеу өзекті болып тұр. Жоба авторы Әйгерім Серікжанова неге дәл осы бағыттардың таңдалғанын айтып берді.
«Қазір көбі интернетте ұзақ уақыт өткізгендіктен, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын ұмытып барады, көбі қысылады. Ал жастар үшін әлеуметтік қарым-қатынас орната білу өте маңызды. Сол себепті шешендік өнер курстарын қосуды ұйғардық. Соңғы жылдары эмоционалды интеллект ұғымы көбірек айтылып жүр. Бұрынырақта IQ-ға көп мән беретін едік, ал қазір эмоция маңызды болып тұр. Мықты көшбасшы – өз эмоциясын басқара алатын және өзгелердің сезімін түсіне білетін адам», дейді А.Серікжанова.
Ал интернет маркетинг курстары технология ғасырында өмір сүретін әрбір жас игеруге тиіс сала болып қалды. Қазір қандай тірлік жасасаң да, интернет не әлеуметтік желіде айтып отыруың міндетті болып қалды. Былайша айтсақ, цифрлық ізіңді қалдырып кету керек. Жастармен жұмыста соңғы технологияларды қолдана білу – кез келген бастаманың табысты болуының кепілі. Білім мен технология жайлап егіз ұғымға айналып бара жатқанда, мүмкіндіктерді жіберіп алмау маңызды.