• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Хоккей 30 Қыркүйек, 2020

«Барыс» мұзайдынға қашан оралады?

86 рет
көрсетілді

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын елорданың «Барыс» клубы хоккейшілерінен коронавирус індеті табылып, команда екі апталық карантинге жабылған болатын. Карантин мерзімі 1 қазанда аяқталып, үш күннен кейін Санкт-Петербургтің СКА клубымен мұзайдынға шығуы тиіс. Алайда өткен жұма күні «Барыс» құрамындағы тағы бірнеше ойыншыдан вирус шыққаны белгілі болған соң, отандық БАҚ-тарда қазақстандық команданың карантинге жабылуы мүмкін екені айтылып жатыр.

 

Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен дәстүрлі бри­фингте Денсаулық сақтау минис­трлігінің ресми өкілі Бағдат Қожах­метов 17 қыркүйекте «Ба­рыс» хоккей командасының 11 ада­мында COVID-19-дың бар-жоғын анықтау үшін тапсырған тест оң нәтиже көрсеткенін хабар­лады. Кейіннен 22 қыркүйекте бай­ланыста болған 29 адамды тек­серу кезінде команданың тағы 8 мүшесінде инфекция анықталды. Сөйтіп барлығы 19 адамнан коронавирус табылғаны белгілі болды. Олардың ішінде тек ойын­шылар ғана емес, бапкерлік құрам­ның өкілдері де бар. Барлығы қазір амбулаториялық жағдайда ем қа­был­дап жатыр екен.

ҚХЛ басшылығы осы мәселеге байланысты «Барыстың» ойындарын кейінге шегеру туралы шешім қабылдады. Елорда командасы жарысты «Номад» клубының ойыншыларымен де жалғастыра беруге болар еді, алайда негізгі құрамның бапкерлері де індетке шалдыққан соң матчты кейінге шегеруге мәжбүр болған. Бірақ ҚХЛ «Барысқа» 1 қазаннан кейін мұзайдынға шығуы тиіс екенін ескерткен. Қазақстандық коман­да карантинге байланысты тұрақты біріншілікті уақытша жал­ғастыра ал­майтын болса, тех­никалық же­ңіліс берілетінін де қадап айт­қан.

Ал «Барыс» клубының баспа­сөз қызметінің жетекшісі Евгений Акманов 4 қазанда тұрақты бірін­шіліктің бекіткен кестесіне сәй­кес СКА командасымен мұзай­дынға шығуға дайындалып жат­қанын жеткізді. Бірақ ресейлік команданың да бірқатар ойыншысы коронавирусқа шалдыққан. СКА да матчтарын фарм-клубын­дағы жас хоккейшілерімен өткізіп жүр. Осылайша, «Барыс» ойын жоспарланған мерзімде өтеді деп үміттенгенімен, матчтың өтпей қалуы да мүмкін. Оның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, екі клубтың бі­рінде ойынға дейін вирус белең алса, матч кейінге шегерілуі әбден мүмкін. Екіншіден, СКА командасы Қазақстанға келуден бас тартуы немесе түрлі себептермен келмей қалуы да ғажап емес. Үшіншіден, «Ба­рыс» дәлелді себептермен ко­мандалық карантинді ұзартып, матчты ойнаудан бас тартып, тех­ни­калық жеңіліске келісім беруі ықтимал. Өйткені «Барыста» күн­тізбенің тығыздығына байланыс­ты, қалған кездесулерді кейінге ше­геруге енді мүмкіндік жоқ. Осы және басқа да себептермен елор­да командасына белгіленген мер­зімде мұзайдынға оралмау қаупі туындап тұр.

Айта кетейік бұған дейін «Ба­рыстың» кейінге шегерілген алты матчының төртеуінің уақыты бел­гілі болды. Яғни «Сочимен» кез­десу 28 қазанға, «Кунлуньмен» болатын ойын 19 желтоқсанға жəне «Металлурпен» матч  2021 жылдың 3 ақпанына жоспарланған. Ал 3 қа­рашада «Барыс» елордада Ри­ганың «Динамосын» қабылдауы тиіс.

«Барыс» командасы ҚХЛ-дің биылғы маусымында ка­ран­­тинге дейін алты кездесу өт­кізіп, 7 ұпаймен «Шығыс» кон­ференциясында тоғызыншы орында, Чернышов дивизионында төртінші орында келе жатыр. Қазіргі таңда жерлестеріміздің еншісінде екі жеңіс және төрт жеңіліс бар. Оның үшеуінде овер­тайм және буллит сериясында қарсыластарына есе жібер­ген. Тұрақты лиганың би­ыл­ғы тұсаукесер кездесуінде «Барыс» хоккейшілері Риганың «Дина­мосынан» және төртінші турда Қы­тайдың «Куньлунь Ред Стар» клу­бынан 3:2 есебімен айласын асыр­ған болатын. Елорда ұжымы алты кездесуде қарсыластар қақ­па­сына жалпы саны 16 шайба соғып, өз қақпасына 19 гол өткізіп алған.