Бұл күндері Францияның бас шаһары – Парижде теннистен «Үлкен дулыға» санатындағы «Ролан Гаррос» жарысы өтіп жатқаны белгілі. Жарысты бес теннисші болып бастаған қазақстандық спортшылардың саны екінші айналым алдында біреуге қысқарды.
Әлемдік рейтингте 76-орынға жайғасқан жерлесіміз Зарина Диас Франция ашық чемпионатындағы тұсаукесер кездесуін рейтингте 35-орында тұрған Тунис спортшысы Онс Жабермен өткізіп, жеңіліп қалды. Үш сетке созылған бәсекенің алғашқы партиясында Диас 6:4 есебімен сенімді жеңіске жетіп, жарысты сәтті бастаған еді. Алайда кейінгі екі сетте 6:3, 6:1 нәтижесімен қарсыласына есе жіберіп, «Ролан Гаррос» турнирінің жекелей жарыстағы өнерін аяқтады. Десе де отандасымыз жұптық бәсекелерін жалғастырады.
Айта кетейік, халықаралық додаға қатысып жатқан өзге жерлестеріміз алғашқы айналымды сәтті бастап, екінші кезеңге жолдама алды. Бұл кезеңде Юлия Путинцева аргентиналық Надей Подороскамен, Александр Бублик италиялық Лоренцо Сонегомен және Михаил Кукушкин испаниялық теннисші Педро Мартинес Портеромен бақ сынайды.