Алтайдан Атырауға дейінгі ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын сайын даланы кімдер мекен етпеген. Соның ішінде қазақ даласының қасиетін ұғып, халқының қадірін білетін өрелі азаматтар да аз емес. Бір-біріне бауырластырып, туыс етіп жіберген риясыз шынайы көңілі мен өзгеге деген құрметі әрі сыйластығы.
Әлихан Аразов 1980 жылдардың басында ағасы Темірхан екеуі сонау Дағыстаннан келген. Басты мақсат – қолайлы кәсіп іздеу. Әуелі құрылыс саласында жұмыс істепті. Бұрынғы Көкшетау облысының Чистополь ауданында тұрғын үйлер салған, мал қораларын көтерген. Жергілікті жұртпен тонның ішкі бауындай араласып кетуі сол тұстан басталса керек. 1983 жылы Целиноград инженерлік құрылыс институтын тәмамдап, осы саланың білікті маманына айналған. Қазақ даласы көңілінен шыққан соң ірге теуіп, жұбайын көшіріп әкеліпті. Өзінің айтуына қарағанда, жергілікті жұрттың ақ пейілі, кең құшағы, ақжарқын мінезі әбден шыққан.
– Алғаш келгенде жатырқағанымыз да рас, кейін әбден бауыр басып кеттік. Мені таңғалдыратыны қазақтың кең пейілі, – дейді Әлихан Әлифханұлы, – біздің дағыстандықтар да қонақжай, мәрт халық қой, ал қазақтардың жомарттығы он есе артық. Бірде біз құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан елді мекенде ауыл ақсақалы омыртқаға шақырды. Осындай дәстүр бар екен. Табақ-табақ етті көргенде, мынадай мол тағаммен жүздеген адамды шақырып, үлкен той өткізуге болар еді ғой деп ойладым. Дәм үстінде дәстүрдің мазмұнын сұрадым. Сонда ауыл ақсақалы маған былай деді: «Адамның да, жан-жануардың да он екі мүшесі болады. Соның бәрін біріктіріп тұратын омыртқа сүйегі. Егер ол болмаса, қыбырлауға шамасы келмей, бос қалар еді. Біз де бірлігіміз бекем болсын деп бір-бірімізді дәмге шақырамыз. Омыртқа сөздің сырағысы, адал дәм дәл сол омыртқадай ағайын-туыстың, жора-жолдастың біріктіруші күшіне айналдыратын ас».
Өздері суын ішіп, сұлулығына сүйсінген өлкенің бай дәстүріне қызыққаннан соң ұл-қыздарын қазақ тілінде оқытуға бекінген. Ешкімнен кем болмапты. Жоғары оқу орнын аяқтаған. Қазір сөйлеген сөздеріне қарап, дағыстандықтар деп ешкім де айтпайтындай. Қазақтың қара сөзінің қаймағын айырып, кестелеп сөйлейді.
Қазақтар қара шаңырақты қатты қадірлейді екен деседі олар. Өздері де ұлы мен келінін алысқа жібермей, бір шаңырақтың астында күн кешуде. Ата-анасын құрметтеуге келгенде жұмыр жердің бетінде қазақтан асқан халық жоқ шығар деп қояды.
– Шынында да, кейін жергілікті халықтың дәстүрін ұғынған сәтте «бір күн дәмдес болған адамға, қырық күн сәлем» дейтұғын мақалдары барын естіп, адамдарды дәм біріктіріп, басын қосатындығын ұғындық, – дейді Әлихан Әлифханұлы, – 35 жыл ауылда тұрғанда, жергілікті ұлттың сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан ғажайып салт-дәстүрін етене жақын ұғындық. Ауыл дегеннің өзі бейнелеп айтқанда, үлкен бір отбасы тәрізді. Қуаныш ортақ, қайғының жүгін де бірлесіп көтеріп алады. Өмір болған соң шаттық пен өкініш қатар жүретіні бар емес пе. Біз де солай күн кештік. Ауылдық жердегі мінез басқаша. Бір-біріне көмек қолын созуға ұмтылып тұрады. Ол үшін ешкімнен ақы сұрамайды, міндет етпейді. Біз де солай болдық. Бәлкім, сол қылығымызбен жаққан шығармыз. Ешкім бізді түрің бөлек, ұлтың басқа деп кеудемізден итерген жоқ, қайта ыстық ықыласымен жанымызды баурап, өздеріне тарта білді. Менің ойымша, ұлттың ұлылығы да осы қасиетінде.
Тұла бойы тұңғыштары Фуад пен екі қызы осы жерде дүниеге келіпті. Қазір олар қазақ топырағын өздерінің кіндік қаны тамған Отандары санайды. Өтпелі кезеңде құрылыс жұмыстары кілт тоқтап қалған соң жеке шаруа қожалығын ұйымдастырған. Табын-табын мал өсіріпті, игілігін де көрген. Сол табысын жеке өздерінің басына ғана жаратпай, «көппен көрген ұлы той» деп, ел ішіндегі шаруадан шет қалмаған сыңайлары бар.
– Біз Наурыз, Құрбан айт мейрамдарын ел болып атап өтеміз, – дейді жұбайы Ревая Ғасанбекқызы, – соғым союды үйрендік. Қазақтар тәрізді алпыс күн жемдеп, бар рәсімімен жұмсап. Ауылдағы келіншектерден шұжық жасауды үйрендім. Сере шыққан қазыны айналдыратын болдым. Соғым сойған қазақтар тәрізді бар дәмдісін қонақтарға сақтап қоюға дағдыландық. Жергілікті жұрт асының бар дәмдісін мейманға арнап, өздері азға қанағат етеді. Бір таңғаларлық мінездері сол. Ең алдымен өзінің бала-шағасы емес, келер-келмесі кім екендігі белгісіз қонақ разы болуы керек. Жомарттық демей, не дейсің?!
Жұбайының айтуына қарағанда, ауыл адамдарымен дәмдес болу, шаңырақтағы сәл ғана қуанышты сылтау етіп ыдыс-аяқтың араласуы, тастай батып, судай сіңуге себеп болса керек. Өздері де омыртқаға шақыруды дәстүрге айналдырған. Жергілікті жұртпен дәм біріктіріп тұрсын деп. Алғаш келгенде естіген омыртқа туралы тәмсілі өмірлік қағидасына айналыпты.
Қазір Аразовтар отбасы жергілікті ұлт дәстүрін жете білгендерінің арқасында Көкшетау қаласындағы жора-жолдас, ата көршілерімен де бір туған ағайындай сүттей ұйыған ынтымақта күн кешуде.
КӨКШЕТАУ