Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті онлайн режімде "Қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдырудың тиімді жолдары" тақырыбында семинар-кеңес өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысы өткен жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру жөнінде міндет қойған болатын. Президент бұдан әрі: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деп атап көрсетті.
Жоғарыдағы екі бағыт аясында ұйымдастырылған семинар-кеңес Президенттің «Ана тілі» газетіне берген сұхбатынан туындайтын «Қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдау» туралы тапсырмасын жүзеге асыру және қазақ тілін елдегі ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру бағытындағы ұсыныстарды талқылау, шешу жолдарын айқындауды алдына мақсат етіпті.
Жиын барысында Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба: «Әңгімеміздің негізгі өзегі – мемлекет басшысының жоғарыда аталған идеясын жүзеге асыру жәйі болмақ. Тіл тағдырын отыз жыл бойы талмастан айтып келеміз. Егер осы бағытпен жүре берсек, елу, не жүз жыл өтуі мүмкін, бірақ бәрібір заңдарымызды мемлекеттік тілде жазбаймыз. Сонда кімге қарайлап жүрміз? Бүгінгі бүлдіршіндеріміздің қолында басқа тілді контент жүргеніне кімді айыптауға болады. Олар ертең кім болып өседі. Бұл – ұлт қауіпсіздігі мәселесі. Ресми түрде іс-қағаздар мен жиналыстар мемлекеттік тілге көшкен. Есеп бойынша солай. Егер солай болса, аударма не істеп жүр? Яғни құжаттардың бәрі әуелі орысша дайындалады да, соңынан қазақ тілі жүгіріп жүреді деген сөз. Мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру – тек қазақтардың ғана мәселесі емес, еліміздің әр азаматының атсалысатын мәртебесі» деп жиынның беташар сөзін айтты.
Одан кейін онлайн бас қосу Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың кіріспе сөзімен басталып, арықарай республикалық этно-мәдени орталықтардың жетекшілеріне сөз тізгіні тиді. Алғашқы болып пікір айтқан Павлодар облыстық еврей этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Татьяна Сливинская ел тұрғындарының жетпіс пайыздан астамы мемлекет құраушы ұлт өкілдері, сол көпшілік азшылыққа үлгі болса деген ой айтты.
«Ватра» Украин мәдени орталығының төрағасы Тарас Чернега «Халықты біріктіретін – бірлік пен ортақ жалпы құндылықтар. Соның ең ішіндегі ең маңыздысы – мемлекеттік тіл» десе, «KAZAKH INVEST»ҰК» АҚ баспасөз хатшысы Николай Путилиннің сөзі мыңдаған қазақстандық жастардың жүрек толғанысын жеткізгендей болды: «Мен үшін қазақ тілі – жай ғана тіл емес. Мен үшін бұл – өмірге жол ашқан байлығым. Жиырма төрт жасымда бірнеше телеарналарда, соның ішінде республикалық телеарналарда, мемлекеттік органдарда жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдым. Қазір мен ұлттық компанияның баспасөз хатшысымын. Мұның бәрі қазақ тілін білудің арқасында. Егер бір ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, әділет және ақиқат жоғалып, жалпы халық жойылуы мүмкін. Мұндай жағдай туындаудан бұрын қатердің алдын алу өте маңызды. Еліміздің әрбір азаматы бұл сөздің маңыздылығын, тереңдігін түсініп, сөзден нақты іске, яғни тілді үйренуге көшсе. Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар!» деді ол
«Ахыска» түрік этно-мәдени орталығының төрағасы Әскер Пириев өзі куә болған оқиғаны айтып берді. Яғни, Қазақстанға іскерлік байланыс орнатуға келген еуропалық бір азамат қазақ тілін білмей тұрған кәсіпкермен жұмыстас болудан бас тартыпты. Себебін сұраса, туған елін қадірлемейтін адам ешнәрсенің қадірін ұға алмайды, қасиетсіз адамдармен кәсіп құру қауіпті деген екен.
Сондай-ақ, алматылық азамат Евгений Демиденконың пікірінше, тіл үйрету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға ешқандай шек жоқ, бірақ жастар арасындағы насихаты жеткіліксіз. Тілді қадағалайтын құзырлы орындар құрып, талапты күшейту жөнінде пікірлер айтылды.
Кездесу соңында нақты ұсыныстар мен пікірлер ескеріліп, республика жұртшылығына үндеу жарияланды. Сондай-ақ этнос өкілдері Президенттің мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру идеясын жүзеге асыру мақсатында тіл комитеті қасынан құрылған «Тіл қорғандары» онлайн тобына қосылып, қазақ тілінің беделін арттырып, мәртебесін көтеруге қатысуға ниет білдірді.