Құс қанатына ілескен індетке тоқтау жоқ екен. Шалғайдағы Жарқайың ауданының Шойындыкөл ауылында басталған індет бірте-бірте тарап келеді. Қазірге дейін 1100-ден аса үй құсы қырылып қалды.
Вакцина егу жүріп жатыр. Барлығы 510 мың доза дәрі бөлінген. Шойындыкөлде ауру құстарды жою аяқталды. Облыстың 20 елді мекенінде індеттің салдарынан құстардың өлу оқиғасы тіркелді. Бес ауыл карантинге жабылды. Облыс орталығының іргесіндегі Қарлыкөл ауылында 400-ден астам құс қырылып қалды. Ауыл тұрғындары үшін үлкен шығын. Бұл елді мекен карантинге жабылды. Ауыл тұрғындары мен мамандар кездесу өткізіп, жұмыс тәртібін түсіндірді. Ауылдағы ағайын өтемақы мәселесіне алаңдап отыр.
– Менің ауламда 39 қаз бен 35 тауық өліп қалды. Қазір әр құсқа қанша өтемақы төлейтінін біле алмай отырмыз. Нарықтық бағаға сай болса жақсы болар еді, – дейді Қарлыкөл ауылының тұрғыны Алма Ахметова.
Бұлақ ауылдық округінің әкімі Оралбек Бекішевтің айтуына қарағанда, құстары қырылып қалған адамдардың барлығына арнайы есепшот ашылған. Орташа бағамен өтемақы төленетіндігі түсіндірілген. Болжам бойынша, карантин кем дегенде 21 күнге созылмақ. Індет жайлаған өлкеден құстың етін, жұмыртқасын шығаруға болмайды. Ауылдардың кіре берістеріне бекеттер қойылған. Маңайы жыртылып жатыр. Бұл көлік қозғалысын шектеу үшін жасалып жатқан қадам. Карантин жарияланған ауылдардың адамдары бір жол арқылы ғана кіріп-шыға алады, барлық көлік есепке алынады, тексеріледі.
Бүгінгі таңда облыстың 15 елді мекенінде құс тұмауы расталып отыр. Індет жайлаған ауылдарды карантинге жабу жұмыстары қолға алынған. Бір аптада 2 210 үй құсына екпе жасалды. Әйтсе де жабайы құстың қанатына жармасқан індеттің ізін шалып, тосқауыл болу қиын болып тұр.
Ақмола облысы